Аймақтар • 13 Тамыз, 2019

Ауыл шаруашылығы – бизнестің бір көзі – дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин

1393 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ақтөбе бұған дейінгі жылдары еліміздегі аграрлық өңірлердің қатарынан саналатын. Дегенмен, тәуелсіздік жылдарында өңір экономикасында өндіріс пен өнеркәсіптің үлес салмағы әжептәуір алға шығып, ауыл шаруашылығы солардың шаңын қауып қалғандай ахуал орнықты. Мұның басты дәлелі ретінде бүгінде аталған саланың өңір экономикасындағы үлесі небәрі 5 пайыздың төңірегінде екенін айтсақ та жеткілікті.

Ауыл шаруашылығы – бизнестің бір көзі – дейді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин

 

Сондықтан да қазіргі таңда облыс­та ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге дейін көтеру мақсаты алға қойылып отыр. Бұл үшін 2025 жылға дейінгі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағ­дар­ламасы қабылданды. Осы арнайы бағдарламаның шеңберінде алдағы жылдары жалпы құны 200 миллиард теңгені құрайтын 200 жобаны жүзеге асыру көзделген. Сөз жоқ, бұл – аса ауқымды іс. Осы орайда, ауыл шаруашылығы са­ласы ауқымындағы инвестициялық тартылымдықты одан әрі тереңдету шаралары белгіленді. Бүгінгі таңда өңідің жергілікті атқарушы органдары «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып, шетелдік инвесторларды аталған саладағы жобаларға тарту жұмыстарын қарастырып отыр.

Бейнелеп айтар болсақ, ауыл шаруа­шылығын қос қанатты сала десе де болады. Яғни, оның бір қанаты егін, өсімдік, бау-бақша шаруашылығы десек, екінші қанаты мал шаруашылығы болып саналады. Өңірдегі егістіктің жай-күйіне келер болсақ, қазіргі күні оның көлемі 650 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылғы деңгейден 11 пайызға артық. Сондай-ақ мұның өзі республиканың батыс өңіріндегі ең жоғарғы көрсеткіш екенін айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, облыста дәнді дақылдардан мол өнім алудың барлық тәсілдері ойластырылған. Әрі қазіргі заманауи озық техникаларды пайдалана отырып, нар тәуекелге негізделген жер жағдайында әр гектардан алынатын өнім мөлшерін кемітпеудің барлық жолдары қарастырылған.

Ал облыста мал шаруашылығын өркендету ісінің жай-күйіне келсек, бұл бағытта ортаға салар ойлар да, бірлесіп атқаратын істер де жеткілікті. Сондықтан да бүгінгі әңгімеміздің бас­ты желісін осы арнаға қарай бұрғанды жөн көріп отырмыз. Оның үстіне өткен сәрсенбінің сәтті күні Мәртөк ауданындағы «РадАгро» ЖШС-нің базасында «Ақтөбе» облысында мал шаруашылығы, мал азығы және көкөніс өндірісінің дамуы» деген тақырыпта көшпелі семинар өткізілген болатын. Осы алқалы жиын үстінде айтылған ұтымды ұсыныстар саланың бүгіні мен ертеңі жөніндегі түйінді мәселелерді одан әрі ширатуға септігін тигізеді деуге болады.

Тұтастай алғанда, биылғы жылдан бастап облыста осындай бағыттағы салалық семинарларды өткізу үрдіс пен тәжірибеге енгізіле бастады. Мұ­ның қажеттілігі неде? Бұл сауалға Мәр­төк ауданының Кеңсахара ауылында өткізілген көшпелі семинардың басында сөз алған Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин толыққанды жауап қайтарды. Өңір басшысының айтуынша, сала өкілдерінің осындай бас­қосуының екі жақты пайдасы мен тиімді тұстары бар. Біріншіден, шараны осылай ұйымдастыру арқылы мал өсіру ісіндегі ақпараттандыру жүйесінің ауқымы мен өрісін кеңейту мүмкіндігі туады. Екіншіден, осы арқылы өзара тәжірибе алмасуға да кең жол ашылады. Әрі ауылда жасақталған аудитория ауылшаруашылық құрылымдары мен қаржы институттарының жүздеген өкілдерін, ауыл, аудан әкімдері мен облыстық басқармалар басшыларының басын қосқанын ескерсек, оның ықпал ету аумағы алдағы уақытта одан әрі кеңейе түспек.

Семинар кезінде көңілге қонымды болған бір жағымды жайтты айта кеткен жөн. Бұл ең алдымен ұсақ, қатардағы шаруашылық иелеріне көп пайдасын тигізе алғандығы. Айталық, жеке ша­руашылықпен айналысуды жаңа бастағандардың арасында субсидияны қалай алу мен пайдалану тәртібін білмейтіндердің кездесуі әбден мүмкін. Осы сипаттағы сұрақтар қойылған кезде оның бәріне сала жетекшілері мен мамандары тарапынан тайға таңба басқандай анық жауаптар қайтарылды.

Айталық, семинарда Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Мал ша­руа­шылығы департаментінің басшысы Еркебұлан Ахметовтің баяндамасынан кейін оған семинарға қатысушылар тарапынан әртүрлі сұрақтар қарша борап қоя берді. Солардың бірқатары әлгінде ай­тылғандай жоғары салалық өкілетті органдар тарапынан субсидияны өңірлерге қалай төлеу, ауылшаруашылық тауарларын өн­дірушілердің сұраныстарын қалай өтеу тұрғысынан туындады.

Ортаға салынған ой-пікірлерді бір жүйеге түсірген кезде оның жай-жап­сары төмендегідей болып шығады. Рас, мал өсірумен айналысатын шаруа­ қожа­лықтары мен серіктестіктерге суб­сидия төлеу жүйесінде бұған дейін жинақталып қалған түйткілдер жоқ емес. Бұған әсер еткен факторлардың бірі осы кезге дейін демеуқаржы төлеу ісімен шұғылданып келген «Қолдау» институты құрылымының мал шаруашылығы саласына субсидия таратудағы икем­сіздігі, оралымдылық көрсетудің орнына орашолақтық танытқандығы. Сондықтан да биылғы маусым айы­нан ауылшаруашылық өнімдерін өн­­дірушілер үшін субсидиялаудың ақпараттық жүйесі қолданысқа ен­гізілген.

– Бұл тәсіл әрі икемді, әрі оңтайлы. Мұндай жағдайда қағазбастылыққа, сондай-ақ аудандар мен облыс орта­лығына есіл уақытты зая кетіріп қайта-қайта шапқылауға жол берілмейді, – дейді департамент басшысы Е.Ахметов.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының басшысы Құ­сайын Сәрсенбайдың айтуынша, суб­сидия алу үшін өңірдегі шаруа қожа­лықтары тарапынан 4,9 млрд теңгеге сұраныс берілген. Әйтсе де, бүгінгі бірқатар өзгерістерге байланысты бұл сұраныстар көлемі тек күзге қарай қана­ғаттандырылмақ. Ал бүгінге дейін өңір­дегі 309 шаруашылыққа субсидия аударылған. Бүгінде облыста қолдау қаржысын алуға тағы да қосымша өтінімдер түсуде. Бұл сұраныстар қа­на­ғаттандырылса, облыста мал ша­руашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тағы бір негізі қаланбақ. Соның нәтижесінде мал саны мен өндірілетін өнім көлемі де ұлғая түспек.

Мал шаруашылығы өрге басуы үшін ең алдымен құнарлы мал азығын жасақтау мәселесі шешімін табуға тиіс. Семинарда көтерілген басты та­қырыптардың бірі осы төңіректе өрбіді. Бұл жөнінде Мәртөк ауданындағы «Milker» ЖШС-нің директоры бірқатар жайтты ортаға тастады. Аталған отандық кәсіпорын құрама жемді өндіру, өңдеу және сақтау жұмыстарымен айналысады.

– Бүгінде біз құрама жем зауытын салып жатырмыз. Мұндағы басты мақсат – «Айс» компаниясының иелігіндегі малдарды құнарлы азықпен толықтай қамту. Оған қоса, өзімізден артылған өнімдерді шетелдерге экспортқа шығар­мақпыз, – деді ол.

Сарапшы мамандар серіктестікте әзір­ленетін мал азығы сапалық қасиеті мен жұғымдылығы тұрғысынан тауарлы сүт фирмасындағы аналық малдарға қажетті барлық нормалар мен талаптарға толықтай сәйкес келетінін айтады. Бұ­ған дейінгі жылдарда мұндағы мал өсірушілер суарылмайтын, шөлейтті жерлердегі егістік өнімдері мен шөп­терін мал азығына пайдаланып келіпті. Бүгінде тиімділігі төмен мұндай тә­жірибеден толықтай бас тартылған. Шаруашылық жетекшілері жылма-жыл мал санын өсіре келіп соған жеткілікті құнарлы мал азығын әзірлеу ісін бір-бірімен ұштастыра әзірлеуде. Бұдан екі жыл бұрын олар суармалы тәсілмен 1800 гектар алқапқа түйіршіктелген жоңышқа өсіру жөніндегі жобаны қолға алыпты. Оның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ осы жоба шеңберінде 18 заманауи еуропалық стандарттағы суару машиналары сатылып алынған. Жоңышқаны түйіршіктеуге арналған «Каль» атты қондырғының да орны бөлек. Биылғы қазан айының басында іске қосылатын құрама жем зауытының өңдірістік қуаты жылына 16 600 тонна құнарлы өңім шығаруға лайықталған. «Milker» ЖШС-де өңдірілген өнімдер таяу және алыс шетелдерге, соның ішінде Ресей мен Иранға, Батыс Еуропа елдеріне экспортталады деп күтілуде. Бұл жерде ірі және шырынды мал азығын өндіру жұмыстары бір мезгілде қатар атқарылып жатқаны ілкімділіктің белгісі екені анық.

Салалық семинар кезінде облыстағы шағын және орташа салалық құры­лымдар мен көкөніс өсірушілер де ой­дағыдай өнім алып жүргені тілге тиек етілді. Бұл жөнінде Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет айтып берді. Кеңсахара ауылының іргесіндегі «РадАгро» ЖШС мал азығын әзірлеу және өздеріне қарасты алқаптарда арпа, судан шөбі, күздік бидай және суармалы жүгері егумен айналысады. Өсірілген өнімдер негізінен мал азығын әзірлеуге пайдаланылады.

– Мемлекеттен берілетін қаржылай көмек арқылы техникалық жабдықтар мен тыңайтқыштар алуға қол жеткіздік, – дейді серіктестіктің агрономы Мұратбек Әлмұқанов.

«РадАгро» ЖШС аса үлкен ша­руашылық емес екенін айта кетейік. Әйтсе де, олар мемлекеттің қаржылай қолдауымен өз еңбектеріне арқа сүйеп, әу бастағы 50 бас сүтті тұқымды да­ланың қызыл сиырын бүгінде 180 басқа жеткізіпті. Осылайша, күніне 3000 тоннаға дейін сүт өндіруде. Әрі серіктестік мүшелері суармалы алқаптар көлемін ұлғайту арқылы мал азығын әзірлеу көлемін де едәуір көтерген.

Тұтастай алғанда қазір облыс­та суар­малы жер көлемі 30 мың гек­тарға жеткізілген. Бұл көрсеткішке Еуро­палық қайта құру және даму банкінің қара­жаттары есебінен қол жеткізіліпті. 2020 жы­лы тағы да суармалы жерлердің аумағы 10,6 мың гектарға кеңеймек. Сонда 40 мың гектар алқап баяғы ке­ңестік кезеңдегі Ақтөбе облысындағы суармалы жердің көлеміне тең болып шығады. Талас жоқ, бұл қазіргі кезеңде біршама ауқымды іс болмақ.

– Бүгінгі нарықтық қарым-қатынастар кезеңінде ауыл шаруашылығы саласы таза бизнестің өзі. Бұлай деуіміздің басты себебі, саланың басы-қасында жүрген шаруашылық иелері ең алдымен табыс табуы қажет. Олар саланың өздері ыңғайлы деп тапқан түрін өндірістік жолға қою арқылы тұрғындарға жұмыс орындарын тауып берсе, нұр үстіне нұр! Мұның ар жағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мен елі­міздің салықтық әлеуетін көтеруге қо­сылатын үлес те бар. Соның бәрі тұ­таса келгенде, ел бесігі аталған ауыл­дарда табыстың жаңа тасқыны пайда болуына әсер етпек. Бүгінгі семинардың басты мақсатының бірі де ауыл еңбеккерлерін пайдасы мол іске жұмылдыру, – деді көшпелі салалық семинарды қорытындылау сәтінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Біз осы ойлы түйінмен бүгінгі әңгімеміздің нүктесін қойғанды жөн көрдік.

 

АҚТӨБЕ