Спорт • 20 Тамыз, 2019

Сато Иуяа – қазақ күресінің үздігі

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда қазақ күресінің қадамы жақсы. Халықаралық аренада танылып жатыр. Соның бірі өткен сенбі, жексенбі күндері Моңғолия астанасы Ұлан-батыр қаласында қазақ күресінен Азия чемпионаты өтті.

Сато Иуяа – қазақ күресінің үздігі

Аталмыш жарыс сегіз салмақ категориясы бойынша ұйымдастырылып, оған 11 мемлекеттен 130-дан астам балуан қатысты. Сонымен қатар әр салмақтың жеңімпазына 1000, келесі орындарға 500 және 300 АҚШ доллары сыйланса, чемпионатты өткізушілер көрермен қауымды ынталандыру үшін  су жаңа «Toyota prius 30» маркалы жеңіл көлігін «Бақытты билет» иесіне табыстады.

«Бұл шара жарыс маңызын арттырумен қатар, көрермендердің көп келуіне айрықша ықпал етті», дейді аталмыш елдегі Қазақ күресі федерациясының президенті, дзюдо күресінен әлем жеңімпазы және Олимпиаданың қола жүлдегері, ересектер арасында самбодан екі дүркін әлем чемпионы, атақты балуан Сағанбатыр Қашбатыр мырза.

Құрлық чемпионатының қоры­тын­дысы бойынша, 5 алтын, 6 күміс, 6 қола медальға ие болған моңғолиялық бал­уандар командалық есепте топ бас­таса, келесі орынға 3 алтын, 3 күміс, 3 қола ме­дальға қол жеткізген қазақстан­дық спорт­шылар ие болып, 55 кило сал­мақ­та Нариман Тұтқышев, 60 килода Ела­ман Қуанбай, 100 килода Мақ­сат Исақабыловтар жеңіс тұғырынан көрін­ді.

Жарыстың «Үздік балуаны» ретінде 74 кило салмақта жеңімпаз атанған жапон жігіті Сато Иуяа танылса, «Үздік төреші» атағы Украина елінің маманы Виктор Куропиотикке бұйырды.