Қазақстан • 29 Тамыз, 2019

«Менің Отаным – Қазақстан» сабағы

543 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім күні қарсаңында мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылармен Ата Заңды жас ұрпаққа түсіндіру, дәріптеу мақсатында ашық тәрбие сағаты өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының музейінде жыл сайын өтетін дәстүрлі емес форматтағы мерекелік сабаққа биыл №73 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушылары таңдалған.

«Менің Отаным – Қазақстан» сабағы

Балаларға Конституция, Отан туралы түсінік қалыптастыруды көздейтін танымдық тәрбие сағатына балақайлар жан-жақты дайындалып келіпті. Оқу-тәрбие процесі бірнеше бөлімнен тұрды. «Сен білесің бе?» деп аталатын алғашқы кезеңде мұғалім балалардан алда қандай мереке тойланатынын сұрады. Ал балақайлар бірінен соң бірі «30 тамыз – Конституция күні деп аталады», «Алғашқы қоңырау соғылатын 1 қыркүйек – Білім күні келе жатыр», деген жауаптарын айтты. Осыдан кейін педагог оқушыларға Ата Заңның өздеріндей адам құқықтарын қорғайтын талаптар жазылған басты құжат екенін түсіндірді. Сабақ барысында балаларға Отан жөнінде де танымдық ақпарат беріліп, кезең қорытындысында балдырғандар Отан туралы «Ол – біздің жеріміз, туы­мыз, үйіміз, достарымыз» деген ойла­рын жеткізіп, сабақтың тақырыбына сай жаттаған өлең шумақтарын оқыды. Екінші кезеңде мұғалім балаларды Ата Заңымызда жазылған құқығымыздың бірі ретінде тегін білім алуды атап өтіп, мектеп, оқу мен ілім жинауға шақырып, жалқаулықтан жерінуге үйретті. Келесі кезеңде Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне байланысты негізгі әрі басты түсініктер бала тіліне сай түсіндірілді.

Тәрбие сағатының соңында Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова ұжымының атынан барша қазақстандықты Конституция күнімен және барлық білім саласының қызметкерлерін, сондай-ақ білім алушыларды алдағы мерекемен құттықтады әрі ашық сабаққа қатысқан оқушыларға мазмұнды кітаптар мен мектепке қажетті құрал-жабдықтарды табыстады.

Ашық тәрбие сағаты болғандықтан, шараға ата-аналар да жиналған болатын. Балаларының алғашқы қадамына қолдау білдіріп келген көпшіліктің атынан көп жасаған әже Асылкүл Бірімқұлқызы сөз алып: «Биыл менің шөбереммен қатар балалар бірінші сыныпқа барғалы отыр. Білім күні қарсаңында оларға ашық сабақ өткізіп, дайындық жүргізген мамандарға алғыс айтамын. Айналайын, бөбектерім, алғашқы қадамдарың құтты болсын! Сендерге тәрбие мен білім беріп отырған ата-аналарың, ұстаздарың аман болсын! Оларды қуантып, келешекте елдің мақтанышы болуды қаласаңдар, сабақты зейінмен оқып, білім озаты болыңдар!», деп батасын берді.