Президент • 03 Қыркүйек, 2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

2057 рет
көрсетілді
56 мин
оқу үшін

Ақорданың баспасөз қызметі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының толық мәтінін жариялады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы

СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ

 

Құрметті отандастар!

Құрметті депутаттар,
үкімет мүшелері!

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен  құттық­таймын!

Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз.

Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.

Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшы­лығымен еліміз әлемдегі бедел­ді әрі орнықты мемлекетке айналды.

Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқы­мыз­дың жағдайын жақсартуға жол аштық.

Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.

Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни  Назарбаев моделі деп атады.

Қазір бізге тәуелсіздіктің жетіс­тік­терін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.

Біз бұған Елбасы саясатының са­бақ­тастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.

Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдар­ла­мама негіз болды.

Қазір мемлекеттік органдар оны жү­зе­ге асыру үшін тиісті жұмыстар жүр­гізуде.

Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын.

Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсын­ған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзе­ге асыру қажеттігін басты назарда ұстауы­мыз керек. 

Елбасымыздың бастамасымен құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлт­тық комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет.

Енді ортақ міндеттерімізді және сайлауалды бағдарламамды іске асыруға қатысты ой-пікірлеріме тоқталайын.

  1. I. Заман талабына сай тиімді мемлекет

Мен уәде еткен саяси жаңғыру үде­рісі азаматтарымыз бен мемле­кеті­міздің мүдделеріне сәйкес біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады.

Негізсіз, жүйесіз саяси ырық­тан­дыру елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мем­ле­кет­тіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз.

Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңмен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз.

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағи­датымыз.

«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет».

Біз бұл мақсатқа әлі де жете қойған жоқ­пыз. Сондықтан осы бағыттағы жұ­мыс­қа бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. 

Саяси жүйенің бұл формуласы мем­лекет тұрақтылығының негізі сана­лады.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қа­рас­тыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. 

Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес рота­циялық тәртіппен жұмыс істейді.

Алдағы уақытта бізге мынадай шараларды жүзеге асыру керек.

Бірінші. Партия құрылысы үде­рісін жалғастыру.

Көшбасшымыз және партия Төр­ағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың арқасында Nur Otan партиясы еліміздің жетекші саяси ұйымына жүкте­летін күрделі әрі жауапты міндет­терді дәйекті түрде іске асырып келеді.

Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси пар­тиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет.

Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парла­ментте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс.

Депутаттар Үкіметке өзекті мәселе­лерге қатысты сауалдарын жолдап, нақ­ты шаралар қабылдауды талап ете отырып, өздеріне берілген заңды құқық­тарын пайдалануы қажет.

Заң шығарушы және атқарушы билік арасындағы қарым-қатынас жасанды тартысқа емес, іскерлік сипатқа, өзара құрметке негізделуі тиіс.

Мемлекет басшысы ретінде еліміз­де көппартиялылықты, саяси бәсеке­лес­тікті және ой-пікірдің сан алуан­ды­ғын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын.

Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды.

Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттар сайлауы еліміздегі көппар­тиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс.

Екінші. Халықпен тиімді кері бай­ланыс орнату.

Қоғамдық диалог, ашықтық, адам­дар­дың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қыз­метінің негізгі басымдықтары саналады.

Президент Әкімшілігінде азамат­тар­дан келіп түскен өтініштерді мем­лекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орта­лық және жергілікті органдар бас­шы­ларының құлықсыздығы мен «бей­қам­дығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады.

Белгілі бір саладағы шешімдердің әді­летсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағым нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйт­кілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн.

Мемлекеттік қызметшілер жұмы­сының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадр­ларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қыз­мет­шілердің санын біртіндеп қысқар­туға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз.

2024 жылға қарай мемлекеттік қыз­метшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет.

Үшінші. Митингтер туралы заңнаманы жетілдіру.

Конституцияға сәйкес азамат­тары­мыздың өз ойын еркін айтуға құқығы бар. 

Егер бейбіт акциялар заңның шең­бері­нен шықпайтын және азаматтары­мыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс.

Алайда заңға қайшы және бұза­қы­лық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылады.

Төртінші. Қоғамдық келісімді нығайту.

Әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Осыған орай саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.

Қазақ халқының мемлекет құрау­шы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, эт­носаралық татулық пен дінаралық түсі­ністікті қалыптастыра беруіміз қажет.

Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!».

Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.

Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.

Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн.

Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын.

Сондықтан жақын арада Азамат­тық қоғамды дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек.

Келер жылы аталып өтетін  маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.

Ендігі жылы бәріміз әл-Фа­ра­бидің  1150 жылдық, Абай Құ­нан­бай­ұлы­ның 175 жылдық мерейтой­ларын атап өтеміз.

Мерейтой барысында ысырап­шыл­дыққа жол бермей, ғұлама тұлға­ларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек.

Сондай-ақ ең маңызды мереке­ге – Тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­­ғына байланысты тиісті іс-ша­ра­­ла­рды іске асыруымыз қажет.

Ел өміріндегі осындай елеулі оқиға­лар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.

 

ІІ. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Сот және құқық қорғау жүйесін­дегі күрделі реформалар – аза­мат­тарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы.

Сот шешімдерінің сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.

Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғымас сипатқа ие.

Дегенмен, сот шешімдерін мұқият талдау жұмысын жолға қойып, бірың­ғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет.

Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының ше­шім­дері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады.

Олардың мүмкіндіктерін мемле­кеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді.

Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкім­ші­лік әділет құрылымын енгізу қажет.

Бұдан былай дауларды шешу барысында сот қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеруге құқылы.

Аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүк­те­летін болады.

Заңнамадағы барлық қарама-қай­шылықтар мен дүдәмал тұстар аза­мат­тардың мүдделерін ескере отырып, түсіндірілуі тиіс.

Келесі бір маңызды мәселеге тоқ­талайын. 

Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тәжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр.

Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың не­гіз­гі құқықтарын назардан тыс қал­дырдық. 

Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын.

Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проб­ле­масының бетпердесін ашты.

Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты.

Жақында Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Марқакөл көлінде брако­ньерлердің қылмыстық тобы ұсталды.

Бұл тек бір ғана мысал, алайда бра­коньерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлы­ғымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде.

Үкіметке екі ай ішінде тиісті заң­наманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын.

Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.

Орталық және жергілікті орган­дар­дың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу  ісін қайта қалпына келтіру қажет.

Бұған сарапшылар мен қоғам өкіл­дері де атсалысуы тиіс.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші бас­шысының жауапкершілігін заңна­малық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек.

Сондай-ақ заңсыз және аранда­ту­шылық әрекеттерге барғаны үшін сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл органдарының қызметкер­лерін қатаң жазалау керек. Ондай қызмет­керлерге тергеу саласында орын жоқ.  

Кінәсіздік презумпциясы қағи­даты толық көлемде сақталуы тиіс.

Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі.

Полицияның мемлекеттік күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады.

Ең алдымен 2020 жылдың аяғына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру қажет. Мұны науқаншылдыққа айналдырмай, сапалы жүргізген жөн.

Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты.

Ішкі істер министрлігін рефор­малауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді.

Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қыз­мет көрсету қағидаты бойынша поли­цияның заманауи фронт-офистерін ашуға жұмсалады.

Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттар­дан қорғау мәселесіне баса мән бері­леді.

Өкінішке қарай, мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті.

Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.

Үкіметке азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын Ішкі істер органдарын реформалау үшін берілетін қаражат есебінен көбейтуді және осы мақсатқа сәйкес шамамен 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Біздің алдымызда жаңа тұжы­рым­дама негізінде тегеурінді әскер қалып­тастыру міндеті тұр.

Арыста болған оқиғалар Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қорда­ланып қалғанын көрсетті.

Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін жә­не жалпы тәртіпті нығайтатын кез кел­ді.

Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажет.

Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болу керек.

 

ІІІ. Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан, алға ілгерілеп келеді.

Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды.  

Егер қажетті құрылымдық өзге­ріс­терді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады.

Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.   

Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруы­мыз керек.

Бірінші. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру.   

«Білім экономикасы», еңбек өнім­ділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық да­мудың негізгі факторларына айналды. 

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында жіберілген барлық қателіктерді, олқы­лықтарды ескеруіміз керек.

Бұл мәселелер бойынша менің бар­лық тапсырмаларымды, ескерт­пе­ле­рімді Үкімет толық орындауға мін­детті.

Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыруымыз керек.

Елімізді өңірдегі көшбасшы ретін­­де танытып, Орталық Азиядағы беде­лі­мізді арттыру – стратегиялық міндет.

Бұл – Елбасы айқындаған саяси ба­ғыт-бағдарымыз.

Екінші. Квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыру.

Біздің мемлекеттік компаниялар ірі конгломераттарға айналды. Бі­рақ олардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі күмән тудырады.

Мемлекеттің экономикаға орынсыз араласуын азайту мақсатымен квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізу жөнінде шешім қабылдадым. 

Біз Ұлттық әл-ауқат қоры құрыл­ған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқа­тын арттыруға Қордың нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек.

Үкімет Есеп комитетімен бірлесіп, үш айдың ішінде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін анықтау үшін талдау жүргізуі тиіс.

Квазимемлекеттік компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседі.

Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте 7 мемлекеттік оператор жұ­мыс істейді. Бұл тек орталық деңгейдегі ахуал! 

Мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек.

Бірақ стратегиялық секторлар­да жұмыс істейтін мемлекеттік компа­ния­лардың қызметіне мұқият болған жөн.

Ондай компаниялар мемлекет бақылауында болуы тиіс.

Әйтпесе, мемлекеттік монопо­листердің орнына жеке монополистер пайда болып, соның салдарынан зардап шегуіміз мүмкін. 

Үкімет баға белгілеу және тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысуы керек.

Бұл табиғи монополистердің та­уарларына да, көрсететін қызметтеріне де қатысты.

Елімізде азық-түлік пен киім-кешек­тен бастап, түрлі қызметтерге дейін бағаның жоғары екені жасырын емес.  

Мысалы, сұранысы жоғары бағ­дар­лар бойынша негізгі әуе тасымалдаушы белгілейтін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еуропаға қарағанда 30 пайызға артық. Біздің әуежайда көрсетілетін қызметтер құнының салыстырмалы түрде жоғары болуын қалай түсіндіруге болады?

Қазақстан әуежайларында жанар­май шетелдік тасымалдаушылар үшін қымбат бағаға, ал отандық тасымал­дау­шыларға арзанға сатылатыны неліктен?

Соның салдарынан Қазақстанның авиация саласы халықаралық бәсекеге қабілеттілігінен айырылып, транзиттік әлеуетіміз төмендеп кетті.

Тиісті министрлік пен ведомство­лардың салғырттығына байланыс­ты темір жол билеттерінің тапшылығы қолдан жасалып отыр.

Бұл салаларда тез арада тәртіп орнату керек. 

Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тұрақтандырушы рөлін сақтай отырып, нарықтық институттар мен құрылымдардың толыққанды дамуын қамтамасыз ету. 

Осы ретте «қарапайым заттар экономикасын» естен шығармаған жөн. Бұл – біздің жұмысымыздың басым бағыты.

 Үшінші. Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі.

Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.

Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады.

Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді.

Сондықтан мемлекет алдағы уа­қыт­та да бизнеске қолдау көрсете береді.

Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 мил­лиард теңгеге жуық қаржы бө­лінді.

Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жер­гі­лікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. 

Шын мәнісінде, жаңа жобалар бо­йынша компаниялар құрылып, жұмыс орындары ашылуы керек еді.

Бұл «қарапайым заттардың экономикасына» тікелей байланысты.

Бірақ жергілікті әкімдер ұйым­дас­тыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнет­ақы төлемдерін арттырып, жергі­лікті бюджетті нығайтуға жағдай жасалып отырған жоқ.

Осыған орай Есеп комитетіне және Қаржы министрлігіне қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек.

Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды та­быс­қа салынатын салықтан үш жыл­ға босату үшін заңнамалық база әзір­леуді тапсырамын.

Заңнамаға енгізілетін тиісті түзе­ту­лер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек.

2020 жылғы қаңтардан бастап, мик­ро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді.

Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүр­гізілетініне сенеміз. Бизнес өкіл­дері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс.

Мораторий кезеңінде өзін өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жан­­дандыру керек.

Бизнес өкілдері санитарлық-эпиде­мио­логиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай ком­паниялар жабылып, иелері жауап­кер­шілікке тартылады.

Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайтамыз.

Сонымен қатар бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші орган­дардың іс-әрекетіне байланысты көп­теген қиындыққа тап болуда. 

Шағын және орта бизнеске қатыс­ты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті.  

Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым  бел­гілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келті­ретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуы тиіс.

Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсынуы керек.

Сонымен қатар көлеңкелі эконо­микаға қарсы іс-қимылды күшейтіп, капи­талды сыртқа шығаруға, салық төлеуден жалтаруға қарсы күресті жандандыру қажет. 

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көр­сету жүйесін жаңа жобаларға басым­дық бере отырып, қайта құру қажет.

Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес ал­дағы үш жыл ішінде қосымша 250 мил­лиард теңге бөлуді тапсырамын.  

Әлеуметтік бағыттарға – отбасы биз­несін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көр­сетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек.

Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. 

Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн.

Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет. 

Төртінші. Ұлттық бизнеске ха­лық­­аралық нарықтарда қолдау көр­­сету. 

Өз өнімін экспортқа шығаратын ком­па­нияларға мемлекеттік қолдау көрсе­тудің тиімділігін барынша арттыру керек.

Мен, ең алдымен, орта бизнес туралы айтып отырмын. 

Бізде кәсіпкерлердің осы тобына арналған нақты мемлекеттік қолдау шаралары жоқ. Бұл, әсіресе, өнімді сату ісіне қатысты.

Үкіметке мемлекеттік индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын. Соның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыру мәселелері көзделуі тиіс.

Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруі тиіс міндеттердің бірі.

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленген.  

Мемлекеттік органдар, әсіресе, өңір әкімдері сол көрсеткіштерге қол жеткізуге тікелей жауапты болады.

Қазақстан цифрлық экономиканы дамытуды көздеп отыр. 

Осыған орай көп жұмыс атқаруымыз керек.

Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту.

Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифр­лық қаржы құралдары сияқты тың тех­но­логиялық құбылыстарға бейімдеу қажет.

Қазақстан технологиялық серік­тестік орнату, мәлімет орталықтарын құру және орналастыру, мәліметтер тран­зитін дамыту, цифрлық қызмет­тердің жаһандық нарығына қатысу үшін ашық юрисдикция ретінде өзіндік брендке айналуы тиіс.

Үкімет «Астана» халықаралық қар­жы орталығының қызметіне қолдау көр­сете беруі керек. Бұл құрылым, шын мәнінде, конституциялық мәрте­беге ие болды. Халықаралық қаржы орта­лы­ғының Назарбаев Университетпен бірлесіп, заманауи цифрлық технологияларды дамыту алаңына айналуына толық мүмкіндігі бар.

Бесінші. Дамыған агроөнеркәсіп кешені.

Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұ­ранысқа ие органикалық және эколо­гиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. 

Біз суармалы жер көлемін кезең-кезең­мен 2030 жылға қарай 3 мил­лион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. 

Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің кө­лемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. 

Сауда және интеграция, ауыл шаруа­шы­лығы министрліктері фермерлерге өз өнімін сыртқа шығарып сату үшін барынша қолдау көрсетуі тиіс.

Осыған орай Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Бұл – маңызды міндет.

Ауыл шаруашылығы өнімін экспорттау ісінде шикізатқа негіз­де­лу­ден бас тарту керек.

Өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуе­тінің 40 пайызы ғана пайдаланылып отырғанына қарамастан, оның көлемі 70 пайызға жетті.

Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту – маңызды міндет. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Үкімет нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.   

Жұртшылықты толғандырып жүр­ген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді.

Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған  жол берілмейді.

Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз.

Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр.

Жерге салынатын тікелей салықтар дең­гейі­нің төмендігі жағдайды күрде­лендіре түсті.

Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құ­қығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр.

Елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистер» көбейіп кетті.

Пайдаланылмай жатқан ауыл ша­руашылығы жерлерін қайтарып ала­тын кез келді. Жер – біздің ортақ байлы­ғымыз және оны кім игерсе, соған тиесілі болуы тиіс.

Үкімет пен Парламент осы түйткілді рет­теудің тиімді жолдарын ұсынуы керек.

Бұл – өте маңызды мәселе. Мұны шешпей, отандық агроөнеркәсіп ке­шенінің сапалы дамуы мүмкін емес.

Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәсе­лесі аналық мал басының проблемасы­на тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермер­лерге жемшөп дайындайтын жер­лердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр.

Жемшөппен қамтамасыз ету көр­сеткіші 60 пайыздан төмен.

Ауыл тұрмысының сапалы бо­луын қамтамасыз етпей, ауыл шаруа­шы­лығының өнімділігін арттыру мүм­кін емес.

Біз Елбасының «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз.

Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет.

Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге ен­гізу қажет.

Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.  

Бұл қаражат көлік, ауыз су және газ­бен қамтамасыз ету сияқты инфрақұ­ры­лымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.

Қаржының жұмсалуы барлық мем­ле­кеттік органдардың қатаң бақы­лауында болуы тиіс.

Алтыншы. Әділетті салық салу жүйесі және тиімді қаржылық реттеу.

Жалпы ішкі өнім мен халық табы­сы­ның артуына қарамастан, қоғамдағы мүліктік жіктелу үдерісі сақталып отыр, тіпті күшейіп барады.

Бұл – алаңдатарлық фактор. Сон­дық­тан оған ерекше назар аудару керек.  

Ұлттық табыстың әділ бөлінуіне баса мән бере отырып, салық жүйесін жаңғырту қажет деп санаймын.

Үкімет әлеуметтік төлемдер көлемінің артып келе жатқанына да назар аударуы тиіс.

Бір жағынан, бұл алымдар әлеу­меттік және зейнетақы жүйесінің тұрақ­тылығын қамтамасыз етеді. Бірақ, жұ­мыс берушілер жұмыс орындарын ашу­ға және еңбекақыны арттыруға мүд­­делі болмай қала ма деген қауіп бар.

Көлеңкелі бизнес белең алады.

Сондықтан Үкіметке 5 пайыздық қо­сымша зейнетақы төлемін енгізу мәселесін 2023 жылға дейін шегеруді тапсырамын. Кейін бұл мәселеге қайта ораламыз. 

Осы уақыт ішінде Үкімет, бизнес өкіл­дері мен сарапшылар мәселені ше­шудің жолдарын қарастырып, бола­шақ зейнеткерлердің де, жұмыс беру­шілердің де мүдделерін ескере отырып, ортақ шешімге келуі тиіс.

Үкімет Салық кодексінде қарас­ты­рылмаған барлық төлемдерге ты­йым салуы қажет. Бұл, шын мәнісінде, қосымша салықтар.

Қазіргі салық жүйесінің сапасын арттыру – өз алдына бөлек мәселе.

Мұндай жағдай компанияларды өз инвестициясын адам капиталына, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық тұрғыдан қайта жабдықтауға, экспортқа салуға ынталандыруы тиіс.

Қолма-қол ақшасыз төлеу жүйесін жаппай енгізу керек. Бұл үшін тежеуші фактордың бірі саналатын банктердің жоғары үстеме алымын жою қажет. Сондай-ақ тиісті реттеу ережелеріне сәйкес банктік емес төлем жүйесін белсенді дамыту керек. Бұл сегмент қарапайым әрі тартымды болғанымен, ақша жымқырудың және елімізден капитал шығарудың көзіне айналмауы тиіс.

Ұлттық банк осы салаға нақты бақылау орнатуы қажет.

Келесі мәселе. Шикізаттық емес өнімнің экспортына қолдау көрсе­ту үшін қосымша құн салығын қайта­ру­дың қарапайым әрі жылдам тәрті­бін қолдану мәселесін қарастыру керек.

Экономикамыздың өте түйткілді мәсе­лелерінің бірі – кредит беру көле­мінің жеткіліксіздігі. Соңғы бес жыл ішінде заңды тұлғаларға, сондай-ақ шағын және орта бизнеске берілген кре­диттің жалпы көлемі 13 пайыздан аса қысқарған.

Екінші деңгейдегі банктер қарыз алу­шылар ішінде сенімділерінің аз еке­нін сылтауратып, кредит қаражатының құнын шамадан тыс арттырып жібе­реді.

Әрине, қарыз алушылардың сапасына қатысты мәселе бар. Бірақ жауапкершілікті басқаға артып, тек қана жеңілдің астымен жүруге болмайды.

Мен бұл мәселеге қатысты Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізеді деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе – халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтардың тым көп несие алуы. Мұның өзі шұғыл шаралар қабылдауға алып келді. Сіздер бұл жөнінде білесіздер.

Бұл мәселе әлеуметтік және саяси түйткілдерге ұласты.

Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банкке екі ай ішінде мұндай жағдайдың қайталанбауына кепілдік беретін те­тіктерді енгізу үшін дайындық жүр­гізуді тапсырамын.

Ақша-кредит саясаты тиімділігінің жеткіліксіздігі еліміздің экономикалық дамуын тежейтін себептің бірі болып отыр.

Екінші деңгейдегі банктердің бизнеске кредит беру ісінің қолайлы әрі ұзақ мерзімді болуын қамтамасыз ету керек.

Жыл соңына дейін Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің актив­терінің сапасына тәуелсіз бағалау жүргізу жұмысын аяқтауы қажет.

Жетінші. Ұлттық қорды тиімді пай­далану мәселесі.

Ұлттық қор қаражатының ағымдағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қыс­қарту қажет.   

Бұл – келешек ұрпақтың қар­жысы.

Ұлттық қордың трансферттері бәсе­кеге қабілетті экономиканы қалып­тас­тыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.

Кепілдендірілген трансферт көлемі 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс. 

Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.

Сегізінші. Еңбекақы төлеу дең­гейін арттыру.

Кен өндіру саласындағы ірі кәсіп­орындардың табысы артқанмен аза­маттарымыздың жалақысы айтар­лықтай өспегенін көріп отырмыз. 

Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеде табандылық танытуы керек.

Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арт­тыру үшін жұмыс берушілерді ын­таландыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. 

 

ІV. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі

Еліміздің бюджеті екі негізгі мақ­сатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу.

Әлеуметтік салада мынадай бағыт­тарға баса мән беру керек.

Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.

Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдіс­темесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.

Шын мәнінде, мамандар даяр­лаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.

Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.

Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қыл­мыс­тық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.

Біз оқушылардың қабілетін ай­қындап,  кәсіби бағыт-бағдар беру сая­сатына көшуіміз қажет.

Бұл саясат орта білім берудің ұлт­тық стан­дартының негізі болуы тиіс.

Экономикамызда техника сала­сының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіп­орындар тиісті мамандарды шет­елден шақыруға мәжбүр. Осын­дай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.

Қала мен ауыл мектептері ара­сын­дағы орта білім сапасы алшақтап барады.

Негізгі мәселе – ауылдық жерлер­дегі білікті педагог кадрлардың тап­шы­лығы. 

Сондықтан «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа дең­гей­де жалғастыруымыз қажет. Үкі­мет­ке келесі жылдан бастап осы бағ­дар­­ла­маны қаржыландыруды 20 мил­лиард теңгеге жеткізуді тапсырамын.

Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.

Аз қамтылған және көп балалы от­ба­сыларды қолдау үшін Үкіметке Дарын­ды баланың қабілетін дамы­ту­дың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен әкімдер осындай ба­ла­лардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүм­кіндік жасауы керек. 

Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.

Өз түлектерін жұмыспен қамту жағы­нан еліміздегі жоғары оқу орында­рының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.

Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.

Терең білім берудің орнына дип­лом сатумен айналысқан универси­тет­теріміз бар екені де жасырын емес.

Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.

Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі.         

Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкімшілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.   

Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.

Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқу­лық сапасының төмендігі.

Оқушыларды сапалы оқулық­тар­мен қамтамасыз ету ­– тиісті министр­ліктің тікелей міндеті.

Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. 

Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.

Ғылым саласындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамта­масыз ете алмаймыз.

Отандық ғылым жүйесі қанша­лықты сапалы әрі тиімді? Бұл  – басқа мәселе.

Үкімет аталған мәселені ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру және оларды тәжірибеде қолдану тұрғы­сынан қарастырғаны жөн.

Екінші. Отбасы және бала инс­титутын қолдау, инклюзивті қоғам құру.

Бала құқығын қорғау және тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қи­мыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет.

Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек.

Біз зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен олардың отбасын қорғау жөнінде толыққанды бағдарлама әзірлеуіміз қажет.

Қамқорлығында мүмкіндігі шек­теулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр.

Үкімет БЦП диагнозы бар бала­ларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек.

Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту ор­та­­лық­­тарының желісін кеңейту қажет.

Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жа­сауға міндеттіміз.

Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 58 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді.

Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды.

Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шы­ңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл саламатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырды.

Осы бағдарды заңнамалық тұр­ғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ Бұ­қаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажет. 

2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, сту­денттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында бел­сенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды мін­дет.

Бұл – азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі.

Үшінші. Медициналық қыз­мет көрсетудің сапасы мен қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету.

Бұл жерде халықтың денсаулығына байланысты, әсіресе ана мен сәби өлі­­міне қатысты көрсеткіштердің өңір­лік теңгерімсіздігі айқын көрінеді.

Дегенмен, бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердің деңгейінен айтар­лықтай көп.

Үкімет әр өңір бойынша медици­на­дағы нақты дерттер топтамасы жөнін­де басымдықтар тізімін жасап, соның негі­зінде бюджеттен қаржы бөлуі қажет. 

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қа­зақ­станда міндетті әлеуметтік меди­ци­налық сақтандыру жүйесі іске қосылады.

Әрқайсысыңызға мына нәрсені айтқым келеді: мемлекет тегін ме­ди­ци­налық көмектің кепілден­дірілген көлемін сақтайды. Оны қаржылан­дыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы ме­дициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Үшжылдық бюджет аясында ден­сау­лық сақтау жүйесін дамытуға қо­сым­ша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Үкімет әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауы қажет.

Біздің қателесуге құқымыз жоқ.

Төртінші. Мәдениет қыз­мет­керлерін қолдау.

Біз мәдениет саласында жұмыс істей­тін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз.

Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.

Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.

Соның салдарынан мәдениет қыз­меткерлері, әсіресе жас маман­дар же­ңілдігі бар тұрғын үй бағдарла­маларына қатыса алмайды.

Мұндай ахуал осы кәсіптің беде­лін түсіріп, лайықты кадрлардың тап­шылығы айқын сезілуде.

Келесі жылдан бастап Үкімет мәде­ниет қызметкерлерінің еңбек­ақысын көбейтуі тиіс.

Сондай-ақ білім беру және денсау­лық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

Бесінші. Әлеуметтік көмек көр­сету жүйесін одан әрі дамыту.

Мемлекет мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Алайда бірқатар шешімдер жан-жақты сарапталмай қабылданды. 

Нәтижесінде бұл патерналистік пиғылдың айтарлықтай артуына әкеп соқтырды. Соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мың адамнан 1,4 миллионнан астам адамға артқан.

Әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейді және одан да арта түсті.

Басқаша айтқанда, жұмыс істегісі келмейтін адамдар немесе әлеуметтік көмек алу үшін өздерінің табысын жасыратындар көбейді. Жағдайы бар отбасылардың әлеуметтік көмек алатыны туралы деректер бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын.

Тағы да атап өтемін. Конституция бойынша біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс.

Үкімет өз жұмысында осы қағи­дат­ты басшылыққа алуға міндетті. Ал резервтерді тиімсіз шығындарды азай­ту және табысты арттыру есебінен қалып­тастыру қажет.

Мұндай резервтердің бар екені сөзсіз. Қаржы министрлігі табыс­ты арттыру үшін жұмыс жүргізуде. Алайда қосымша күш жұмсау керек. Мәселен, кеден ісіне қатысты.

Елбасы Nur Otan партиясы Саяси ке­ңесінің отырысында мемлекеттік сатып алулар үдерісін ретке келтіру мәселесіне ерекше мән берді. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алуды оңтайландырумен айналысып жатыр, бірақ заңнамалық сипаттағы шаралар қажет.

Мемлекеттік сатып алудың әлеуеті зор (кейбір есептеулер бо­йынша жылына 400 миллиард теңгеге дейін жетеді). Бұл қаржыны өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсауға болады.

2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 триллион теңгені құрады, соның 3,3 триллион теңгесі немесе 75 пайызы бәсекеден тыс тәсілмен бір көзден алу арқылы жұмсалған. 

Шенеуніктер мен түрлі делдалдарды пайдаға кенелтіп отырған бұл табыс көзін жабатын кез келді.

Атаулы әлеуметтік көмекке қайта оралайық. Үкімет оны бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс. Көмек, негізінен, еңбектенетіндерге берілуі тиіс.

Сонымен бірге  аз қамтылған отба­сылардың балаларына қамқор­лық көрсету керек. Олар үшін кепілден­діріл­ген әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Бұл дегеніміз – мектеп жа­сына дейінгі балаларға үнемі қолдау көрсету, барлық оқушыға тегін ыс­тық тамақ беру, оларды оқу құралдары­мен және мектеп формасымен қамта­масыз ету, медициналық, соның ішінде стома­тологиялық көмек алу және қоғамдық көліктерде жүру шығындарын өтеу.

Осыған қатысты шешімдердің барлығы 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап күшіне енуі тиіс.

Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бір ай ішінде көп балалы аналарды микро- және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатындарды да қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет.

Алтыншы. Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту саласына ерекше тоқталғым келеді. Мұнда да қор­да­ланып қалған мәселелер жеткілікті.

Қазіргі кезде зейнетақы жинағының жетіспеушілігі онша сезілмейді. Алайда 10 жылдан кейін жағдай өзгеруі мүм­кін. Жұмыс істеп, зейнетақы қорын то­лықтырып жатқан азаматтар саны азаяды. Ал зейнеткерлер саны арта түседі.

Бұл ретте зейнетақы активінен түсетін инвестициялық табыс пен жи­нақ деңгейі төмен болып қала бермек.

Сондықтан Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, зейнетақы жүйесінің тиім­ділігін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізуі керек.

Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады.

Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай.

Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын.

Шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқару сапасын жақсарту мақсатымен Үкіметке ортақ әлеуметтік қор құру және бірың­ғай әлеуметтік төлем енгізу арқы­лы әлеуметтік қамсыздандырудың бюд­жеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәсе­лесін пысықтауды тапсырамын.

 

  1. Қуатты өңірлер –
    қуатты ел

Бұл бағытта мынадай міндеттерге баса мән беру керек.

Бірінші. Жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру.

Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксио­ма әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр.

Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тара­пынан жергілікті билік жұмысы­ның тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын.

Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұр­ғын­дардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиім­сіз деп есептесе, бұл Президент Әкімші­лігінің арнайы комиссия құрып, туын­даған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады.

Екінші. Бюджетаралық қа­ты­настар жүйесін реформалау.

Бюджетаралық қатынастардың қазіргі жүйесі түрлі деңгейдегі әкім­діктерді жергілікті дамудың негізгі көз­дерін, яғни шағын және орта бизнесті өр­кендетуге ынталандыра алмай отыр­ғаны анық. Өңірлер қосымша табыс көзін іздестіруге құлықсыз.

Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша са­лық түсімдері өңірлердің құзыретіне бері­летін болады.

Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үде­рі­сінің барлық деңгейде ұйымдас­ты­рылуын қайта қарастыру қажет­тігі туын­дап отыр. Жергілікті бюд­жетті қа­лып­тастыруға халықтың белсене ат­са­лысуы бұл істе үлкен рөл атқаруы тиіс.

Аудандық, қалалық және ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу барысында эко­номикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс. Олардың құқықтары, мін­­­деттері мен жауапкершілігі заңна­малық актілерде нақты белгіленуі керек.

Үшінші. Басқарылатын урбанизация және бірыңғай тұрғын үй саясаты.

Бұған дейін қабылданған «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңдар өзінің тиімділігін көрсетті. Бірақ бүгінде бұл заңдарды жетілдіру қажет.

Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құ­зыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек.

Республикалық маңызы бар қала­лар­дағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, кері­сінше тұрғындардың әлеуметтік-эко­номикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаң­дау­шылыққа негіз болып отыр.

Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар жаңа тұрғындарға қолайлы жағ­дай жасалған Павлодар және Пет­ропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар.

Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс.

Мен сайлау алдындағы бағдар­ла­мамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын.

Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.

Үкімет жүйесіз бағдарламалар қа­былдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай мо­делін әзірлеуі қажет.

Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүд­деге орайластырылған «7-20-25» бағ­дарламасы аясында қарыз алушы­ның отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар  бұған қатыса алмай отыр.

Сондықтан биыл Елбасының баста­масы бойынша 2 пайыздық жеңіл­де­тілген мөлшерлемемен, пайыздық алғаш­қы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарла­ма­сы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік.

Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте көп балалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады.

Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлер белгілеп, оны қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етуі керек. Шын мәнінде көмекке мұқ­таж жандарға ғана қолдау көрсетілуі тиіс.

Менің Үкіметке тапсырмам – кезекте тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешу керек. Бүгінде олардың саны 30 мыңға жуық. 

Баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәр­тібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет.

Мемлекет 2022 жылға қарай осы мақсаттарға сәйкес 240 миллиард тең­геден астам қаражат бөледі.

Жеке бизнесті осы жұмыстарға тарту үшін жаңа шаралар қабылдап, мем­лекет-жекеменшік әріптестігі тетіктерін жұмылдырған жөн.

Азаматтар әкімдік беретін әлеу­мет­тік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразы.

Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін құруы керек.

Коммуналдық желілердің тозуы 65 пайыздан 57 пайызға төмендегеніне қарамастан, бұл көрсеткіш жоғары болып отыр.

Бұдан бөлек, көп пәтерлі 78 мың үйдің 18 мыңнан астамы жөндеуді қажет етеді.

Өңірлерге тұрғын үй қорын жаң­ғырту және жөндеу үшін екі жыл ішінде бюджеттік несие түрінде 30 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу керек.

Үкіметке осы тетікті енгізу мүмкін­дігін қарастырып, қаражаттың тиімді игерілуін қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

2022 жылға қарай өңірлерді дамыту бюджеті 800 миллиард теңгеден асып кетеді.

Әкімдерге жергілікті мәслихат­тармен бірігіп, осы қаражаттың жартысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту ісін бір­лесе қаржыландыруға және өңір тұр­ғындарының өзекті әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге  бағыттауды қам­тамасыз етуді тапсырамын.

Төртінші. Инфрақұрылымды дамыту.

Еліміздің әр аймағының тұрғын­дарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі.

Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магис­тралды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді.

Келесі жылы Нұр-Сұлтан қала­сында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмыстары басталады.

Мемлекет осы мақсатқа сәйкес 56 миллиард теңге бөліп отыр. Нәти­же­сінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Алдағы үш жыл ішінде тұрғын­дарды таза ауыз сумен және су жет­кізумен  қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді.

Атқарушы билік органдары «Нұрлы жол» бағдарламасын толық және сапалы іске асыруға баса мән беруі керек.

Бұл – стратегиялық жоба. Соның арқасында бүкіл көлік инфрақұрылымы жаңғыртылады.

Осы мақсатқа орай мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.

Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфра­құрылымның жағдайы әлі де сол күйінде.

Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Үкімет экологияны жақсарту, жаңар­тылатын энергия көздерін пайдала­нуды кеңейту, қоршаған ортаны сақтау ісін дәріптеу жұмыстарын жан­дандыруы керек. Осы орайда «Бір­ге – Таза Қазақстан» науқаны – қол­дауға тұрарлық жоба. Бұл жұмысты жал­ғастыру керек.

Парламент Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын талқылап, қабыл­дауы қажет.

Жалпы, Үкімет алдағы кезеңде жұмыстың тиімділігін арттыруы тиіс. Халық нақты нәтиже күтіп отыр.

Құрметті отандастар!

Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.

Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзге­рісті сезінуі тиіс. 

Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.

Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.

Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсет­кіштерінің тізімі болуы тиіс.

Сол арқылы олардың нақты мақ­сатқа қол жеткізу деңгейі анықталады. 

Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауап­кершілік жүктеледі.

Осыған байланысты жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.

Үкіметтің әлеуметтік және эконо­микалық саясатқа жауапты құры­лымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүр­гізуі қажет. Бұл үшін бақылау, тал­дау және болжау жүйесін неғұр­лым  күшейту керек.

Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін.

Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Қадірлі қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын бар­лық мәселелер бізге белгілі.

Осыған орай ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр. 

Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.

Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!

Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өр­кендетуге үлес қосуға шақырамын!

Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.

Ұлы Абай өзінің Алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.

Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.

Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.

Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.

Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!

Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!