Тамыздың 24-30-ы күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында шығыс халықтарының музыкалық мұраларын дамыту және насихаттауға арналған дүниежүзілік «Шарк тароналари» атты фестиваль өтті. Осы мәдени шараға Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы Мәдениет үйінің жанындағы «Бабалар сазы» этно ансамблі арнайы шақыру алып, өнерлерін паш етіп қайтты.
«Таңқаларлығы, өзбектердің «Шарк тароналари» музыка фестивалі материалдық емес құндылық ретінде ЮНЕСКО тізіліміне енген екі жылда бір рет өткізілетін Өзбекстан үкіметінің аса ірі мемлекеттік іс-шарасы екен. Төрт күнге созылған фестивальда әлемнің 33 мемлекетінің 300-ден астам дәстүрлі өнерпаздары өз халықтарының өнерін паш етті. Фестиваль ережесі бойынша іс-шараның барлық қаражат шығындарын Өзбекстан мемлекеті көтерді. Ауқымды шараның ұйымдастырылуы асқан тәртіппен, жауаптылықпен, әлем елдері өкілдерімен өзбек халқының жоғары қарым-қатынас мәдениетінен айқын көрініп тұрды. Көне де тарихи Самарқан қаласындағы Әмір Темірдің кесенесіне, Ұлықбектің обсерваториясына әлемнің түкпір түкпірінен ағылған туристермен бірге саяхат жасадық. Самарқанмен байланыстыратын барлық бағыттарға жедел пойыздар жүргізіп қойыпты. Бір байқағанымыз, Самарқандағы шет тілдер институты англо-герман және ағылшын, шығыс тілдерін оқытуда өте ірі іргелі оқу орны екен. Осы фестивальға 1000-нан астам волонтерлер тартылыпты. Олардың барлығы ағылшын тілінде сайрап тұр. Тіпті, көшеде, сауда орындарында балаларға дейін ағылшынша сөйлегенін көрдік. Мемлекеттік іс-шара туралы ақпараттардың таралғаны сонша такси жүргізушіге дейін «Шарк, шарк» деп ізет жасайды. Самарқан өзінің байырғы сәулет ғимараттарымен, орта ғасырдағы жәдігерлерімен қымбат қала екен. ХII Дүниежүзілік фестиваль Самарқандағы Регистан алаңында өтті. Фестивальдің ашылу салтанатында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдениет мәселелері жөніндегі бас директоры Одри Азуле сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзербайжан республикалары мен Ресейдің мәдениет министерлері, біздің елден Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова бастаған өкілдер қатысты. Аталмыш фестивальдың мақсаты әлемдегі шығыс халықтарының дәстүрлі музыкалық мұраларын жаһандық жұтылудан сақтау, дамыту, насихаттау болып табылады.
Фестивальдің ашылу салтанатында Өзбекстанның халық әртістері Ю.Османова, М.Йулчиева, З.Суюнова, Н.Пирматова, К.Мирзаева, Г.Абдусаломова сынды белгілі өнер шеберлері мен «Навбахор», «Самарқанд», «Навруз», «Тумор», «Бұхара», «Навои», «Наманган» филармониялары әртістері, Ташкенттің атақты би ұжымдары тамаша композициялар көрсетті. Қазақтың белгілі ақыны Несіпбек Айтовтың сөзіне жазылған Жарылғасын Дәулетовтың ұранға айналған «Қазақ елі» әнін К.Алимахсумов пен Ясмиа Омар нақышына келтіре орындап төбемізді көкке жеткізді. Татарстан мен Молдавия халық әртісі Надежда Кадышева да фестивальдің құрметті қонағы болып өнер көрсетті. Фестивальдің бірінші күнінен бастап әлемнің 80 мемлекетінің этнографтары, өнер зерттеушілері, тарихшылар мен әдебиетшілер, фольклоршылары қатысқан «Шығыс халықтарының дәстүрлі музыкалық мұраларының дамуы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция орындаушылардың концертімен қатар жүріп отырды. Фестивальдің бір күнінде Самарқанд облысының Тайлақ ауданы халқына аргентиналық ансамблімен келген Сандра Рехдер, Испанияның «Вигэла», Қазақстанның «Бабалар сазы» ансамблдері концерт бердік. Өзбек халқының қонақжайлығына шек жоқ. Шынайы ниетпен қарсы алып, шығарып салды. Фестивальда Амстердамнан келген әлемге әйгілі «Мундус» триосы, Ереваннан Арсен Петросян квартеті, Египеттен «Тахт Шарки» ансамблі, эстониядан «Руут» дуэті, Тынық мұхитының Фиджи аралынан ВОУ дуэті, Испанияның «Вигела» тобы, Венгриядан «Роменго» ансамблі, Грециядан «Угарит» тобы, Латвиядан «Балти» тобы, Мянма республикасынан «Айе Су Кяу» үштігі, Пәкістаннан Акбар сыбызғышы, Перуден Луз Катарин, Португалиядан Мигел Бандейриня, Сингапурдан «YIN Harmony» тобы, АҚШ Чикагодан «Хенхаус Провлерс» ансамблі өнер көрсетті. Отыз үш мемлекеттің өнерпаздарының жиырма минуттық өнерін төрт күн бойы он адамнан құралған тәуелсіз қазылар алқасы сараптады. Олардың сапында Әзербайжан, Қытай, Корея, Қырғызстан, Эстония, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстанның консерваторияларының профессорлары, доценттері болды» дейді осы шараға барып, өз көзімен көріп қайтқан Ақсуаттағы Мәдениет үйінің директоры Шәкен Көпшікбаева.
Оның айтуынша, еліміздің намысын қорғаған «Бабалар сазы» этноансамблі фестивальдің үшінші күні сахнаға шығыпты. «Халқымыздың қара домбырасын бас қылып, қыл қобызын, жетігені мен шертерін, шаңқобызы мен саз сырнайын, ортекесін орғытып Алтай-Тарбағатай ән-күй мектебінен халық күйлері «Бұлғын сусар», «Қара жорға», әнші Е.Құжиманов «Үш теке», Дәулеткерейдің «Көроғлы», Жамбылдың «Ақындарға арнауын» әнші Т.Шәкәрімов пен А.Ахатұлы «Домбыра» шығармаларын орындады. Бұл фестивальға қатысқандардың барлығы дерлік облыстық, республикалық деңгейдегі филармония, өнер ұжымдары екенін айта кеткен орынды. Қағыс дыбысты қалт еткізбейтін қазылар алдында тарбағатайлық өнерпаздардың өнер көрсетуі де оңай болмағанын айту ләзім. «Өзбек өз ағайыным» демекші, қазақтың қоңыр домбырасы күмбірлей жөнелгенде қолдап, қолпаштағандары өнерпаздарымызға қанат бітірді. Дүниені дүбірлеткен фестивальдың Гран-Приі - 10 мың доллар сыйақыны Өзбекстанның дойрашы қызы М.Абдурашиева иеленді. 1 орын 5000 доллар сыйақы Қырғызстан қомызшылар дуэті мен Әзербайжаннан келген Парвиз Қасимовқа, 2 орын 3500 доллар сыйақы Түркіменстан «Арчабил» ансамблі мен Моңғолияның Хатан квартетіне берілді. 3 орынды (2000 доллар сыйақы) Ресейдің «Айархаан» триосы, Тәжікстанның «Бадахшон» ансамблі мен Өзбекстан «Нақш» ансамблі өзара бөлісті. «Дәстүрді жалғастырушылар» арнайы номинациямен Қазақстаннан барған «Бабалар сазы» этно ансамблі (500 доллар), Иран елінің «Сарай ханымдары», Үндістанның «Саманвая» ансамбльдері марапатталды. Елбасының «Жаһандағы Қазақстан мәдениет» жобасы жарияланғалы бері ұлттық музыкалық мұраларымызды 2014 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында, 2018 жылы Иран Ислам Республикасында, 2019 жылы Түркия елінің Анкара-Бурса қалаларында «Түркі халықтарының әуендері» атты халықаралық фестивальдарға, Петропавлдағы Сегіз серінің 200 жылдығына арналған «Гаухартас», Тараздағы «Көне ғасыр күмбірі» секілді республикалық фестивальдарға қатысып келе жатқан «Бабалар сазы» этно тобы - алыс ауылдағы қарапайым Мәдениет үйінің өнерпаздары. Ұлттық аспаптарымыздың үнін әлем елдері үніне ұластырып қайтқан өнерпаз ұжым үшін бұл байқау шеберлік мектебінен өтудің үлгісі болды. Осы ретте бізді үнемі қолдап жүретін Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасовқа алғысымызды білдіреміз» дейді Шәкен Көпшікбаева.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы