Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2019

Бөкей ордасы – бақуатты аудан

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның қиыр батысында орналасқан Бөкей ордасы ауданы – төрт түлік мал саны жөнінен ең бай өңірдің бірі. Аудан тұрғындарының саны 16072 адам болса, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде ірі қара – 69 857 бас, қой-ешкі – 92 198, жылқы – 25 308, түйе – 938 басқа жеткен.

Бөкей ордасы – бақуатты аудан

Есептесек, бөкейліктің әр тұрғынына орта есеппен 4 сиыр, 2 жылқы, 6 қойдан тиеді екен.

- Биылғы 1 қыркүйекте аудандық бюджет 3 млрд. 60 млн. 890 мың теңгені құрады. 8 айдың қорытындысында аудандық бюджетке 222 млн. 675 мың теңге салық түсіп, жоспар 111%-ға орындалды. 2019 жылдың 8 айы бойынша жалпы инвестиция көлемі 1 млрд. 666 млн. 290 мың теңгені құрап отыр. Осы уақытта ауыл шаруашылығы саласында 4 млрд. 152 млн. теңгенің өнімін өндірдік. Ауданда 513 шаруа қожалық бар. Аудан шаруашылықтары 4360 тонна ет, 10490 тонна сүт өндірді, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Аудан әкімінің айтуынша, ауданда шетелдік асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған жұмыс қарқынды жүруде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы Ресейден 166 бас, Белоруссиядан 143 бас герефорд және ангус тұқымды сиыр сатып алған. Жақында тағы бір шаруа қожалығы Белоруссиядан 105 бас асыл тұқымды қашар әкелуді жоспарлапты. Ауданда «асыл тұқымды мал шаруашылығы» мәртебесін алған 24 қожалық бар екен, олар 6872 бас асыл тұқымды мал өсіріп отыр.

Бір айта кетерлігі, алыстағы мал қыстақтары жаңа технологияны жаппай игеріп жатыр. Соңғы жылдарда 165 қыстақ күн батареясын орнатып алған. Биылдың өзінде 80 күн батареясы жаңадан қолданыла бастапты. Мемлекеттің мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету жобасы аясында биыл 18 құдық қазылған. «Күн батареяларын орнатқан және құдықтарын соққан шаруа қожалықтар мемлекеттен тиісті субсидияларын алып отыр» дейді аудан басшысы.

 

Батыс Қазақстан