Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Әңгіме өзегі – әдебиеттің ертеңі

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ақын-жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған жас ақындар мен жазушылардың республикалық форумы өз жұмысын бастады.

Әңгіме өзегі – әдебиеттің ертеңі

Алқалы жиынға қатысушылар алдында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөз сөйледі. «Әдебиет – бұл халықтың төл­құжаты», деп атап өткен ол жаңа технологиялар ғасырында кі­тап оқудың адам өмірінің бар­лық қырларында ма­ңызды рөл атқаратынына назар аударды.

– Заманауи әдебиет жастарға тартымды болуы керек. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының көз­дегені де осы, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Одан кейін сөз алған Қазақ­стан Жа­зушылар одағы төр­аға­сының орынбасары Бақыт Беделхан ұйым төрағасы Ұлық­бек Есдәулеттің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ол жергілікті ақын Жанат Жаңқаш, Олжас Қасым және басқа да жас әдебиетшілерге Қа­зақстан Жа­зушылар одағының мүше­лік билеттерін табыс етті.

– Таяуда астанамызда Азия елдері жазушыларының үлкен форумы өтті. Қарағанды форумын соның жалғасы деп баға­лауға болады. Бұл жиынды әде­биетшілердің өте уақтылы ұйым­дастырылған және аса қажетті кездесуі деп сеніммен айтуға болады. Біз бәріміз бірге заманауи әдебиеттің болашағын анық­тай аламыз деп ойлаймын, – дей келе Бақыт Беделхан форумды ұйымдастырған облыс басшы­лығына алғыс сезімін білдірді.

Форумда сөз сөйлеген ақын Исраил Сапарбай «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасының мән-маңызына баса назар аударды.

– «Рух» дегеніміз ол – адам­ның жан дүниесі. Біз оны дұрыс түсінуіміз керек. Бұл бүкіл халықтың рухани жаңғыруын білдіреді, – деді ақын.

Сондай-ақ алқалы жиында­ Сәкен Сей­фуллиннің 125 жыл­ды­ғы мен «Ege­men Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы­на байланысты басылым бас­­­шысы Дархан Қыдырәлі баяндама жа­­сады.

– Халқымыздың мақтанышы Сәкен Сейфуллиннің 125 жыл­дығы биыл өзінің 100 жылдық мерейтойы үстіндегі «Egemen Qazaqstan» үшін елеулі оқиға. Себебі ақын кезінде «Еңбекші қазақ» – қазіргі «Egemen Qazaq­stan» газетінде еңбек еткен. Ба­­сылым бетінде өзекті мәселе­лер­ді көтерді. Мысалы газетте «Қазақ» атын қайтару, қазақ ті­лінің мәр­тебесін көтеру туралы өткір материалдар жазғаны белгілі. Ахаңның – Ахмет Бай­тұр­сынұлының 50 жылдығын кең кө­лемде атап өтуге бастамашы бол­ған. Яғни, Сәкенді нағыз алаш­­шыл тұлға деп атауға әбден болады, – деді Дархан Қыдырәлі.

Алқалы жиынның ашылуында қонақтар алдында Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын сияқ­ты белгілі өнер­паздар Сәкеннің, Қасымның әндерін шыр­қады.

Форумның салтанатты ашылуынан кейін «Қазіргі заман қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және рөлі» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мұн­да сөз сөйлеген ақындар Се­рік Ақсұңқарұлы, Гүлнәр Салық­бай, Бақыт Беделхан, Ма­рал­тай Райымбекұлы, Тана­көз Толқынқызы, «Egemen Qazaq­stan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, жазушы Аягүл Мантай, әдебиеттанушы Жан­сая Жарылғапов  қазіргі қазақ әдебиетіндегі қадау-қадау мә­се­лелерге тоқталып, өздерінің құнды ұсыныстарын айтты.

Мысалы Дархан Қыдырәлі әдебиетте сын жанрын дамыту керектігін қозғаса, ақын Серік Ақсұңқарұлы қаламақы мә­се­лесіне назар аударатын кез жет­кенін айтты. Танакөз Толқын­қызы аударма жанрының біздің әдебиет үшін аса ма­ңызды жанр екендігіне баса мән берді. Ал ғалым Жансая Жарылғапов осындай жиындарға әдебиеттанушы мамандар да қатысса деген тіле­гін білдірді.

Жалпы ақын-жазушылар бас қосқан жиын аса қызықты және пайдалы пі­кірталас үрдісімен өрбіді. Форум қонақ­тары айтқан көкейге қонымды идеялар мен ұтымды ұсыныстардың жиынның маңызын арттыра түскенін де атап өткен ләзім.

Бүгін форум қонақтары Қара­ған­дының маңындағы Долинка кентінде орналасқан саяси қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу мұражайына экскурсия жасайды. Бұдан бөлек ақын-жазушылар кеншілер астанасындағы студент жастармен кездесулер өткізеді. Сондай-ақ форум қонақтары се­минарлар мен тренингтерге, шеберлік сабақтары және кітап тұсаукесерлеріне қатысады. Бағ­дарлама жоспары бойынша ал­қалы жиынның жұмысы жергі­лікті өнерпаздар күшімен қойы­латын гала-концертпен түйін­делмекші.

 

ҚАРАҒАНДЫ