Қоғам • 24 Қыркүйек, 2019

Ольга Рыпакова: Этносаралық татулық – ел тұтастығының кепілі

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық­қа арнаған алғашқы Жолдауында Қазақстан қоғамын толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға тұщымды жа­уап берілген. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдаудың аты айтып тұрғандай, маңызды құжатта қоғамдық диалогқа, ашықтыққа, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуға ерекше екпін берілген.

Ольга Рыпакова: Этносаралық татулық – ел тұтастығының кепілі

Мемлекет басшысы қоғам­дық келісімді нығайту қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік және этнос­тық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлес­кен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қа­лып­тастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!». Елі­міздегі этностық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз» деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы сөзі арқылы Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған еліміз­дегі этносаралық татулықты одан әрі нығайтуға ниетті екен­­дігін аңғартты. Бұл ретте бай­тақ Отанымызды мекен еткен өзге ұлт өкілдері де жауап­кер­ші­лік жүгін сезініп, ел бір­лігі жолын­дағы ортақ іске өз үлес­терін қосады деп ойлаймын.

Өзім спорт саласында жүр­гендіктен Президенттің спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамытуға қатысты айтқандарына айрықша назар аудардым. «Спорт инфра­құрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деді Мемлекет басшысы. Расында, бала  – біздің болашағымыз. Баланы спортқа кішкене кезінен бау­лыған дұрыс. Бұл ретте өзім тұратын Өскемен қаласында бала­лар үшін де, ересектер үшін де спортпен, оның ішінде бұқара­лық спортпен айналысуға тиіс­ті жағдай жасалып отыр. Қала­мызда жақында ғана «Самал» атты саябақ ашылды. Мұнда да спорт­тық құрылғылар көптеп орна­тылған. Жолдау аясында ал­да­ғы уақытта елімізде, облысы­мыз­да бұқаралық спорт одан әрі қа­рыш­­тап дамитынына сенім мол. 

 

Ольга РЫПАКОВА,

Олимпиада чемпионы

 

ӨСКЕМЕН