Руханият • 02 Қазан, 2019

Түркістан тарихын зерттеу – уақыт талабы

2294 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Оң­түс­тік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп өзгертіліп, облыстың әкім­шілік орталығын барша түркі-мұсылман жұртына қасиетті рухани орталық – Түркістан қаласына көшіру туралы шешім қабылданғанына бір жылдан астам уақыт өтті.

Түркістан тарихын зерттеу – уақыт талабы

Табиғи-географиялық құрылымына байланысты Азия құрлығы бес аймаққа бөлінеді: Алдыңғы, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс, Шығыс және Орталық Азия. Осы­лар­дың ішінде Еуропа мен Азия құрлы­ғының түйіскен жерінде орналас­қан Орталық Азия – түркі тілдес этнос­тар­дың ежелгі Отаны, түркілер үшін қасиетті жер болып саналады. Өйткені бұл жерден барлық түркі халықтары мен тайпалары бастау алады, олардың мәдениеттері мен тарихтары бірігеді.

Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, Орталық Азия жеріне алғашқы адамдар­дың бір миллион жыл бұрын таралғанын археология ғылымы дәлелдеді. Осы ай­мақ­та автохтонды, яғни түркі тілдес этнос­тардың бабалары мекендеген. Жер­гілікті тұрғындар адам баласының басы­нан өткерген тас, қола, темір, орта ғасыр және жаңа заман сияқты тари­­хи кезеңдерде өмір сүрген. Орталық Азия­да осы тарихи дәуірлерге жата­тын ар­хео­логиялық және сәулет ескерт­кіш­тері, тамаша жәдігерлер ашылды, олар жан-жақты зерттеліп, түркі тілдес этнос­тардың тарихына жаңалықтар енгізілді.

Миллиондаған этностардың ортақ бір атауы – «түрік» терминінің этимологиясы әлі күнге дейін шешілмей келеді.

«Түркістан» деген сөзді естігенде жүрегі елжіремейтін түркі баласы жоқ. Түркістан – түркілердің мыңжылдық атамекені, туып-өскен, еркін жайлаған атақонысы.

Мыңжылдық тарихымызда заманның ахуалына қарай «Түркістан» ұғымының аумақтық-географиялық сипатының өз­герістерге ұшыраған кездері де бол­ған. Тарих ғылымы «Түркістан» ұғы­мы­ның түрліше тарихи кезеңдерде қан­дай мән-мағына бергендігін былайша топшылауға болады:

– «Түркістан» десе жастардың көп­шілігі қазіргі облыс орталығы мәртебе­сіне ие болған Түркістан қаласын ғана еске алады. Бұл «Түркістан» ұғымының тек жеке бір қала атына қатысты ғана мағынасы. «Түркістан» ұғымының тарихи мағынасы бұдан әлдеқайда кең;

– біріншіден, орта ғасырларда Еура­зия құрлығының орталық бөлігін мекендеген түркілерді көршілес араб, парсы, қытай, гректерден нақты ажырату мақсатында қолданылған «Түркістан» ұғымы бар. Бұл жердегі «Түркістан» ұғымы қазір түркі тілдес халықтар мекендеп отырған барша аймақтарды қамтиды;

– екіншіден, кейбір ортағасырлық мұсылман авторларының еңбектерінде «Түркістан» ұғымы тек Сырдария мен Әмудария өзендері алқабын ғана қам­тығаны, ал аталған алқапқа кірмеген жерлерді басқаша атаумен, мысалы «Қыпшақ даласы» және с.с. аталғаны белгілі;

– үшіншіден, Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алмас бұрын орыс тарихнамасында Түркістанды екіге, яғни «Батыс Түркістан» немесе «Бұқара Түркі­станы» және Цинь империясы құра­­мындағы «Шығыс Түркістан» деп жіктеп көрсету дәстүрі қалыптасты. «Шы­ғыс Түркістан» ұғымы қолданыста әлі де кездеседі;

– төртіншіден, Ресей империясы Оңтүстік Қазақстан аумағы мен Орта Азияны толық жаулап алғаннан кейін «Батыс Түркістан» атауы көбінесе «Орыс Түркістаны» деп атала бастады;

– бесіншіден, 1865 жылы патша үкіметі Сырдария өзені алқабы мен Қоқан хандығының батыс аймақтарын қосып, Орынбор генерал-губернаторлығына бағы­натын «Түркістан облысын» құр­ды. 1867 жылы жеке «Түркістан гене­рал-губернаторлығы» құрылып, оның құрамында орталығы Ташкент пен Вер­ный қалалары болған Сырдария және Жетісу облыстары пайда болды. Кейі­нірек тағы да Самарқан, Закаспий, Ферғана облыстары құрылды. 1917 жыл­ғы революцияға дейін осы әкімшілік жіктеліс сақталды;

– алтыншыдан, 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін генерал-губерна­тор­лық жүйе жойылып, жай ғана «Түркі­стан өлкесі» деп атала бастады;

– жетіншіден, 1917 жылы Түркістан өлкесінің түркі-мұсылман зиялылары Қоқан қаласында «Түркістан мұхта­риятын» (Түркістан республикасын) жария­лаған болатын, бірақ өлкедегі билік­ті күшпен тартып алған еуропалық боль­шевиктер мен солшыл эсерлер 1918 жылы ақпанда әскери жолмен бұл авто­номиялық құрылымды талқандады;

– сегізіншіден, 1918 жылы көктемде Түркі­стан өлкесінде кеңес өкіметі «Түр­кістан кеңестік автономиялы респуб­ликасын» жариялады, ол 1924 жылы күзде жүргізілген ұлттық-аумақтық ме­же­­леуге дейін өмір сүрді. 1924 жыл­дан кейін «Түркістан» ұғымы тек қазір­гі Түркістан қаласының атына ғана қатыс­­ты қолданыла бастады.

Ертедегі ортағасырда (ХІ ғ.) әйгілі түрік ғұламасы Махмұд Қашқари өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «түрік» сөзіне және оның этимологиясына тоқталған. «Сахараның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұд Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды аралап жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік елдерінің әдебиеті мен тілін салыстырмалы түрде зерделеп, түзіп шыққан алғашқы энциклопедиялық кітап», – делінеді «Түрік сөздігінің» алғысөзінде.

Ғұламаның осы еңбегінде «түрік» сөзінің шығу тарихына төмендегіше тоқталған: «Түрік; Тәңірі жарылқаушы Нұқтың ұлының есімі. «Түрік» сөзі Нұқ ұлының есімі болып келгенде, жеке бір кісіні білдіреді, Нұқ әулетінің есімі болып келгенде, «бешеч – бешер» сөз сияқты жалпылық мәнді, көптеген адам тобын білдіреді. Бұл жеке де, жалпы да ма­ғын­ада қолданылады. Мәселен: «Рум» сөзі Тәңірі жарылқаушы Ысқақ­тың ұлы Иусуға және Иусу ұлы Румге есім бол­­ғандықтан, рум әулетінің де есімі бо­­лып келеді. «Түрік» сөзі де осындай.

Ұлы тәңірі: «Менің бір тайпа қосы­ным бар, оларды «түрік» деп атадым, олард­ы күншығысқа орналастырдым. Бір ұлысқа ашуланып, назалансам түрік­терді соларға қарсы саламын» депті.

Сондықтан да Тәңірдің өзі оларға ат берген, жер жүзінің ең биік, ыңғайлы, ең ауасы таза шұрайлы өлкелеріне орна­ластырған да, оларды «өз қосыным» деп санаған. Оның үстіне түріктер көр­кемдік, сүйкімділік, жарқын жүзділік, әдептілік, жүректілік, үлкендерді, қария­ларды құрметтеу, сөзінде тұру, мәрттік, кішіктік және тағы да сондай сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие.

Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» кітабындағы «түрік» сөзі туралы жаз­ғанын әдейі түгел келтірдік. Өйткені ғұлама «түрік» сөзінің мағынасы мен этимологиясына терең тоқталған. Оның сілтемеде берілген «түрік» сөзі туралы жазғандарына қарағанда, Орталық Азияның автохтондық этностары өзара бірлестік үшін күресіп жатқан кезде, көп санды тайпалардың бастарын біріктіруге қолайлы есім (этникалық атау) қажет болған. Олардың талабына сәйкес келетін Нұқ пайғамбардың ұлының есімі Түрк (Түрік) терминіне тоқталған.

Ежелден түріктер халықтың, елдің қадірін жақсы білген және елін бірлікте сақтау үшін тарихи тұлғалар бар күшін, ақыл-ойын аямаған. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қасиетті сезім халқы­мыз­дың сүйегіне сіңіп кеткен. Осындай қастерлі ұстанымның арқасында бір тектес Орталық Азия халықтарын біріктіруде «түрік» терминін қабылдаған. Орталық Азияны сонау Қара теңізге дейінгі ұланғайыр жерді мекендеген бір текті этностар өздерін «түрік халқымыз» деп атаған. «Түрік» термині уақытты білдірген жалпы мәнге ие: «Кемеліне келген ел» деген ұғымды білдіреді. Бұл этностардың жалпы атауы болуымен қатар, оның даму дәрежесін де білдірген. Білге қаған басқарған құдіретті түріктер им­периясы, яғни өсіп-өніп жетілген Түрік елі екенін білдірген.

Араб тіліндегі еңбектерде бұл қасиетті қалада исламның рухани мұрасын байытқан атақты адамдардың дүниеге келгені жазылған. Солардың бірі – ғұлама, ғалым, сoпылық филoсoфияның Орта Азияда нeгiзiн салған, «Диуани Хикмeт» (Даналық кiтабы) көнe түркi тiлiндeгi дiни өлeңдeр тoптамасын жазған Қожа Ахмет Ясауи.

Түркістан қаласы қазақ хандығының ең бірінші астанасы. Қаланың көне атауы –Ясы. Ясы Ұлы Жібек Жолының сау­­да ор­талығы және округі болған. XII ға­­сыр­да әсіресе Қожа Ахмет Ясауи көшіп келген соң ерекше атаққа ие болған.

Сөйтіп Ясы қаласы ХІV ғасырда түр­кі тілдес халықтардың діни орталы­ғына айналды. Тіпті оны «Хазреті Түр­кістан» немесе «Кіші Мекке» деп атаған. XV ғасырдан бастап Ясы қаласы Түркістан деп аталды.

Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани хикмет», «Мират-ул Қулуб», «Пақыр­нама» сияқты бізге жеткен мұраларынан көрі­неді. Ясауи қалыптастырған хикмет дәстүрінің Ислам ақиқатының халықтың жүрегіне жол тауып сіңірудегі маңызы зор болды. Олар хикмет дәстүрін таратуда зікір тәжірибесінің үш түрін: алқа зікірі, арра зікірі, құпия зікір формаларын қатар алып жүрді.

Ясауи хикметтерінің мәні, филосо­фия­сының өзегі – АДАМ. Адам кемел­дікке жетуі үшін қажетті білім – қәл ілімін игеріп, Аллахтың фазылымен берілетін – хәл іліміне жетуі керек. «Диуани хикметте» арифтердің Сұлтаны бастан-аяқ өзінің ғашықтық күйін, ғаріптік хәлін жырлайды. «Ариф ғашық тариқаттың дүр данасы» деген Ясауи ақиқатқа ішкі тәжірибе, өзін-өзі тану, діл тереңіне үңілу арқылы жетуге үн­дейді. Қожа Ахмет Ясауи қылуетке түсуінің мәні­сін халқымыз – Пайғамбарға деген махаб­баттың және сүннетке адалдықтың үлгісі ретінде аңызға қосқан.

Жергілікті халықтың салт-санасы мен сенім-нанымына, әдет-ғұрпына қай­шы келмейтін діни-мистикалық мектеп­тің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи шығармашылығы сопылық ағымның түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. «Ислам дінін тек араб тілі арқылы ғана тануға болады» деген түсінікті теріс­ке шығарып, сопылық әдебиет ұста­ным­дарын көне түркі әдеби тіл – шаға­тай тілінде сөйлетті. Қасиетті кітап­тың арабша мағынасын толықтай түсін­діру, шариғаттың қыр-сырын, дін қағи­даларын қалың қауымға өз тіл­дерін­де тереңнен таныту мақсатында хик­мет­терін жергілікті халыққа жақын айшық­ты поэзия тілімен жазды.

Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әмбиелер жөніндегі әпсаналарды хик­мет­терінде Түркі жұрты мен мұсылман ортасында белгілі орта ғасырлық ғалым­дардың бірі исламның таралуы үшін дүниеге әкелген сопылық филосо­фия­лық трактаттардың иесі Қожа Ахмет Ясауи келешек ұрпаққа елеулі мұра қал­дырды. Оның «Диуани Хикмет» атты туын­дысы адамгершілік, имандылық, әділ­дік, инабаттылық тәрізді күрделі мә­се­ле­лерді сипаттап ашып көрсетуге арналған.

Қожа Ахмет Ясауи өзінің бүкіл жар­қын қабі­леті мен дарынын, күш жігерін түркі халқына, туған еліне, жалпы түркі дүние­сіне, әсіресе өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсаған ғұлама.

Ендігі міндет – Түркістанның тарихын жан-жақты, кешенді түрде зерттеу. Білім беру ісі мен ғылымды қатар дамы­ту, өзара ұштастыру оңай шаруа емес. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университеті іргелі ғы­лым­ды дамыту, рухани жаңғыру аясын­да кешенді тарихи зерттеулерді жан­дандыру мақсатында Түркістан өлкесінің тарихын кешенді зерттейтін ғылыми орталығы жеті бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды.

Дария Қожамжарова,
М.Әуезов атындағы
ОҚМУ ректоры, академик