Қоғам • 15 Қазан, 2019

Нағима Байтенова: Діни алауыздықтың алдын алу – қауіпсіздік кепілі

754 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Діни экстремизм мен терроризм жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналды. Соңғы жылдары елімізде де лаңкестікке қарсы күрес белсенді қолға алына бастады. Осы мәселе жөнінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Нағима Байтеновамен сұқбаттасқан едік.

Нағима Байтенова: Діни алауыздықтың алдын алу – қауіпсіздік кепілі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Нағима Жаулыбайқызы, біздің қоғамда кейбір адамдардың ради­калды сенімге бейімділігі байқа­лад­ы. Мұның себебі неде деп ойлай­сыз?

– Шынында да, бұл мәселе бәрі­мізді ойландырады. Радикализм де фундаментализм сияқты, бүгінгі әлемде кең етек алған әлеуметтік көрініс. Бұрын-соңды тарихымызда ешуақытта дінге негізделген қақтығыс болған емес. Еліміздің аумағында ертеден әртүрлі діндер таралып, олар бір-бірі­мен толерантты қатынаста өмір сүрген. Қазақстан енді ғана тәуел­сіздік алған тұста Сорбонна (Фран­ция) университетінен келген докторант маған «Қалай ойлайсыз, болашақта Қазақстанда экстремизм мен терроризм таралуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойған-ды. Сонда мен: «Қазақстанда ондай идеология мен теріс іс-әрекеттердің орын алуы мүмкін емес, себебі ол біздің халқымыздың табиғатына жат нәрсе. Әрине, біз ашық қоғамбыз, сыртқы факторлардың әсерінен орын алуы мүмкін», деп жауап берген едім. Қазір де сол пікірдемін.

«Біздің қоғамда кейбіреулер радикал сенімге бейімділігі байқалады» деген пікірге қосыла алмаймын. Иә, біз ашық, сенгіш, ақкөңіл, еліктегіш халықпыз және бұл қасиет көп жағ­дай­да жастарға тән. Көпшілікке мәлім деструктивті, радикал ұйым­дар­дың әлеуметтік базасының 90-95%-ын жастар құрайды. Кез келген қоғам­да әртүрлі деңгейде белгілі бір әлеу­мет­тік, экономикалық, қаржылық, саяси, мәдени-рухани дағдарыс болады және олар ешуақытта діни қақты­ғыс­тар­ға, экстремизм мен терро­ризм­нің өрістеуіне өздігінен ықпал еткен емес. Алайда қоғамдағы шетін жағдайларды өздерінің саяси, тіпті геосаяси, эконо­ми­калық мүдделері үшін діни факторды желеу ретінде пайдалануға ұм­тылатын топтар, эмиссарлар мен мис­сионерлер бар. Өкінішке қарай, көп жағдайда, оңы мен солын айыра алмайтындар, әсіресе жастар сондай топтар­дың қуыршағына айналады.

– «Исламдағы секталар мен ба­ғыт­тар», «Қазақстандағы діндер» және тағы басқа кітаптардың авторысыз. Жалпы осы кітаптардан қа­лың жұртшылық хабардар ма?

– Біраз жыл бойы философия және ғылым методологиясы мен дінтану кафед­расының меңгерушісі ретінде қызмет істегенімде кафедрадағы дін­т­­а­нушылардан шығармашылық топ ұй­ым­­дастырып, дін саласындағы жаңа форматтағы оқулықтар, сөз­­діктер, ғылыми монографиялар, конфе­рен­циялардың материалдарынан тұратын жинақтар басып шығардық. 10 жылдай философия, мәдениеттану және дінтану мамандықтары бойынша докторлық диссертациялық кеңестің төрайымы қызметін атқардым. Сол жылдары нақ­ты­лы дінтану саласындағы алғашқы жоғарғы деңгейдегі білікті мамандарды: ғылым кандидаттары мен докторларын дайындадық. Жоғарыда аталған шығармашылық топ «Исламдағы секталар мен бағыттар», «Қазақстандағы діндер», «Дінтану», «Дәстүрден тыс діни ағымдар мен культтер», 3 томдық «Дінтанулық сөздік», 2 том­дық «Дінтану. Энциклопедиялық сөздік» және т.б. кітаптар шығарды. Бірақ бізде қалың оқырманға ғана емес, тіпті мамандарға да діни ақпарат жет­кізу жүйесі жеткілікті деңгейде дұрыс жолға қойылмаған. Өйткені көп­шілік осы әдебиеттер туралы біле бермейді, олар жеткілікті тиражда шы­ғарылмайды. Қоғамның бүлдіргі ағым­дар­дың әрекетінен бейхабар болатыны да осындай себептен туады.

– Экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында елімізде қан­дай ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­та­ры жүргізіліп жатыр?

– Осы бағытта, әсіресе соңғы жыл­дары, кешенді және жоспарлы түр­де жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл, әрине, осы саладағы барлық мәселені толық­қан­ды шешеді деп айта алмаймын. Себебі радикал топтардың басшылары да ұйымдастыру жұмыстарын белсенді жүргізіп, жаңа бір тәсілдерді қолдана бастағандығы байқалады. Экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мамандары бүлдіргі ағымдарға қарсы жұмыстың заманауи жаңа тәсілдерін, неғұрлым тиімді жолдарын жетілдіріп отыру қажет. Сондықтан алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыс көп.

– Қазақстанда діни білім беру жүйесі қаншалықты орнықты?

– Алдымен діни және дінтану саласындағы білім беру жүйесі екі ба­ғыттағы білім жүйесі екендігін де естен шығармауымыз керек. Діни білім беру жүйесі дін саласындағы қыз­меткерлерді немесе діннің негізгі ұста­нымдары мен доктринасын оқып бі­лгісі келетіндерге бағытталған. Ал дінтану бағытындағы білім беру жүйесінде барлық діндер бейтарап объективті түрде, ғылыми, зайыр­лы­лық принципіне негізделе отырып оқы­тылады, зерттеледі. Бұл жер­де дін саласындағы ғалымдар, ұс­таздар, әртүрлі мемлекеттік ұйым­дар­­да қызмет істейтін мамандар даяр­ла­нады.

Діни білім беру жүйесіне келетін болсақ, бүгінде Қазақстанда Діни басқармаға қарасты 1 университет, 1 имамдардың білімін жетілдіру институты, 11 медресе, 2 қарилар орталығы жұмыс істейді. Тек қана Алматы қаласының өзінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты, Әбу Ханифа, «Үшқоңыр» медреселері діни білім беруде. «Үшқоңыр» медресесінде қыздар бөлімі ашылған, бүгінде кейбір медре­селерге колледж мәртебесі беріл­ді. Ал дінтану бағытындағы білім беру жүйесі де белгілі бір деңгейде қалып­тасып, осы салада бірнеше қазақстандық университет өзіндік үлесін қосып жатыр. Олар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті. Аталған университеттер дінтанушылар мен исламтанушыларды 3 деңгейде: бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлерінде даярлайды. Осы уақытқа дейін біз негізінен жалпы дінтанушылар мен исламтанушыларды дайындадық. Діни жағдайдың барған сайын шиеленісуіне байланыс­ты аталған мамандарға қойылатын талап та күшейді, ендеше дін психологтары, дін әлеуметтанушылары, дін заңгерлері керек. Осы мамандықтарды дайындау уақыт сұранысынан туындап отыр. Сол сияқты, жалпы исламтанушыларды дайындау жеткіліксіз, фикх, ақида, қалам сияқты салалардың нақтылы мамандарын дайындау қажет. Осыған орай, дінтану және исламтану факультетін ашу заман сұранысына оң жауап болар еді.

– «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың 2018-2022 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасының» ерек­ше­лі­гі неде?

– Бұл мемлекеттік бағдарлама қазіргі кезеңде әлемде болып жатқан гео­саяси өзгерістерге, ең алдымен Қазақстанда діни жағдайдың күрде­лен­уіне, терроризм қатерінің өрши түсуіне, мемлекеттің қауіпсіздік ахуа­лына тікелей байланысты. «Тер­роризм­­ге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдар қабылданды, онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оған қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері белгіленген.

Біздің елімізде 2011-2012 жылдар аралығында 12 террорлық акт жасалса, 2008-2013 жылдар аралығында террористік қылмыстары үшін соттал­ған адам саны – 27-ден 171-ге дейін, ал экстремистік қылмыс үшін сотталғандардың саны – 56-дан 168-ге дейін жетті. Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекет туралы 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­лама діни экстремизм мен терроризмге қарсы жалпы мемлекеттік жүйені дамытуға мүмкіндік берді. Діни ахуалдың шиеленісуіне байланысты соңғы қабылданған бағ­дарлама 2013-2017 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламаның жал­ғасы. Жаңа бағдарламада, әсіресе антитер­рорлық дүниетанымның, жалпы антитеррорлық өмірлік позиция­сы­ның қалыптасуына ерекше назар ауда­рыл­ды, оның негізгі мақсаты – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жаңа геосаяси және діни жағдайларға байланысты әрі қарай жетілдіру, оның тиімділігін арттыру, жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету.

– Қазіргі таңда діни тұрақтылық пен зайырлы мемлекеттің ұста­ным­да­рын сақтау таразысын қалай тең ұстауға болады?

– Бізде әлі де болса кеңестік, атеис­тік түсінік басымдау. Зайыр­лы­лық, зайырлы мемлекет дегеніміз дінді жоққа шығару немесе дінге қарсы тұру дегенді білдірмейді. Зайырлы мемлекетте дін мен мемлекет бір-бірінен ажыратылған, яғни әрқайсысы бір-бірінің ісіне аралас­пай, әрқайсысы өз аумағында қызмет етеді. Мемлекет тарапынан осы мәселені реттеу үшін нақтылы қалыптасқан елдегі ішкі және елге әсер ететін сыртқы фак­тор­ларға байланысты заңнамалар қабыл­данып отырады. Және ол заңдар діни ұйымдар мен мемлекеттің, жеке адам мен мемлекеттің, жеке адам мен діни ұйымдардың, әртүрлі мемле­кеттік және мемлекеттік емес ұйым­дардың, бір сөзбен айтқанда, қоғам мүшелерінің және барлық діни және діни емес ұйымдардың бірдей деңгейде заң алдындағы жауап­кершілігін айқындайды. Дінге қа­тыс­ты мемлекеттің негізгі міндеті – қоғамдағы діни тұрақтылықты сақ­­тай отырып зайырлылық қағи­да­ларының сақталуын қадағалау. Егер діни ұйымдар тарапынан заңды бұзу, мойындамау, қоғамның басқа мүшелеріне, олардың діни және ар-ождан бостандығына, ден­сау­лы­ғына, қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарға, жеке адам мен жалпы мемлекет, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіргенде, қауіп-қатер тудырғанда мемлекет өз міндетін атқаруы тиіс.

Діни тұрақтылық пен зайырлы мемлекеттің ұстанымдарын сақтап қалу үшін елімізде дінге қатыс­ты саясат толеранттылық, өзара сый­­ластық принциптерінің ны­ғаюы маңызды. Көпэтносты және көп­кон­фессиялы еліміз үшін бұл өте өзекті. Әрине, бұл жерде толеранттылық қағи­да­ла­рын қолданудың да шегі бар екенін ескере кету керек. Яғни бүлдіргі ағымдар шектен шыққанда, заңымызды бұзып, әр­түрлі радикалды, экстремистік, террористік іс-әрекеттерге барғанда ұлт­тық қауіп­сіз­дік тұрғысынан мемле­кет шұғыл шара қабылдауы тиіс. Себебі мемлекет өз азаматтарының қауіп­сіз­ді­гінің кепілі саналады.

 

Әңгімелескен

Марал ШАЙХЫ,

журналист,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін