Рухани келісім күніне орай облыс орталығы – Өскеменде «Рухани музыка және поэзия кеші» өтті. Шара аясында Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында көрме ашылып, құнды жәдігерлер келуші жұрттың назарына ұсынылды. Жәдігерлер ішінде 1637 жылы Мәскеу баспа сарайында басылған діни кітаптар, Құран-Кәрімнің бірнеше тілге аударылған нұсқалары, 1830-шы жылдардың басында бай көпестер салдырған Өскемендегі алғашқы мұсылман мешіті, қазіргі Жастар саябағы аумағында тұрған Покров ғибадатханасының макеттері бар.
Көрмені жұртшылықпен бірге облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да тамашалап, Достық үйінде өткен рухани кешке қатысып, облыс тұрғындарын Рухани келісім күнімен құттықтап, өңірде ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген бір топ мемлекеттік қызметшілер мен діни бірлестіктер жетекшілерін марапаттады. «Бұл мерекенің көпұлтты және көпконфессиялы еліміздің өркендеп, дамуында алатын мәні мен маңызы ерекше. Сондықтан да Елбасымыз 1992 жылдың 18 қазанында Рухани келісім күнін бекітті. Оның нәтижесін өздеріңіз бүгін көріп отырсыздар. Біздің облыста да түрлі ұлттар мен ұлыстар діні мен сеніміне қарамастан тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осындай тамаша күні барша шығысқазақстандықтардың отбасына бақыт, татулық пен келісім тілеймін» деді облыс әкімінің орынбасары.
ӨСКЕМЕН