Президент • 21 Қазан, 2019

Президент Архивіне – 25 жыл

192 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізінде құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 25 жылдық мерейтойын атап өтуді бастады.

Президент Архивіне – 25 жыл

Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің, оның Әкімші­лігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынысты басқа да мемлекеттік органдардың қызметтерін архивтік қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындап келе жатқан Президент Архи­ві құрылғанына ширек ғасыр толған атаулы күнге орай «Қазіргі кезеңдегі архив ісі: мәселелер, тәжірибелер, инновациялар» атты II халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция ұйымдас­тырылды. II халықаралық ғылыми-тә­жі­рибелік конференция архив ісінің жағдайы мен дамуы мәсе­лелеріне арналды. Конференция өткізіп, өзара байланыс жасау жа­ңа идеяларды әзірлеуде, кәсіби тәжі­рибелер мен пікір алмасуда аса маңызды орын алатыны бел­гілі.

Қазақстан Республикасы Пре­­зиденті Кеңсесінің басшы­сы Н.Онжанов конференция қаты­сушыларына арнайы құт­тықтау хатын жолдады. «Биылғы форум ел дамуының келелі кезең­дерін баяндайтын, баға жетпес бай мәдени және рухани мұра­ларға қол жеткізуге, ұрпақ­тар сабақ­тастығы мен уақыт бе­дері­нің байланысын сезі­нуге мүм­­кіндік беретін құжат­тың қайнар­­көзі – Қазақстан Рес­публи­­касы Президенті Архивінің құрыл­­ғанына 25 жыл толуына орай­лас­тырылып отыр. Мұн­дай маңызды мерейтой өз кәсі­біне адал берілген және іске жа­уап­кершілікпен қарайтын қызмет­керлердің адал, ізденімпаз еңбе­гін атап өтудің жарқын көрі­нісі. Мемлекет тарапынан Қазақ­стан Республикасының ұлттық ар­хив қорын толықтыру және архив саласын жетілдіруге бағыт­талған шараларға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Кон­фе­ренцияның құры­лым­дық бағыт­та өтетініне, ал айтыл­ған идея­лар мен кеңестер қаты­су­шылар ара­сын­дағы кәсіби байланыс­тарды одан әрі нығайтуға және олар­ды жү­зеге асырудың тәжіри­белік ша­ра­ларын әзірлеуге көмек­те­сеті­ніне сенемін» деген ол хатында.  

Халықаралық конференция жұ­мысына Қазақстан, Қырғыз­стан, Польша, Ресей және Өз­бек­­стан мемлекеттерінің архив ісін­дегі жетекші сарапшылары мен тәжірибелі мамандары ша­қырылыпты. Тарихи мұраны наси­хаттау мақсатында Президент Архиві «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында қоғамдық маңызды іс-шараларды тұрақ­ты түрде өткізіп келеді. Іс-шара­лардың басым бөлігі отандық және шетелдік архивтермен, мә­дениет ұйымдары, оқу орындары және тағы басқа мекемелер­мен бірлескен түрде ұйымдас­тырылады. Архивте шет мем­лекеттердегі әріптестерінің қатысуымен шағын басқосулар, ғылыми мәні жоғары жиындар жиі өтеді. Қазақстандық әріп­тестерімен тұрақты әрі мы­ғым байланыс орнатқан В.Пи­лецкий атындағы Тілектестік және батылдық институты «Шы­ғыс архиві» ғылыми бағдарла­ма­сының меңгерушісі, тарих ғылым­дарының докторы Ежи Рого­зински Қазақстанға жер ауда­рылған поляк отбасы Яблон­скийлерді ажалдан аман алып қалған мақтааралдық қария Та­сыбай Әбдікәрімовке Польшаның Алғыс орденін табыстауға ұйыт­қы болғаны мәлім. Ал оның жерлесі, Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейі­нің ғылыми қызметкері Дмит­рий Панто болса «Поляктар мен Поль­ша азаматтарының Қазақ­станға жер аударылуы. Қа­зақстан Республикасы Пре­зидент Архивінің құжаттары бойынша» атты кітап жариялаған еді. Кітап жақында ғана поляк тілінде жарық көрді. Қазір ол Президент Архиві деректері негізінде жазылатын екінші кітабын жазу жұмысын бастап кетті.

Президент Архивінде Қазақ­стан­ның ХХ–ХХІ ғасырдағы сая­си тарихының құжаттары сақ­талған. 2019 жылғы 1 қаңтардағы деректер бойынша архив қоры 810 мыңнан астам сақтау бірлігін құрап отыр. 

Архив ел Президентіне тіке­лей бағынысты мемлекеттік ор­гандардың, сонымен қатар қоғам­дық бірлестіктердің, Қазақстан хал­қы Ассамблеясының құрылы­мына енетін ұлттық мәдени орта­лықтардың құжаттарын жинақ­тайды.

Архив IT-технологияларды қолдану саласындағы отандық жетекші архив мекемелерінің бірі болып табылады. Архивте 80 мыңға жуық істердің цифр­лы форматқа өткізілген архив құжат­тары еліміздегі пайдалану қо­рының ең көлемдісі болып табы­латын Элек­тронды архив қызмет етеді, қор жыл сайын цифрлы форматқа көшірілген 25 мың сақтау бірлі­гімен толықтырылып отырады.

Осы уақыт аралығында Ар­хив­тің оқырман залында отандық және шетелдік 7 мыңнан астам ғалым-зерттеушілер іздестіру жұ­мыстарымен айналысты. Атал­ған жылдар көлемінде 150-ден астам әдістемелік құралдар, жадынама дайындалды. Ведомстволық архив және іс жүргізу қызметінің қызметкерлеріне арналған 170 семинар-кеңес, іскерлік ойындар, шеберлік сабақтары және кәсіби тренингтердің басқа да түрлері өткізілді.

Конференцияда әлемдік архив ғылымының жетістіктері және экономика мен қоғамның жеделдетілген технологиялық жаңғыруының тәжірибелерін, тиімді ақпараттық іздеуді ұйым­дастыруды, ақпараттық ресурс­тар­ды іріктеу, сканерлеу, каталог­тау, архивтік мәліметтер базасына қолжетімділік және тағы да басқа өзекті  мәселелерді қарас­тыру, сонымен қатар архив ісі­нің жағдайы мен даму келе­шегі талқылануда. Басты назар архив­тердегі цифрлы ресурс­тарды ин­теграциялау жағдайы мен бола­шағына, біртұтас ақпа­рат­тық ке­ңістіктің бөлшегі ретін­де ақпа­рат­тық архивтік ортаны құруға ауда­рылып отыр.

Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Мә­де­ниет және спорт министр­лігінің, дип­ло­матиялық корпус өкілдері, Қазақ­стандағы мемлекеттік архив мекемелерінің басшылары қатысуда.

 

АЛМАТЫ