Руханият • 22 Қазан, 2019

Тарихымыздың құты – Тайқазан

9580 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иә, сирек кездесетін 7 түрлі металл қоспасынан құйыл­ған бұл Тайқазанға биыл – 620, ал оның Түркістанға әке­­лін­геніне 30 жыл толып отыр.

Тарихымыздың құты – Тайқазан

Жалпы салмағы 2 тонна, сыйым­дылығы 3 мың литр болатын қазан су құюға ғана арналған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған.

Зерттеушілердің дерегінше, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған. Бүгінде қазан құйылған пештің орны анықталып, сол кезде жұмыс істеген шеберлер жайлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесінде сақталған ортағасыр­лық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Тұранның би­леушісі Әмір Темірдің бұй­ры­ғымен Түркістаннан 25 ша­қырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебер­дің ұстаханасында құйыл­ған. Тайқазан 1935 жылы Ленин­­град, қазіргі Санкт-Петер­бург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықара­лық конференциясына үш айға жі­­берілгенімен 54 жылдан ке­йін, яғни 1989 жылдың 18 қыр­­күйегінде тарихи отанына қай­та оралды.  Бұл іске, яғни кө­не жәдігердің Түркістанға әке­лінуі­не мемлекет және қоғам қай­­рат­кері, ғалым-этнограф Өзбе­­к­әлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.

Алып қазанның сыртында үш қатар жазу бар. Алғаш­қы қатарда Құранның Тәубе сүресінің 19-аятынан үзінді Пайғамбарымыздың: «Кімде- кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды», – деген хадисімен жалғасқан. Сон­дай-ақ «Әлемдегі шайхтар­дың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған», – деген сөзбен қатар «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл», – деп уақытты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымызша, 25 маусым 1399 жыл деген сөз. Тайқазанның авторы өз аты-жөнін жазуды да ұмытпапты.

Ал жуырда «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру», «Ұлы дала­ның жеті қыры» бағдарла­малық мақалаларын негізге ала отырып, атаулы датаға орай көрме ұйымдастырды. Орта­ғасырлық құнды мұраларды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылығын оятуды мақсат еткен көрме «Қайта оралған жәдігер» тақырыбында Түркістан қаласының Әмір Темір атындағы жалпы орта мектебінде өтті. Қорық-музей қызметкері К.Әсетова әлемдегі ең үлкен қазан жайлы мұғалімдер мен оқушыларға әңгімелеп, көне мұраға қатысты тың деректермен бөлісті.

«Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­­ламалық мақаласында кейінгі жыл­дары табылған тарихи жәді­герлер біздің баба­ларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Қорық-музей өткізіп отырған көрме де бүгінгі ұрпақтың тари­хы­мызға тың көзбен қарауына, бабаларымыздың мұрасын терең тани түсуіне мүмкіндік жасай­ды», – дейді көрме ұйым­дастыру­шылары.

Көрменің экспозициясына 50-ге жуық жәдігер қойылған. Олардың қатарында орыс саяхатшысы А.Кунның альбомындағы 1864 жылғы фотосуреттер мен 1935 жылы Тайқазанды Санкт-Петербургке алып бара жатқандағы мұрағат­тық сурет бар және 1989 жылы Эрмитаж музейінен Тайқа­занды шығарып жатқан сәтінің мұрағаттық суреті де қойылған. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген тұлға­лардың фотосуреттері және қорық-музейдің мұрындық болуы­мен 2009-2014 жылдар ара­лығында өткен жастар ара­сын­дағы қазақ күресінен респуб­ликалық «Тайқазан» турнирі­нің фотосуреттері, медаль­дары мен мұрағаттық құжат­тары көпшілік назарына ұсынылды.

 

Түркістан облысы