Әлем • 31 Қазан, 2019

Қазақстан – ЭКОСАИ президенті

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркия астанасы Ыстанбұл қаласында өткен Экономикалық ынтымақтастық елдерінің жоғары аудит органдары ұйымдарының VIII ассамблеясында Қазақстан ЭКОСАИ президенті болып сайланды.

Қазақстан – ЭКОСАИ президенті

Бұл еліміз үшін жауапты әрі құрметті миссия. Яғни Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға мүмкіндік береді және шетелдермен әріптестік байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

21-23 қазан аралығында өткен ассамблеяға еліміздің Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова бастаған деле­гация қатысты. Сондай-ақ ассамблея аясында 8-симпозиум және басқар­ма кеңесінің 24-отырысы өткізілді. Ассам­блея жұмысына Ауғанстан, Әзербай­жан, Беларусь, Иран, Қазақстан, Қатар, Қыр­ғызстан, Кувейт, Пәкістан, Палестина, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия­дан келген 13 елдің жоғары аудит орган­дарының өкілдері қатысты. Күн тәртібі­нің негізгі тақырыптары ретінде «Аудит жүргізудің тиімділігі және аудиторлық тексеру­лердің нәтижелілігі» және «Мемле­кет-жекеменшік әріптестігі ұйымда­рының тиімді аудиті» таңдалды.

ЭКОСАИ Бас хатшысы Джаваид Джехангир 2016-2018 жылдары жүргі­зіл­ген жұмыстың нәтижелері туралы ха­бар­дар етті. Иранның және Тәжікстан­ның ЖАО ұсынған Аудит жөніндегі комитеттің ЭКОСАИ есептерін ауди­тор­лық тексеру есептері, ЭКОСАИ-дың тре­нингтік комитетінің 19-отырысының есебі және 2018-2021 жылдарға арналған бюд­жет қаралып, бекітілді. Сонымен қатар ұйымның негізгі басымдықтары талқы­ланды және ЭКОСАИ-дың 2019-2022 жыл­дарға арналған оқу жоспары бекітілді.

Еліміздің Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ассамблеяның негізгі тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол мемлекеттік аудитті дамытудың негізгі бағыттары туралы айтып, мемлекеттік аудиттің қаржылық бақылаудың ұлт­тық жүйесін жетілдіру бойынша Қазақ­стан­ның тәжірибесімен бөлісті.

«2015 жылы қабылданған «Мем­лекет­тік аудит және қаржылық бақылау туралы» заң республикалық бюджет жобасын шығыстардың негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау, бюджеттің атқарылуын және Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын ағымдағы баға­лау, мемлекеттік борышты басқаруға аудит жүргізу және басқа да бірқатар бағыт­тар бойынша өкілеттіктерді бере отырып, Есеп комитетінің функцияларын едәуір кеңейтті. Осыны ескере отырып, біздің жұмысымыздың басты бағыты тиімділікті талдау және оның өсуіне арналған резервтерді анықтау, сондай-ақ алдын алу шараларын қолдану болды», деді Қазақстанның Есеп комитетінің басшысы.

Сондай-ақ Наталья Годунова Қазақ­стан Республикасының Парламенті биыл­ғы бюджет қаражаты мен мемлекет ак­тивтерін тиімсіз жоспарлағаны және пай­даланғаны үшін мемлекеттік органдар­дың лауазымды адамдарының жауапкер­шілігін қатаңдату бөлігінде қолданыс­тағы заңнаманы өзгерту жөніндегі Есеп комитетінің бастамасына қолдау біл­діргенін атап өтті.

«Біздің ойымызша, аталған өзгерісті қабылдау аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне жағымды әсер етеді және елдегі бюджеттік жоспарлау саясатын айтарлықтай өзгертеді. Сонымен қатар аудиторлық тексерулердің нәтижелілігіне сапаны бақылау жүйесі де маңызды әсер етеді», деді ол.

ЭКОСАИ-дың Тренингтік комитетінің 19-отырысы барысында ЭКОСАИ-дың 2019-2022 жылдарға арналған дайындау бағдарламасы аясында 2021 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік борышқа аудит жүргізу» оқу бағдарламасын өткізу туралы шешім қабылданды.