Театр • 01 Қараша, 2019

«Наз» – назардағы театр

970 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Жастар театрында «Наз» мемлекеттік би театрының «Жиырма жылдық би ғұмыр» атты мерейтойлық концерті өтті.

«Наз» – назардағы театр

 

Би кешіне жиылған жұртшы­лықты Жастар театрының фойе­сінде ерекше тарту-таралғы күтіп тұрды. Әріптестеріне сый жасап жүрген маңғыстаулық хореограф – Серік Сариев. Би өнерін құрметтеп, дәріптейтін азамат қылқалам шеберлеріне арнайы тапсырыс жасап, би өнері майталмандарының пор­треттерін салғызыпты. Майлы бояу­мен, асқан шеберлікпен салын­ған дүниелердің әрқай­сысы да өзінше сырлы, құнды. «Жақсыны көрмек үшін» дегендей бұл портреттердің «Да­на­лар. Мәшһүрлер. Ұлы­лар» атауымен арнайы көрме­сі ұйым­­дастырылып, оны Қа­зақ ұлттық хореография ака­де­мия­­­сының профессоры, Қазақ­стан­ның еңбек сіңір­ген әртісі Тойған Ізім мен Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, қою­шы-балетмейс­тер Айгүл Тәти ашты.

«Наз» – еліміздегі алғашқы кәсіби би театры. 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясы жанынан алғаш «Наз» халық би ансамблі болып құрылған. 2007 жылы Ас­тана қаласы әкімдігінің «Наз» мем­лекеттік би театры болып аталды. Театрдың іргетасын қалаған кәсіби хореографтар Еркебұлан және Хадиша Ағымбаевтар. «Наз» құрылған күннен бас­тап  Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдени іс-шараларға белсене қатысып, көпшіліктің ілтипаты мен құрметіне бөленіп келе жат­қан маңдайалды мәдени ұжым­дар қатарында. Концерттің ашылу барысында құттықтау сөз сөй­леген «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Сұлтан Срайылов театрдың жиырма жылда жеткен жетістіктерінің қомақты екенін жеткізді. Осы кеште Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов театр әртісі Азамат Бектеміровті «Құрмет» грамотасымен, Ақан Рысқалиев және Наталья Леон­тьеваны «Мәдениет сала­сы­ның үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Концерттік бағдарламада көрер­мендер қазақтың ұлт­тық билері мен әлем халық­та­рының билерін тамаша­лап, хореографиялық спектакль­дерден үзінділер көрді. Мың бұралған бишілер қалам­гер­лердің сағаттап жазатын сезім дүниелерін санаулы ми­нут­тарға сыйғызып, көрер­мен­дерді көркемдік әлеміне қонақ етті. Оның ішінде дара талант Нұрғиса Тілендиевке ар­нал­ған «Нұрғиса» би-спек­таклі, әлемдік тарихта орны бар ба­һа­дүр қолбасшыға арналған «Шыңғыс хан» қойылымы, шығыс ертегілері негізінде сах­на­ланған «1001 түн», жасөс­пірім­­дерге арналған «У сана» хореографиялық спектаклі көр­кем­дік эстетикасы өте жоғары, театрдың қолтаңбасы анық бай­қалатын дара дүниелер екенін айту керек.

Әртістің сахналық костюмі оның өнеріне әр беріп, шығар­машылық тұлғасын маңызды етіп көрсетеді. Бұл орайда­ «Наз­дың» «Зекен мода» сән үйімен шығармашылық бай­ланысының жөні бөлек. «Наз­дың» мерейтойында кө­рер­­мендер аталған сән үйі­нің «Жастар жалыны» атты дефилесін тамашалады.

«Наз» мемлекеттік би теат­ры былтыр 20 жыл­дық­ мерейтойларына арнап «Би – сезімнің поэзия­сы» атты республикалық жыр мү­шәйра­сын жариялаған екен. Кон­церттік кеште мүшәйраның қоры­тындысы да шығарылды. Ұлттық билеріміздің мәртебесін көтеру, би өнерінің халықтың тұрмыс-тіршілігінде алатын орнын анықтау мақсатында жария­ланған мүшәйраға ақындар көп­теген өлең жіберген. Соның ішінде ең үздік өлеңдердің топтамасы Толқын Сұлтанның «Наз мемлекеттік би театры. Жиырма жылдық белес» атты театр тарихынан сыр шертетін кітабына еніпті. Кітап жақын күндері бас­падан шығып, оқырманға жол тартатын болады. Ал мүшәйраға келетін болсақ, жүзден жүйрік шыққан ақындардың есімдері кеш барысында белгілі болып, тиесілі сыйлықтары табысталды. Ынталандыру сыйлығы және алғыс хатпен Серік Сейт­ман, Әскерхан Ақтай, Қуат Ежем­бек, Нарқұлан Райхан секілді ақындар марапатталды. Жүлделі ІІІ орын, диплом және 100 000 теңге ақшалай сый­лыққа ақындар Жұма-Назар Сомжүрек пен Қалқаман Сарин ие болды. ІІ орынның 200 000 тең­гесі мен дипломы ақын Асхат Аймағанбетовты тапты. Ал байқаудың І орнын және 300 000 теңге ақшалай сыйлық пен дипломды ақын Азамат Мәлжанбай алды.

 

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»