Аймақтар • 01 Қараша, 2019

«Сахна – сағынышым менің!»

515 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Сахна – сағынышым менің!»

 – Бала кездегі арман ғана емес, сахна – менің өмірлік сағынышым болып келеді. Басымнан аса ауыр күндер өткен жылдары емделуіме байланысты 8 ай бойы театрға бара алмадым. Сонда Қостанайдағы сәнді-сәулетті театрымның тұсы­нан өткенде көз жасыма ие бола алмайтын едім. Сахнаны аңсатып жүрегімдегі мейіздей қатқан са­ғы­ныш көз жасыммен еріп бара жатқандай сезінетінмін, – деп бас­тады І.Омаров атындағы облыс­тық қазақ драма театрының белді актрисасы Ақдәмен Досанова. Ол сахнаға, театрға деген ын­тызарлық сезімнен арылған емес. «Өмірім сахнасыз болса қай­тер едім?» деген баланың қиялындай ойға да берілетін кезі бар. Міне, жасы алпысты алқымдағанда соның себебін өзі тапқан сыңайлы.

– Сахнаның тазалығынан екен ғой. Мен сахнаға шыққанда жаман, кірлеген киімді шешіп тастап кет­кендей әсерде жүремін. Сахна әртістің де, залдағы көрерменнің де жүрегін тазалайды. Өнердің кие­сі бар дейтіні де сол шығар, сірә, – дейді Ақдәмен. Өнер адамға қан­мен берілетін де құ­дірет екені дәлел­деуді қажет етпесе керек-ті. Әкесі Әбдуәли ақсақал өнерден құр­­алақан емес еді. Ал нағашысы Сардан жырау­ды Торғай өңірі ұмыта қойған жоқ. Ақын Серікбай Оспанов Ақдә­менге арнаған бір өле­ңін­де:«Әбекең – әкеңіз ән сал­ған еді, нағашың жыршы-жырау Сар­дан еді» деп айтса-айтқандай екен.

 Ақдәменнің әкесі Әбдуәли аштық жылдары тұлдыр жетім қалыпты. Алматыдағы бір ағайындары баланы алып кетіп, қамқорлық жасайды. Мектепте оқып жүрген зерек бала театр­дан қалмайды екен. Сахнаның аққуындай Күләштің, Шараның, Қанабектің, Қалибектің, сол кез­дегі ел аузында аңыз болып кеткен дарындардың өнерін тамашалайды. «Қыз Жібек» операсындағы арияларды өзі жақсы білген, ыңылдап айтып отыратын болған.

– Әкем ауылда алғашқылардың бірі болып патефон сатып алды. Аудан орталығына, Алматыға барса пластинкасыз келмейді. Қазақтың барлық әнін ауылда жұрт біздің үйден тыңдайтын.Оның үстіне радиосыз үй кемде-кем еді ғой. Содан ба екен, мен де әнге құмар болдым, – дейді ол.

Халық композиторларының, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Нұрғиса Тілендиев­тің әндерін, «Гауһартас», «Ал­қоңыр», «Дайди­дау» сынды ән жауһарларын ол радиодан, пате­фоннан үйренеді. Бірақ қазақтың баласындағы ұяңдық Ақдәменді де айналып өтпепті. Балалары көп шетінеген ата-анасының Ақдәмені үйдің еркесі болса да, ән айтқысы келетінін ата-анасынан жасырып, ұялып жүреді. «Әнші болсам, сахнада жүрсем» деген балалық арманын да айтуға әке-шешесі жақтырмайтын болар деп бата алмайды. Халқымыздың өмірі кең далада әнмен өтсе де, қазақ ауылдарында өнер адамына деген көзқарас неге дұрыс болмағанына таңғаласың. Ортаның осындай әсерінен жасөспірім Ақдәмен де бойындағы ұшқын атқан өнерін өзі жерлеп жүрді. Қызы мектепті бітірген соң, ата-анасы: «Қызым, кім болғың келеді? Қайда барсаң да қолыңды қақ­паймыз, оқы» дейді ғой. Сонда да жүрек түкпіріндегі «әнші болғым келеді» дегенді айтпады. Арқалық медицина училищесіне барады. Ұзын сөздің қысқасы – орысша оқи ал­май, Жангелдин ауданындағы өзі­нің Көкалат ауылына қайтып келеді.

1976 жылы Ақдәмен Әбду­әлиқызы Торғай кентінде әкім­шілікке хатшы болып орналасады. Шынайы өнер енді Ақдәменге «бағынбайтынын» сездірді. Үзілістерде жас қыз сызылтып ән салады. Баяғы бала кезіндегідей барылдаған емес, дауысы соп­раноға ауысқандай. Оны өзі де сезеді, ән айтқан сайын ерекше қанаттанады. Сол жылы комсомол күніне арналған аудандық конференциядан кейін жастардың көркемөнерпаздар үйірмесі концерт қояды. Ақдәменнің сахнада ән айтқанын конференцияға ардагер ретінде шақырылған әкесі Әбдуәли ақсақал бірінші рет көріп, өз көзіне өзі сенбеген екен. Солай Ақдәменнің әншілігін айналасы да байқады. Ол Торғайда құрылған «Ғасыр­лар пернесі» фольклорлық ансамблінен бір-ақ шықты. Ол бала кезден аңсаған арманына 20 жасында қол жет­кізді. Ол ансамбль жетекшісі, белгілі компози­тор Бақытжан Сәуекеновтің ұстаз­дығымен дауысын қырнай түсті.

Ақдәменді нағыз халықтың ортасынан қайнап шыққан өнерпаз десек артық болмас. Ол ансамбльде әнші бола жүріп, Жангелдин аудандық халық театры қойған «Қыз Жібек» спектаклінде Жібек­тің рөлін ойнады. Оның талабына Арқалықтағы қазақ драма театры­ның сол кездегі режиссері марқұм Жамбылбек Есенбеков риза болыпты. 1991 жылы Ақдәмен облыстық қазақ драма театрына шақы­рылады. Оның алғашқы рөлі «Қал­қаман-Мамырдағы» қалмақ қызы Сәнайдың бейнесі болатын. Одан кейін «Қыз жылаған» спек­такліндегі Қатша рөлін сомдады. Шағын рөл болғанмен, Қатша –Ақдәмен көрерменін селк еткізді.

– Режиссер Жамбылбек ағамыз сонда менен бетер қуан­ған еді. «Көрермендердің қол соғысын көрдің бе? Рөлдің ірі, ұсағы болмайды деп осыны айтады. Қатшаны керемет ойнадың, сен болашақта өзіңе тән аналар галереясын жасауың керек» деген еді, – дейді Ақдәмен толқып. Кейіп­керіміз театрда режиссер айтқан аналар галереясын жасамаса да, шағын рөлдердің ше­бері атанды. Сахнада бір-екі көрініп, көрерменнің назарын аудару да екінің бірінің қолы­нан келе беретін шаруа емес. І.Омаров атындағы облыстық театр­да көптеген рөлдерді ойнады. Әлі күнге бабында. «Жасым келді» демейді, жастармен бірге қойылымдардың бәріне қатысып жүр. Өнер адамы ретінде «арқадан қаққаннан» да кенде емес. Шы­ғар­машылық адамдарына беріле­тін облыстық «Меценаттар клу­бы­ның» сыйлығын алды. Ақ­дәмен Досанова өнерге өмірін ар­наған жан. Жұбайы Қабдол-Мәжит Иманов театрдың белді актері, мәдениет саласының үз­дігі. Баласы Жәнібек те осы саланы таң­даса, келіні Нәзира да өнер адамы болып жолықты. Биыл­ғы V республикалық (этно) театр­лар фестивалінде Нәзира Иман «екін­ші пландағы үздік әйел адам бей­несі үшін» аталымын иеленді.

 – Жас кезім ғой, кітап оқып отырған едім, мазамды ала берген кішкентай ұлымды кітаппен салып қалдым. Сонда анам «баланы кітаппен ұрушы болма!» деп шар ете қалған еді. «Кітаптың ішінде жақсы адамдардың аты аталады, олар тегін емес, киесі болады, балаға зияны тиеді» деген еді анам. Содан бері адамзатқа ру­хани азық беретін, жанын тәрбиелейтін театрды, музейді, кітапхананы киелі орын санаймын, – дейді Ақдәмен. Сахнада жүріп, оған деген сағыныш жүрегін мизам шуақтай жылытатыны содан болар. Жан тазалығы да, оны сезіну де керемет қасиет емес пе?!.

 

ҚОСТАНАЙ