Қоғам • 04 Қараша, 2019

Ел жастары – еңбек нарығында

1018 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Еңбекқор жастар» ақпараттық шарасы аясында «Жастар ресурстық орталықтары еңбек нарығының жаңа болмыстарында» атты республи­калық семинар-тренинг өтті.

Ел жастары – еңбек нарығында

Семинар-тренингтің мақсаты – еліміздің он бес аймағынан ат басын бұрған осы орталық жетекшілері мен жас көшбасшыларына дуальды білім беру, дағдарысты басқару, жобалық менеджмент және басқа да бағдарламалар бойынша байыпты бағдар беру. Қала мен ауыл жастарының еңбек нарығына етене араласуына ұйытқы болатын осы орталық мамандары екенін ескерсек, бұл семинар жұмысының маңызы зор.

– Жастар ресурстық орталықтары – еліміздегі жастар саясатын дамыту­дың негізгі тірегі. Бүгінде республика аумағында осындай 208 орта­лық жүйелі жұмыс істеп келеді. Ор­талық мамандарына еріктілер қыз­­метін жолға қою, жастарды жұ­мысқа орналастыру, ақыл-кеңес беру, олардың жаңа мамандықты игеруіне жәрдемдесу сынды маңызды міндет жүктеліп отыр. Сондықтан бұл семинар ең алдымен орталық мамандарының біліктілігін арттыруға, түйткілді мәселелерге құлақ түріп, шешімін табуға негізделген дер едім. Осы күні орталық мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары тек Атырау облысында ғана жүзеге асуда, – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин.

Елімізде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне қатысты түрлі бағ­дарламалар қолға алынған. Сұра­ныс аз мамандық иелерін қайта даяр­лау, олардың сұраныс бар өңір­лер­ге қоныстануына қолдау көрсету жұмыстары да қолға алынған.

– «Еңбек» бағдарламасы жөнін­де естіген боларсыздар? Алайда, есту мен бұл бағдарламаның нақты жұмыс тетігін білу – екі бөлек дүние. Өкінішке қарай, «Жұмыспен қамту» орталығына табан тіреген азамат бағдарламаның бар мүмкіндігін пайдалана білмейді. Айып жұмыс іздеушіде емес, мемлекеттік орган­дарда. Мәселен, осы қызметке таға­йын­далмас бұрын бұл бағдарлама туралы естіп-білген емеспін. Тіпті Қазақстанда «Жұмыспен қамту» орта­лықтары бар екенінен де бейхабар едім. Сондықтан әр отандасымызға тиімді бағдарламалар мен қолдаулар барын жеткізу аса маңызды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Өз мамандығын жан-тәнімен сүйіп, оны өзгерткісі немесе өзге өңірге қоныс аударғысы келмейтін жұмыссыз жастарды еңбекпен қалай қамтуға болады? Мұндай жастарға ең алдымен жеке кәсіпкерлікпен айналысқан тиімді дер едік. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Үміт Меңдалиева:

– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жыл көлемінде кәсіпкерлік негіздерін оқытып келеді. Алғашқы қадам 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасы аясында жасалған еді. Содан бері 88 мың отандасымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп үлгерсе, биыл Жастар жылы аясында 18500 жас азамат білімін жетілдірді. Соның 5 мыңнан астамы аймақтарда жобаларын сәтімен жүзеге асыруда. Бұл ретте, жобалардың басым бөлігі мемлекеттік грант негізінде іске асқанын айта кету қажет. Жалпы, осы үш жыл аралығында 23 мың бизнес-жоба қолдау тапты, – деді.

Семинар жұмысы аясында орталық өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, шара соңында қатысу­шыларға сертификат табысталды.

 


Рауан ҚАБИДОЛДА