Аймақтар • 04 Қараша, 2019

Түркістан: Мақта шаруашылығындағы негізгі мәселе – «ақ алтынның» бағасы.

700 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында биыл 131 мың гектардан 340 мың тоннадан астам мақта жинау жоспарланған. Оның 320 мың тоннасы жиналды.

Түркістан: Мақта шаруашылығындағы негізгі мәселе – «ақ алтынның» бағасы.

Дегенмен «ақ алтынның» бағасы мақта шаруашылығындағы негізгі мәселе болып тұр. Бүгінгі таңда Мақтаарал ауданындағы зауыттар мақтаның тоннасына 100 мың теңгеден аванс беруде. Алайда әлі күнге дейін нақты баға бекітпеген. Түркістан облысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев дәл осы мәселені шешу мақсатында  Атакент кентіндегі «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-інде ауданның мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен жиын өткізді. Жиын барысында облыс экономикасының ең маңызды саласының бірі – мақта шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланып, облыс әкімдігі тарапынан министрлікке тиісті ұсыныстар енгізілді. Бұл ретте, Сапархан Омаров ұсыныстарды қолдайтындығын, алдағы уақытта Үкімет деңгейінде көтеріп, оң шешімі табылатындығын айтты. Ал, Өмірзақ Шөкеев шитті мақта бағасы алдағы күнде тұрақтайтындығын, шаруалардың сұраныстары бойынша тиімді баға бекітілетінін жеткізді. Өз кезегінде зауыт басшылары мақта бағасын бекіту үшін 3 күн мерзім сұрады.

Сондай-ақ министр Мақтаарал ауылдық округі, «Ақ алтын» елді мекеніндегі «АШМ сервис-орталығы» өндірістік кооперативінің мақта терімі науқанымен танысты. Онда биылғы жылы 70 гектарға мақтаның «М-4011» сортынан 25,0 ц/га түсімділікпен өнім алынуда. Бүгінгі таңда 43 адамды жұмыспен қамтып отырған  өндірістік кооперативі 58 ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған.