Медицина • 07 Қараша, 2019

Дәрігердің мерейін түсіретін – дәрігер

1410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы кездері дәрігерлеге қатысты бірінен соң бірі орын алып жатқан шулы видеолар мен оқиғалар дүйім жұртты дүрліктіре түсті. Ақ желеңді маманға қатысты кезекті оқиға Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығында орын алды.

Дәрігердің мерейін түсіретін – дәрігер

Ақтауда тіс дәрігері қызметтен «жұлынды»

Қараша айының алғашқы күні тісі ауырып келген баланы тыныштандыра алмаған дәрігер оны жұлқылап, дәрігерлік этикаға сай емес мінез танытады. Мейірбикенің көмегімен креслоға күштеп жатқызып, тіпті зорлық сипатта десек те артық болмас, аузын ашып қарауға әрекеттенген тіс дәрігерінің қылығын халық ақтай алмады. Әлеуметтік желіге тарап, айдай әлемге аян болған оқиға халықтың ашу-ызасын тудырса, дәрігерлердің атына кір келтіргені анық. Алайда, өз қателігін ұғынған дәрігер көп ұзамай халыққа видеоүндеу жолдап, баланың анасынан және өз әрекетін сынға алған барша қазақстандықтардан кешірім сұрағанымен, бұл үндеуі де оны ақтап алуға көмектесе алмады.

Тісі ауырып мазасызданған церебральды сал ауруы дертімен ауыратын ұлын жандәрмен тіс дәрігеріне апарған көп балалы ана бейнежазбаны қолға түсіріп, оқиғаға қатысты құқыққорғау орын­дарына арыз жазады. Осы­дан соң шулы оқиғаға қатысты дау туды. 

Өз қызметін адал атқар­маған дәрігердің әрі қарай қызме­тін жалғастыруына жол беріл­мей­тіндігін айтқан Маңғыстау облыс­тық стоматологиялық орталы­ғының директоры Қуат Машы­рықов осы оқиғаға қатысты:

– Дәрігер өте білімді. Жас дәрігер. Мінезі шапшаң, өте шыншыл жігіт. Мектепті «Ал­тын белгіге», ал 2017 жылы М.Ос­панов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің стоматология факультетін үздік бітірген. Сол жылы тамыз айында орталыққа жұ­мысқа орналасты. Екі жыл ішін­де өзін жақсы жағынан көр­сете білді. Болашағынан өте үлкен үміт күтетін азамат қал­пында ойлайтынбыз. Енді кешегі өрескел қылықтарына қарап, Еңбек кодексінің 49-бабының, 5-тармақшасы, 56-бабына сәйкес жұмыстан босатуға шешім қабылдадық, – деді. 

Ал Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының орын­басары Қалдымұрат Айғара­қов­тың айтуынша, дәрігер Т.Мұ­хам­бетовтің үстінен әкімшілік іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Егер жасөспірімнің денесінде жарақат болған жағдайда әкімшілік құқық-бұзушылық кодекстің 73/1 бабымен, ал егер денесінде жарақат болмаған жағдайда аталған кодекстің 73/2 бабымен ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Аталған дерек бо­йынша Қылмыс­тық Кодекстің 141 бабы, яғни «Балалардың өмірі мен ден­саулығы қауіпсіздігін қамта­масыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалу үшін заңды бұзған азамат мұғалім немесе тәрбиеші болуы керек екен.

Ал Қ.Машырықовтың айтуынша, тұрғындар саны жылдан-жылға артуына байланысты қолданыстағы стоматологиялық орталық тарлық етуде. Екі мезгілде 600-ге жуық адамды қабылдайтын орталыққа, әсіресе жаз мезгілінде балалар көп келеді екен. Қазіргі таңда басшылық емхананы кеңейту жөнінде тиісті орындарға ұсыныс берген, болашақта Ақтау қаласында 32-шағын ауданнан жаңа емхана ашылады деген жақсы үміт бар.

 Дәрігерлер тарапынан сорақылықтар неге көп?

Елімізде дәрігерлерге қатысты ыңғайсыз, тіпті сорақы қылықтардың орын алуы өкінішті. Даулы мәселелерде дәрігерлер ақталып әбігер болса, халық ашу-ызасын ақтарып әлек. Адам тағдырына арашашы болып, өлім мен өмір арасында арпалысуы тиіс дәрігерлердің сенімнен айрылуы, шиге шаншылғандай әжуа мен сынға қалып, ашу-ызаның нысанасына айналуына кім кінәлі? Көп жағдайда, дәрігердің өзі. Әйтпесе, орынсыз тиісіп, негізсіз арызданып, ұрынарға қара таппай жүрген ешкім жоқ. «Басы ауырып, балтыры сыздамаса» да арнайы ауруханаға барып, дәрігерді аңдып, «тырнақтың астынан кір іздеп» тиісіп жүрген жан туралы айтылмайды. Қиындыққа душар болғанды адами тұрғыда аяп, шын тілектес болумен бірге, бүгін басқаның басында орын алған жағдай күні ертең-ақ өз отбасында қайталануы мүмкін екенін ескерген халықтың шыр-пыр болуы орынды. Шындық ащы болады, әлеуметтік желілердегі ауыр сынды көтере алмаған дәрігерлер қанша жерден ақталғанымен, таспаға тартылып қалған бейнежазбалар оларға бұлтармақ түгілі, бұлқынуға мұрша берер емес. Осы жерде күмәнді ой туады – жарыққа шықпай қалған, әртүрлі себептермен тасада қалдырылған бейнежазбалар қаншама... Және бұл оқиғалардың болашақта бейнежазбаның қолжетімділігіне әсері қаншалықты болмақ? Әйтеуір, ел арасында дәрігерлерге қатысты құрғақ реніш қана емес, адам өліміне немесе мүгедектігіне апарып соқтырған қайғылы жағдайлар туралы аз айтылмайды. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. 2018 жылы 8 тамызда «Egemen Qazaqstan» газетінде «Маңғыстау медицинасы неге малтығып тұр?» деген көлемді мақала жарияланған болатын. Халықтың мұң-мұқтажын, дәрігерлердің салғырттығын айтқан мақалаға уақытында селт еткен ешкім болған жоқ, алайда уақыт өте келе аталған саладағы шындық пен былық әртүрлі жағдайда өздігінен ашылып жатыр...

Әрине, дәрігерлердің барлығын бірдей парақор, бәлеқор деуден аулақпыз. Мамандығына адал болып, халқының алғысына бөленген, бір сырқатқа жасаған жақсылығына өзі қуанып, өзі рахат алатын дәрігерлер жоқ емес. Тек олардың абыройының «ақтарылуына» өз әріптестері кінәлі болып жүр.

 Дәрігерлердің қатыгездігі қайдан туады?

Иә, бұл маңызды сұрақ. Алдына барған науқасқа «сенің тағдырың менің қолымда» дегендей тіксіне қарап, тікірейе сөйлейтін дәрігерлер бар. Ел аузындағы «Соқыр мен саңыраудың қолына түсірме» деген көне тіркес бүгінде өңін айналдырып, «дәрігер мен полицейдің қолына түсіре көрме» деген сипатқа ие болған. Неге? Жауабын саладағы жағдайларға қарап айтпаса да түсінуге болады.

Еліміздің медицина саласын тек құрал-жабдықтар жағынан жетілдіріп қоймай, дәрігерлердің жауапкершілігі мен тәртібі жағынан да «емдеу» қажет. Дәрігер қызметіне адал болмаса, мемлекет пен халық алдындағы өз парызын ұғына алмаса қыруар қаржыға алынған құрал-жабдықтар мен шеті жоқ дәріс, конференция, жиналыстардың пайдасы болмауы да мүмкін. Медицина саласының барлық құрылымына, денсаулық сақтауға қатысты барлық мекемелер мен ұйымдарға, олардың меншік иелігіне қарамай, тың жаңалық, өзгеріс керек сынды. Әйтпесе таптаурын жолға түсіп алғандар «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» әбден әккі болуға айналды. Ал дәрігерден көңілі қалған ел-жұрт журналист жағалап, әлеуметтік желіге жүгінеді. Бірі мүгедек бола тұра мүгедектікке шыға алмай жүргенін айтса, бірі алғашында теріс емделуі салдарынан аяғын кестіруге мәжбүр болғанын айтады, үшіншісі дәрігердің қарамай үйіне қайтарып жібергенін,  төртіншісі пара жайлы айтады, бұл тізбек жалғаса береді...

Осы орайда жоғарыда айтылған Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қ.Айғарақовтың сөзінде келтірілген «ҚР ҚК 141 бабы, яғни «Балалардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалу үшін заңды бұзған азамат мұғалім немесе тәрбиеші болуы керек» дегені де көп жайды аңғартады. Яғни заңда мұғалім мен тәрбиеші адам денесіне жарақат салуы мүмкін, ал дәрігер баланың, адамның өміріне тек арашашы болады, олардан адам денесіне таңба түседі деген түсінік болмағаны байқалады. Сөйтіп, заңымыз заңғар тұтқан дәрігерлер өздерін өздері әшкерелеп жүр. Оның үстіне «жұмысқа орналасқанына екі-ақ жыл болған білімді» жас дәрігердің өз ырқына ие бола алмай, өрескел әрекетке жол беруі де қуанарлық жағдай емес.

Мамандықтың бәрі жақсы, бірақ дәрігерліктің орны бөлек. Бұл әрі күрделі, әрі қастерлі мамандық. Дәрігер өзін білім мен білік, тәртіп пен тазалық, жауапкершілік жағынан орнына, мамандығына лайықты ұстаса, оған құрмет пен халықтың ықылас-сенімі өздігінен-ақ оралады. Оны жоғалтып алған немесе тіпті, бойында ақ халаттыға лайықты қасиеттер мен қызығушылық болмаған, тек диплом алумен дәрігер атанған дәрігер тек өзіне өкпелеуге тиісті.

 * * *

Денсаулық сақтау саласында орын алып жатқан жағдайлар аталған салада мәселенің бар екенін дәлелдеп келеді. «Жабулы қазанды жабулы» күйінде қалдыруды дұрыс көргенмен, шындықты бүркемелеу оңайға түспейтіні белгілі. Саланың озық жағын қолдай отырып, «ауруын жасырған өледі» демекші, тозығын да айтуға тиістіміз. Мұны ел-жұрттың мұң-зарын құлақпен емес, жүрекпен тыңдай алғанда ғана ұғынасыз.

 

Маңғыстау облысы

 

Соңғы жаңалықтар