07 Қараша, 2019

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

1180 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жеті басым міндет айқындалып, жеті жоба бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Соның бірі – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы.

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі

Жобаның мақсаты – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді   шешу мүмкіндіктерін жоғарлату. Бұл жоба «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Ұлт жоспары - реформаларды жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларындағы Елбасы тапсырмаларының аясында жүзеге асып отыр. Осы аталған бағдарламаларда дауларды соттан тыс реттеу жолдарын жетілдіру көзделген.

Соттан тыс татуласу орталықтарын құру үшін сыр өңірі пилоттық аймақ ретінде таңдалып,  республика бойынша бірінші Татуласу орталығы Қызылордада ашылды. Неліктен бұл бастама көтеріліп отыр деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Әрине, бұл біріншіден, Елбасының тапсырмасы.

Екіншіден, соттардың дау шешудегі міндеттерін, оның қыр-сырын, себеп-салдарын білетіндіктен, осы проблеманың оңтайлы шешу жолдарын қарастыру.          Осы бағдарламалардың шеңберінде жаңа жүйелік, түбегейлі өзгерістер қолға алынып отыр. Қазіргі таңда еліміз бойынша 46 татуласу орталықтары мен 1000-нан аса татуластыру кабинеттері жұмыс істейді.

2019 жылдың 11 маусымында Нұр-Сұлтан қаласында Татуласу орталығы ашылып, алғашқы күні-ақ онда медиаторлық келісім жасалды. Бұл дауларды баламалы тәсілмен шешуге сұраныстың барын білдіріп отыр. Бағдарлама қоғамда құқықтық дауларды соттан тыс реттеудің тәсілдерін насихаттауға басымдық береді. Жоба бойынша кешенді жұмыстар нәтижесінде дауларды шешудің мәдениеті қалыптасады, моральдық және материалдық шығындар азаяды; даукестіктің деңгейі төмендейді және құқық бұзушылықтың алдын алуға болады.

Біздің басты жетістігіміз – сотқа кез келген себеппен бара беретін дағдыны өзгерттік. Дегенмен, іс сотқа түскен жағдайда, тараптар сот медиациясының арқасында екі жаққа да қолайлы келісімге келу мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі уақытта «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы 93 сотта іске асырылып, онда судья-татуластырушылар жұмыс жасауда. Оның 64-і бірінші саты соттарында орналасқан. Татуластыру рәсімдеріне келген азаматтардың 55 % татуласқан, яғни бұл аталған пилоттың нәтижесі медиация әлеуетінің жоғары екендігін көрсетіп отыр.

Сонымен қатар, жүргізілген әлеуметтік саулнаманың нәтижесінде сұралушылардың 90 % жуығы жобаны қолдап, татуластыру рәсімдерінің қажеттілігін көрсеткен. Биыл прокуратурамен бірге еліміздің өңірлерінде Татуласу орталықтарын құру жоспарланған болатын. Оларды Құқық қорғау қызметі орталықтарымен біріктіру көзделген. Бүгінгі таңда мұндай орталықтар Атырау және Жамбыл облысында жұмыс жасап, өзінің тиімділігін  көрсетуде. Татуласу орталықтарында қаралатын даулардың басым бөлігін отбасылық, неке, жер даулары, еңбек шарттары мен басқа да келісім-шарттардан  туындайтын даулар құрайды.

 Татуластыру орталықтарында кәсіби медиатордан бастап психолог, нотариус, сот орындаушылары, конфликтологтар мен адвокаттар халыққа тегін кешенді қызмет көрсетеді. Осы орайда орталықтар жұмысының жүйелі түрде жұмыс жасауына даулы мәселелерді шешуде көп жылдық тәжірибесі бар отставкадағы судьяларымыз атсалысып жүргенін ерекше атап өткен жөн.

Ел арасында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын түсіндіріп, оны кеңінен насихаттау мақсатында 2018 жылдың басынан бастап жоба жетекшісі бастаған жұмыс тобы республика өңірлерін аралап, аймақтың зиялы қауым өкілдері мен әлеуметтік сала мамандарымен кездесулер өткізді.

Қазақ ежелден ұлттық әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін берік ұстанған, рухани құндылықтарын ұлықтаған халық. Кезінде билер институты, ақсақалдар алқасы болған, шет шыққанды шеттетпеген,    тентекті түзей білген ел ретінде Билер кеңесінің болуы өте маңызды. Жоба аясында ата-бабамыздың осы игі дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында Билер кеңесі институтын жаңғыртуды қолға алып отырмыз.     Ол жоғарыда аталған татуласу орталықтарында және кәсіподақтар федерациясы мен жергілікті әкімдіктердің жанында жұмыс істейтін болады.

Бүгінгі таңда еліміз бойынша 412 Билер кеңесі жұмыс істейді. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде 750 даулы мәселе билер кеңесінің көмегімен шешілсе, оның басым бөлігі азаматтық және әкімшілік істер  екенін айта кету керек. Қара қылды қақ жарған бабалырымыздың жолын ұстанатын Билер кеңесіне әр өңірдің сөздері өтімді, білімді, парасатты зиялы қауым өкілдері сайланатын болады. Олар «би» деген атына лайық шешімдер қабылдап, даулы мәселелерді тиімді шешеді деген сенімдеміз.

Бұдан бөлек, Татуласу орталықтарының қызметі дін мамандары тарапынан да  қолдау тауып отыр. Мәселен, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,    наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы Татуласу орталығына арнайы келіп, жұмысымен танысқан еді. Ол аталған жобаға Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы тарапынан қолдау білдіретінін жеткізіп, алдағы уақытта халықпен ұдайы байланыста болатын имамдар мен дін қызметкерлерінің медиация қызметімен танысуы мақсатында олармен семинарлар өткізіп, орталық жұмысын оларға кеңінен түсіндіріп, медиациялық келісімдердің қалай  жасалатынын айтып берсеңіздер деген ұсынысын жеткізіп еді.

Міне, осы ұсыныс ескеріліп, 12 қарашада Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ғимаратында имамдар және дін қызметерлерімен кездесу өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта, халықты үнемі бірлікке, татулыққа шақырып    жүретін имамдар мен дін қызметкерлерінің Татуласу орталықтарының кеңінен насихатталуына септігі тиеді деген ойдамын.

Сондай-ақ, өткен жылы әріптестеріміз БАӘ (Дубай), Сингапур мемлекеттеріне барып қайтты. Осы елдің тәжіребиесін көрді. Бұл елдерде отбасылық соттар жұмыс жасайды екен. Олар отбасылық дауларды, яғни ажырасу, бала асырап алу мәселелері бойынша дауларды қарайды. Тіпті  ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейінде олардың ары қарай өмір сүруіне жағдай жасалады (психологтар жұмыс жасайды). Грузияда біздің орталық сияқты орталықтар жұмыс жасайды. Онда медиаторларға мемлекет тарапынан айлық төленеді екен. Демек бұл мәселеге жалпы мемлекет мүдделі болып отыр деген сөз.

Әрине орталықтарды тез арада ашып, оның жұмысын ұйымдастыру, халықтың санасын өзгерту оңай шаруа емес. Дейтұрғанмен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей орталық жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, бір арнаға салып, халық арасында насихаттау жұмыстарын жүргізсек, оның нәтижесі оң болатынына сенімдімін.

Әбілсейіт ТҮЛКИЕВ,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының

бас консультанты