Театр • 08 Қараша, 2019

Гильгамеш – Аккад-Шумер эпосының түркі әлемімен байланысы

3627 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Театр – бүгінгі адамдардың өмірінің үйреншікті атрибуттарының біріне айналды. Кез келген адам театр кассасына келіп, билет сатып алады. Белгіленген уақытта ойын басталып, көрермен өзі қалаған қойылымды тамашалап қайтады. Ертең де солай. Бүрсүгіні де. Ол үшін театр өмірдің бөлінбес бір бөлігі. Қоғам болғасын, мемлекет болғасын оның театры болуы тиіс. Адамдар бұған әбден үйренген.

Гильгамеш – Аккад-Шумер эпосының түркі әлемімен байланысы

Ал, өзі бауыр басып, өмір­дің бөлінбес бір атрибутына ай­налған сол театрдың өзі күн­­­де тамашалап жүрген дәл осын­дай халге жетуі үшін сол театр­дың мыңдаған жылдық қи­ын да қысталаң жолдан өтуіне ту­ра келгенін біреу біліп, біреу біл­мейді. Оған ой жіберіп те жатпайды.

Ал, оның тарихы бұралаңдар мен шырғалаңдарға толы.

Біз бүгінгі мақаламызда теа­тр деген не және ол қалай пайда болды, неге пайда болды, қан­дай қажеттіліктен пайда болды, алғашқы театрлардың сөзін кім­­дер жазды? – Міне, осыларға шолу жасаймыз.

Қозғайтын тақырыбымыз дра­­матургия болғандықтан біз ең әуелі Антика дәуіріндегі шығар­малардан бастауға тиіспіз. Бірақ, драматургияның атасы – сөз, анасы – әдебиет болса, біз адамзат тарихында айрықша орын ала­тын ұлы шығармалардың бірі, біздің дәуірімізге дейін XXVI-XXVII ға­сырларда пайда болған ең ал­ғашқы әдеби шығарма – Қос өзен бойында өмір сүр­ген Шу­мерлер жыры – «Гиль­гамештен» бастауды жөн көрдік. Әрине, ол драмалық шығарма емес, ол – тасқа ойып жазылған поэма. Оның оқиғасы драматизмге өте бай. Адам баласы құдай­­лардың түр-түріне құлай сенген, табиғат құпиялары мен өзгерістерді өздерінің араларында жүрген құдайлардың құ­діреті деп кәміл сенетін заманда жазылғандықтан бұл жырда да адамдар мен құдайлар ара­сын­дағы сан алуан қарым-қаты­настар мен қақтығыстар ерекше оқиғалармен баяндалады.

Әңгімені шумерлер жыры «Гильгамештен» бастап оты­руым­­ның тағы бір себебі – оның дала мәдениетімен тығыз байланысты болуы және басты ке­йіп­­кердің бірі – Энкиду мал ба­ғып жүрген даланың адамы бол­ғандығы. Бұл жырдағы көп­теген адам аттары күні бүгін­ге дейін қазақ арасында жиі кез­деседі.

Ғалым-зерттеушілердің айтуынша, Аккад-Шумер жырындағы мифологиялық кейіпкер–Гиль­гамеш өмірде болған адам. Оның өмірдегі прототипі біздің эра­мызға дейінгі XXVII ғасырдың ая­ғы мен XXVI ғасырдың басында Шумерлердің Урук қаласының 1-династиясын басқарған әмірші. Аңыз-әңгімелерге қарағанда ол көптеген ұлы ерліктер жасап, 126 жыл өмір сүріпті. Ол өлген соң Гильгамештің аты құдайлармен теңестіріледі. Гильгамештің жо­­­рықтары мен ғажайып ерлік­тері жайлы эпикалық өлең-жырлар көптеп жазыла бастады. Солардың ішінде бізге жеткен толық нұсқалардың бірі – Ниневи қаласынан табылған осы аңыз-жыр. Бұл жыр б.д. дейінгі 7-ғасырда Ниневи қаласының билеушісі Ашшурбанипалдың кітапханасына арналып сына жазумен жазылған. Онда әміршінің шектен шыққан еркін өмірі, қа­уіп-қатерлерге толы сапарлары мен бастан кешкен шым-шы­тырық оқиғалары суреттеледі.

Өткен ғасырда шетел ға­лым­дары (Джордж Смит, Лео­нард Вулли, Зенон Косидовский) Евфрат пен Тигр өзенінің бойын­да археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізіп, 19-20 метр тереңдікте жатқан бүтін бір қа­ланың орнын тапты. Бұл жа­ңалық бүкіл әлемді дүр сіл­кін­дірді. Осы кезге дейін жер бе­тіндегі өркениетті христиан ді­ні­нің пайда болуымен байланыстырып келген жұрт мына­дай жаңалықты өре тұрып қар­сы алды. Адамзат өркениеті «Таурат» пен «Інжілден» бастау алады деп келген қағиданың тас-талқаны шықты. Тіпті, сол ілімнің негізі шайқалып қалды. Аккад, Ниневи мәдениетінің жо­­ғары үлгіде болғандығы, оның барлық құрылымдары же­­­­тілген, гүлденген мемлекет болғандығы айдан анық дәлел­ден­ді. Әрі беріден соң, Таурат пен інжілдің бүкіл идеясы мен сюжеті осы Шумер еліндегі ілім-білімнен көшіріліп алғандығы да дәлелденді. Өйткені Бабыл (Вавилон) қаласындағы тұтқын еврейлер қамаудан босап еліне оралғанда осы Таурат пен інжіл­дің идеясы мен қағидаларын қоса алып келген деген болжам бар.             

Шумер халқына жасаған ора­сан зор жақсылықтары мен таңғажайып ерлік істерімен қатар Гильгамеш шектен шыққан сезім еркіндігіне берілген билеуші ретінде де белгілі болыпты. Ол Урук қаласындағы қалаған әйел­­дерін кезек-кезегімен сара­йы­на шақыртып алып, олармен қалауынша сауық-сайран құруды әдетке айналдырады. Өз патшаларының бұл сияқты зор­­лығына көне алмаған қала тұрғындары құдайларға арыз айтып, өздерін мынандай тираннан құтқаруды сұрап, әлденеше рет арызданады. Халықтың мұндай наразылығы адам жасаушы Құдай Арудың құлағына жетеді. Ашу-ызаға мінген Құдай-ана бал­шықтан жабайы адам жасап, оған Энкиду деп ат қойып, еркін далаға жібереді. Оның ойынша, Энкиду Гильгамешті өлтіруі тиіс.

Энкиду ең далада өмір сүріп, шөппен қоректенетін әрі аң, әрі адам кейпінде жайылып жүре береді. Өзінің әу баста не үшін жаратылғанынан бейхабар алып күш­тің иесі Энкиду осылайша түз та­ғыларының біріне айналады.

Күндердің күнінде, Гильга­меш елді жалмап жүрген алып аждаһаны өлтіріп, үйіне әбден қалжырап келіп қатты ұйқыға батады. Ұйықтап жатқан ол ерекше түс көреді. Түсінде аспаннан ғажайып бір киелі тас түсіп, бүкіл Урук халқы оған табына бастайды. Гильгамешке бұл тас қатты ұнап, ол тасты үйіне әкеп, анасына көрсетеді. Баласының түсін Құдай-ана Нинсун жақсылыққа жорып: «Жақында сен ерекше дос табады екенсің. Ол екеуің туысқандай бірге жүретін бола­сыңдар» дейді.

Арада бірнеше күн өткенде аңшылар Гильгамешке келіп далада адам пошымды жабайы жануар пайда болғанын, ол түз тағыларын аңшылардан қорғап, аң аулауға кесірін тигізіп жүр­генін айтады. Оның көзін құрт­паса болмайды дегенді айтады. Гильгамеш оны қолға түсіруді ойлап, ол үшін оған сылқым бір сұлу әйелді жібереді. Энкиду сылқым әйелдің арбауына оңай түсе салады. Әйел оны азғырып, Урук қаласына әкеледі. Жабайы адам қалаға келіп, адамдар өмі­рін көріп, адамдар жейтін аспен тамақтанып, кенеттен адам кей­піне түседі. Сол кезде Гиль­гамеш өзінің қарсыласымен кездесіп, екеуі айқасқа түседі. Олар ұзақ алысады. Екі алып бірін-бірі жеңе алмайды. Екеуінің де күші тең екен. Сонан соң Гиль­гамеш пен Энкиду достасып, Гильгамеш оны анасына ертіп келеді. Анасы Нинсун екеуін де балам деп санайтынын айтады.

Гильгамеш пен Энкиду та­лай-талай ерліктерді бірге жасап, елге қауіп төндіріп жүр­ген құбыжықтарды бірге жеңіп, Урук хал­қының зор сүйіспен­ші­лігіне бөленеді. Олар тау шыр­шаларының жемісін жан адамға татырмай қорғап жүрген сұрапыл аждаһа Хумбабаны, онан соң маңына жан жолатпас алып өгізді өлтіреді.

Аккад-Шумер эпосы «Гиль­гамеш» поэма-дастан түрінде жазылғанымен оның оқиғасы драматизмге өте бай. Ежелгі Грекия мен Аккад-Шумер ми­фо­л­огиясында өмірдің әрбір саласының бір-бір құдайлары болды: күн құдайы, теңіз құ­дайы, дауыл құдайы, махаббат құдайы, өсімдік пен жан-жануарлар құдайы. Кіші құдай­лар мен үлкен құдайлар, құ­дайлардың кұдайы – Зевс бол­ғаны тағы белгілі. Дәл осы Гиль­гамеш өмір сүрген заманда Аккад-Шумер аңызы бойынша Иштар құдай-әйел де әмірлік еткен. Ол Гильгамеш заманында өмір сүргенмен, ол туралы бөлек аңыз бар. Солай бола тұрса да, Иштар осы Гильгамеш туралы эпостағы оқиғаға да араласқанын көреміз.

Иштар – мифология бойынша ең басты әйел тәңірлігінің, сонымен бірге жер бетіндегі жеміс-жидек пен егістік атаулы­ның және махаббат пен тән құштарлығының құдайы болған. Ол махаббаттағы еркіндікті қолдады. Міне, сол Иштар кенеттен Гильгамешке ынтықтығын білдіреді. Бірақ, Гильгамеш оның ашық махаббатынан бас тартады.

Иштар Гильгамешке өшігіп, оны өлтіру үшін дүлей күштің иесі Хумбабаны жіберген болатын. Сол Хумбабаны Гильгамеш пен Энкидудың өлтіргені белгілі. Бұл оқиғадан соң құдайлардың бәрі бірігіп, Энкидуды өлтіруге шешім қабылдайды. Энкиду күтпеген жерден өлім құшады. Мұндай өлімнің қайғысы Гиль­гамешті қатты қайғыртады. Ол қайғыдан қан жұтып, дала ке­зіп, тау-тасты аралап, жанына жұбаныш іздеп кетеді.

Осындай сергелдеңнің кезін­де ол өзінің де мәңгілік емес, ақыры бір күні өлетіні жайлы ой­ға шомады. Адамдар неге өледі, құдайлар неге мәңгілік деген сұраққа жауап іздеумен болады. Сөйтіп жүріп, күн құдайы Шамашаның жерасты жолына түсіп, талай таулардан өтіп, кенеттен ғажайып бір баққа кезігеді. Бірақ ол бақта қалмай, өлім дариясынан жүзіп өтіп, бір аралға жетіп жағаға шығады. Бұл аралда мәңгі өмір сүруге ие болған Утнапишти ғана тұрып жатыр екен.

Гильгамеш онымен жолығып, мәңгі өмір сүрудің сырын айтып беруін сұрайды және оның мәңгі өмір сүруге қалай ие болғанын айтып беруін өтінеді. Утнапишти мәңгі өлмеушілікті жаһандық топан судан кейін алғанын, оны құдайлар жалғыз өзіне ғана сыйлағанын айтады. Қоштасарда Утнапишти Гильгамешке мәңгі жастықтың гүлін ұсынады. Бірақ, ол бұл гүлдің қасиетін пайдалана алмайды, оның қолындағы гүлді жылан ұрлап алады, ал, жылан болса сол сәтте ескі терісін сыпы­рып тастап, жап-жас қалпына қайта түседі.

Ешнәрсеге қол жеткізе алма­ған Гильгамеш салы суға кетіп, өзінің туған қаласы Урукқа құр қол қайтып келеді.

Поэманың басты идеясы – адам Құдаймен ешқашан теңе­се алмайды. Адам өзінің өршіл ең­бегімен, ақыл-ойының ұлы­лығымен ғана мәңгі өмір сүреді.

Гильгамеш поэмасының мәң­гілік өмір туралы идеясы өлім­­нен қашқан Қорқыт ата идея­­сымен қатарласып жатқаны да көңіл аударарлық идея. «Гиль­гамештегі» жылан өлімнен қа­шып, дарияға кілем төсеп отырған Қорқытта да бар. Тамақ әкеп жүрген қарындасының дор­ба­­сына жасырын кіріп, ол ақы­рында Қорқытты шағып өлтіреді.

 Тілдік ұқсастықтар

Шумерше қазақша

Гус

құс

Дамуз

тамыз

Кар

қар, ұры, қарақшы

Уш

үш (сан)

Ерен

өрен, сарбаз

Ама

ана

Гене, ене

әйел

Аху

аға

Узук

ұзын

Еден

төменгі, жер

Гамил

кәміл

Азаг

азаб

 

 

Жырда қазақ тіліне ұқсас басқа да сөздер көптеп кез­десед­і. Демек, поэмадағы тілдік ұқсас­тықтар мен салт-дәстүр көрініс­тері – ежелгі Шумерлердің түркі әлемімен байланысты болғанын дәлелдей түседі.

Тек жауын-шашын мен таби­ғат өзгерістерінің ғана құдайы емес, еркін махаббат пен ашық сезімнің жақтаушысы Иштар мен Гильгамеш арасындағы қарым-қатынастардан тұратын қақтығыстар мен қызғаныш, өш­пенділік, кек сияқты оқиға жүйесі өз алдына бір хикая. Ол жөнінде жуық арада пьеса жазуға кірісу жоспарда тұр.

Өлілер әлемі мен тірілер әлемін жалғайтын оқиғалар аңыз болса да тіршілік тылсымын бі­луге құштарлығы артып келе жатқан бүгінгі адамдар үшін ол да бір ғажап дүние.

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

Жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты