Әлем • 20 Қараша, 2019

Ұлы дала жәдігерлері – ежелгі Эллада төрінде

334 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жуырда Грекия мемлекетінің астанасы Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» атты көрмесін ашты. Ол «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ұлы дала жәдігерлері – ежелгі Эллада төрінде

Көрменің ашылуы қарсаңында жер­гілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкіл­дерімен баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Қазақстанның Грекия Респуб­ликасындағы елшісі Алексей Волков, Ежел­гі және мәдени мұраның Бас директоры Поликсени Адам-Велени, Афина­дағы Эпиграфиялық музейдің директоры Атанассиос Темос, Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз  Нұразхан қатысты.

Сонымен қатар шара барысында бел­гілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жал­пы­ұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Зейнол­ла Самашев «Ежелгі сақтардың Қазақстан­дағы мәдени кешені» атты дәріс оқыды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразхан: «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрмелік жобасы әлемді аралап келеді. Грекия – Қазақстанның тарихи-таным­дық көрмесін тамашалап отырған он екінші мемлекет. Елімізді әлемге таныту мақсатында осы көрме жобасы бойынша  бағдарлама ұсынған Елбасы Н. Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Бүгінге дейін Қазақстанның өңірінен табылған алтын адамдар біздің еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын ай­қын­дайтын ұлттық құндылықтар болып табылады. Көрме жұмыстарына қолдау білдіргені  үшін Грекияның Мәдениет министрлігіне, Афина қаласының Эпи­графиялық музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер», деді. 

Ежелгі Эллада елінің Эпиграфиялық мұражайына Ұлы даладан табылған тарихи құнды жәдігерлер қойылып, кө­рер­мен көзайымына айналғанын айт­қанымыз жөн.

Сақтар (парсы тілінен аударғанда «алып ерлер») – қазақтардың ерте­дегі бабалары. Грек авторларының шығар­маларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен
туындайды), басқа ежелгі дереккөздерін­де «ұшқыр атты турлар» деп көркем си­паттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөрік­тілер») бар болатын. Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін детальдар, сол сияқ­ты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйым табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерт­теулері нәтижесінде, көрмеге ұсы­нылып отырған сақ жауынгерінің кел­бетін жа­ңа­­дан жасап шығу мүмкін болды. Есік қорғанынан табылған заттар арасын­да ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазуымен жазылған жазбасы бар кү­міс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерек­шелігі саналатын зооморфтық бей­нелердің басымдығы да мифология­лық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұ­ның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің сим­волы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтын­нан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін-бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бас­тады. Алайда, бастапқы сиқырлы мәні­нен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, ми­ниатю­ра кітаптарда, ағаш, тас және сү­йек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақ­талыңқыраған түрде, стильденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қол­даныста қала берді. Бұл үрдістер экс­позицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табыл­ған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.