100 • 21 Қараша, 2019

Қазақ атауын қайтарып, егемендікті сүйіншілеген...

169 реткөрсетілді

Байтақ даламыздың бай мұрасын түгендеп, тамыр-тарихын таразылап, өткені мен өнегесін болашақ ұрпақтың бойына сіңіруде баспасөздің алар орны айрықша. Әсіресе, тағылымы мен таралымы, саны мен сапасы қатар қарыштаған, бүгінгі таңда өзінің ғасырлық белесіне көтеріліп отырған, Елбасы ордалы «Отанымыздың бас басылымы» деп баға берген «Егемен Қазақстанның» мәні зор, мәртебесі әманда жоғары. Бұл орайда кеше ғана бізді қабылдап, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі биігін жоғары бағалаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өткір де өзекті, сапалы әрі салиқалы, тартымды материалдары арқылы басылым қазақ баспасөзінің көшін бас­тап тұр» деп атап өткенін де айту ләзім.

Ел газеті «Егемен Қазақстан қазақ атауын халыққа қайтаруға айрықша үлес қосып, елдік рухты еңселі ету жолында еселі еңбек еткен, азаттықтың арайлы таңында егемендікті сүйіншілеген қастерлі басылым. Сондықтан «Егеменнің» мерейлі межесі – қазақ баспасөзі мен ұлт үнжариясының мәртебесі.

Жүз жылдық – қатардағы қарапайым мерейтой емес, бұл бір ғасырлық жүріп өткен жолыңа қайта қарайтын, тарихыңа тағзым жасап, тағылым алатын, жаңа дәуірге бет түзейтін меже. Сондықтан біз де газеттің 100 жылдық мерейлі белесін қилы кезеңдегі қиындықтарды қайыспай көтерген аға ұрпаққа тағзымды ұштастыра отырып, атап өтуді мақсат еттік. Өйткені бұл газетте әр жылдары қызмет еткен халқымыздың рухани көсемдері, Алаш қайраткерлері іс жүзінде қазаққа, қазақтың ел болып еңсесін тіктеуіне қызмет етті. Бұл ретте дәл осы газет мемлекетімізге ұлт атау­ын қайтаруға тікелей себепкер болғанын да бөле-жара айрықша атап өтуге тиіспіз. Бұл бүгінгі егемендіктердің ғана емес, барша халқымыздың, кейінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі жаңғырып тұруы тиіс тарихи дерек. Ал «Ұшқыннан» басталған «Егеменнің» жылнамасында Халел Есенбаев, Бернияз Күлеев, Тәмимдар Сафиевтен бастап, Смағұл Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуе­зов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байұлы сынды өзге де көптеген тұлғаның есімдері бар және олардың әрқайсысының да қазақ үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз.

Кешегі «Еңбек туы», «Еңбек­шіл қазақ» большевиктік партияның қан-қасапты қатаң бақылауына, сұрқия саясатына қарамастан, елдіктің сөзін айтудан жаңылмады. Бағытынан жаңыл­дырмаған да сол жоға­ры­да аты аталған, аталмаған ұлты­мыздың ұлық ұлдары болатын. Сонысы үшін де олар қуғын­далды, атылды, айдауға түсті.

Сол сүргіннің сұрапыл тари­хына қарап отырсақ, қыз­меткерлері ең көп қуғындалған, басшылары ату жазасына көп кесілген мекеме де осы редакция екен. Ұлты үшін басын бәйгеге тігудің, халқы үшін құрбан болудың бұдан асқан қасиетті һәм қасіретті үлгісі жоқ, сірә. Сондықтан оларға тағзым ету – бүгінгі ұрпаққа парыз. 

 Жүз жылдықтың алғашқы тағылымды іс-шарасы қасиетті Семей жеріне – Абай еліне барып, хакім рухына тағзым етуден басталды. Семей Алаш рухымен де қалың қазаққа қастерлі мекен. Осылайша түрлі шаралар түндігін түріп, берекелі бастамалар бастау алды.

Баршаға мәлім, Сәкен Сей­фул­лин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рыс­құлов, Сұлтанбек Қожанов газет «Ең­бекшіл қазақ», «Еңбек­ші қазақ» болып аталған кезінде жұмыс істеген, басшылық жаса­ған, ав­торы болған тұлғалар. Сондық­тан биыл осы тұлға­лардың өңір­лерде атап өтілген 125 жылдық іс-шараларын «Егемен Қазақстан» газетімен ұштастырып, Қара­ғандыда С.Сейфуллиннің, Қос­танайда Б.Майлиннің және Тал­ды­қорғанда І.Жансүгіровтің рухы­на тағзым жасалды. Шымкент­те Тұрар Рысқұлов пен Сұлтан­бек Қожановқа арналған тағы­лым­ды іс-шаралар жоғары д­ең­гейде өтті. Сонымен бірге «Ұш­қын­ның» алғашқы редактор-шыға­ру­шылары Халел Есенбаев, Тәмим­дар Сафиевтердің туған жері – Бөкей ордасына арнайы экспедиция ұйымдастырылып, жергілікті оқырмандармен, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізілді.

Алматыда қала әкімдігінің қол­дауымен «Егемен Қазақстан» газе­тінің редакциясы 1987-1999 жыл­дары қоныс тепкен тарихи ғи­маратқа орнатылған ескерткіш тақ­та, Құран бағыштап берілген ас та өмірден озған аға буынға жасалған тағзым шараларының қатарынан.

Осы орайда жүз жылдықтың іс-шараларын «Ұшқын» ал­ғаш жа­рық көрген, қазақ еліне ас­тана болған Орынбор қала­сында аяқтауды мұрат етіп отырғанымызды да айта кетудің жөні келіп отыр.  Қараша айының соңында арнайы делегациямыз Ресейдің Орынбор қаласына аттанады. Мақсат – «Ұшқын» редакциясы отырған тарихи ғимаратқа ескерткіш тақта орнатып, жергілікті қазақ диаспорасымен кездесу. Осылайша тағылым мен тағзымды ұштастырған ең негізгі іс-шараларымыз  Семейде басталып, Алашқа астана болған Орынборда аяқталады.

Әлбетте, осы айтылғандардың сыртында басқа да маңызды жұ­мыстар атқарылды. Нұр-Сұл­тан қаласында Ұлттық музейде дәстүрлі «Музей түні» акциясы «Egemen Qazaqstan» газетіне арналды.  Ғибратты газеттің ғасыр­лық ғұмырына арнап «100 жыл­дыққа – 100 тал» деген атау­мен сәулелі сәуір айында арнайы экологиялық акция ұйым­дастырылды.  Бұл шараның да өзіндік өнегесі жоқ емес. Себе­бі халқымыздың «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген аталы сөзі бар.

Газеттің 1919 жылдан бергі қағаз архиві цифрлы форматқа көшірілді.  Тұтас бір дәуірдің айнасы іспетті құнды мұраны сақтау әрі қалың көпшілікке қолжетімді ету үшін былтыр Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірлесіп, 1919 жылдан бергі сандарының әрбір бетін сканерлеу жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде жинақталған мол мұра өңделіп, оқырманға қолайлы цифрлы форматта ұсынылмақ.

Газетте 1919 жылдан 1976 жылға дейінгі кезеңде жарық көр­ген, сол заманның сипатын, қоғам тынысын аңғартатын ең маңызды оқиғалар мен жаңа­лықтарды қамтыған таңдаулы материалдар, өзекті мақалалар іріктеліп, «Жүз жылдық жылнама» деген атаумен 5 томдық жинаққа енгізілді. Бұл жинақ мамыр айында басылып шығып, оқырманға жол тартты.

Әр заманның әсерлі әңгімелері, сырлы сәттері, қайталанбас қа­дам­дары қатар жүретіні қағида секілді қалыптасқан. Сол соқпақтың соңындағы ізгілікке толы іздерді, аңыз абыздарды, шарапаты мол шақтарды, тұғырлы тұлғаларды, бейнетті күннің бейнелерін біз суреттер арқылы көріп, сезіне аламыз. Жылдар жылжып, айлар ауысқан сайын оларда өткен күннің еншісіне ене береді. Көне күндердің көшіндегі көлемді іздер көміліп қалмау үшін осы жүз жылдықтың аясында газет­тің алғашқы басшылары мен қыз­меткерлерінің бейнесі сақталған аса сирек фотолар мен басылымда жарық көрген суреттер жинақталып, арнайы фотоальбом болып жасалды. Бұл альбомға сондай-ақ газетте қызмет еткен азаматтардың жеке архивтерінен алынған, бұрын еш жерде жария­ланбаған, бірақ тарихи сәттерден, газет өмірінен хабар беретін ескі суреттер мен редакцияның бүгінгі тыныс-тіршілігін қамтитын жаңа фотосуреттер енгізілді.

Тарих тақтасындағы тағы­лым­ды тараулар құнын жоймай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бере­тініне сенімдіміз. Себебі «Еге­мен­нің» тарихы елдің тарихы, ұлттың тарихы деген қастерлі ұғымдармен тамырлас һәм сабақтас. Оның қасиеті мен қазынасын жас ұрпақтың жүрегіне жеткізіп, санасына сіңіру мақсатында дөң­гелек үстел кездесулері мен ғы­лыми-практикалық конференциялар өтті. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тілшілер, студенттер қатысқан жиында «Egemen Qa­zaqstan»-ның ғана емес, жалпы баспасөз саласының өзекті тақырыптары сараланды.

Жаһандық дамудың жаңа сатысына қадам басқан Қазақстанмен бірге «Егеменде» еңсе тіктеп, ер­тең­гі күні үшін еңбек етуде. Интер­нетті игеріп, игілікке пайдала­нып, оқырман тартудың оңтай­лы тұстарын ойластыруда. Уақыт көшінен бір сәтке де қа­лыс қалуды ойламайтын ұлттық ба­сылымның ұясы табанды жұ­мыс істеумен, талмай талпынуды ұстаным етіп алған. Жазғаны жұртқа, ойы оқырманға жетіп жатса, тілшілік тізгінін ұстағандар үшін маңдай тер, машақаттың марапаты сол болмақ. «Егеменнің» елге бергені де, «Егеменнің» елден алғаны да аз емес. Арыстардың ізі қалған арда газеттің тойы Отан үшін ортақ. Сондықтан ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмы­лып, руханияттың алтын ұясына айналған бас басылымның жаңа дәуірін бірге қарсы алайық, құр­метті оқырман.

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 21

Руханият • Кеше

Шағаман батыр

Тарих • Кеше

361 лифт ауыстырылады

Аймақтар • Кеше

Өңірдегі өнегелі іс

Қоғам • Кеше

«Цунамиді» сұлатып салды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Астың дәмін келтірген

Аймақтар • Кеше

Сайрайды бұлбұл...

Руханият • Кеше

Ізі айқын, ісі мығым

Қоғам • Кеше

Баға QR кодтар арқылы беріледі

Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2019

«Желтоқсаншы» жеткіншек еске алынды

Руханият • 08 Желтоқсан, 2019

Ұқсас жаңалықтар