Қазақстан • 25 Қараша, 2019

Ив Летерм: Демократияның басты шарты – жауапкершілік

346 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Әлем саясаткерлері мен көш­бас­шы­ларының, Нобель сый­лығы лауреат­тары­ның басын қосқан Astana club отырысы кезінде халықаралық саясаттан бөлек, еліміздің де кәдесіне жарайтын тың идеялар айтылып, маңызды тақырыптар қозғалды. Осы Алқалы жиын аясында Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летермнен «Egemen Qazaqstan» газеті атынан экс­клю­зивті сұхбат алудың сәті түскен еді.

Ив Летерм: Демократияның басты шарты – жауапкершілік

– Ив мырза, сіздің ойыңыз­ша, Astana club сияқты халық­аралық жиындардың әлемде тұрақтылық орнатуға пайдасы мен үлесі қандай? Біздің елден қандай әсер алдыңыз?

Мен Қазақстанға бұған дейін бес рет келдім. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіп­сіздік және Ынтымақтастық Ұйы­мына төрағалық еткенде алғаш келдім. Яғни, сол кезден­ бастап Қазақстанның қалай дамып жатқанын өз көзіммен көріп жүрмін. Арада 10 жылға жуық уақыт өтті, дегенмен өзгерістер өте көп. Ал мұндай жиындар, әлбетте, нәтижелі. Өйткені жа­һандық саясат, билік, күш қашан да реттілікті қажет етеді. Иә, біраз жыл бұрын АҚШ, КСРО деген үлкен державалар болатын. Олардың басқалардан үстемдігі де анық еді. Ал бүгінде әлемді басқаратын бір ұлт, бір ел деген түсінік жоқ. Қазір көпбилікті әлемде өмір сүреміз. Мұны кей кезде тіпті биліксіз деп те атайды. Өйткені жаһандық саясатта әрбір мемлекеттің өзіндік рөлі бар. Осы орайда пікір қалып­тастырушылардың, яғни көшбасшылардың ымыраға келе алуы өте маңызды. Қазақстан тез дамып жатқан мемлекет. Мем­лекеттің әлеуметтік-эконо­ми­калық өрлеуін айтпағанда, әлем саясатындағы орны күн санап нығайып келеді. Бірақ, ең маңыздысы, оның жаһандық саясат пен диалогта жауапкершілікті өзіне алып, бітімгер бола алуында. Әлемдік саясатта беделді болу шешім шығаратын адамдарға әсер ету дегенді білдіреді. Менің ойымша, Astana club шешім қабылдайтындарға ықпал етуге жақсы бір мүмкіндік. Сонымен бірге бұл екі күн қазақстандық саясаткерлердің ойын білуге, олардың жоспары мен мақсатын тыңдауға мүмкіндік береді. Олар өз ойларын халықаралық дең­гей­­дегі ортаға ұсынса, біз өз кезе­гі­мізде өз елдерімізге жеткізе аламыз. Яғни, бұл әріптестік диалог құруға да берілген тағы бір мүмкіндік. 

– Бельгия көпұлтты мемлекет. Бір елде бірнеше ресми тілде сөйлейді. Сіздің ойы­ңыз­ша, көпэтносты мемлекетте тұрақтылықтың кілті неде? Демократияның басты шарты қандай?

Демократияның бас­ты шарты – жауапкершілік. Билік­ті шектен тыс пайдаланбау керек. Яғни, мемлекеттік қыз­мет­керлердің шектен шығуы де­­мо­­кратияны да, этностар ара­­­сын­­дағы ауызбіршілікті де жоя­­ды. Демократияның негізі – биліктің дұрыс жүргізілуі.  Жалпы, демократияның түрі көп. Бірақ қайсысы болсын, ең алдымен, жауапкершілікті сезіну керек. Үкімет те, халық та өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындауы тиіс. Сонымен қатар демократия тек еркіндік емес, халықтың билік басындағылардан есеп ала алуы, тексеруге еркі болуы.  Егер халық биліктің қалай жұмыс істейтінін тексере алса, демократиялық мемлекетте өмір сүргенін көрсетеді.  Яғни, халық пен билік арасында келісім мен ашықтық болуы керек.

Көпұлтты мемлекет пен дін тақырыбына келсек, біздің зай­­ыр­лы мемлекет екенімізді ескеру керек. Егер азаматтың ұстанымының басқаларға зияны болмаса, қалаған дінді ұстанып, қалаған сенімде болуға құқы бар. Бельгияда азаматтарға дінге қатысты таңдау мен еркіндік берілген. Үкімет адамдардың сеніміне, құлшылық қылуына, діни мерекелерді тойлауына шектеу қоймайды. Өйткені мемлекет пен діннің арасындағы шекараны түсінуіміз керек. Мемлекет – бейтарап. Билікті жүзеге асыруда мемлекеттік қызметкерлер бейтараптықты сақтауы керек. Мұндай істерге діни сенімдерін араластырмауы тиіс. Дін мен сенімді шешім қабылдауда қолдануға болмайды.

Ал ұлттардың ынтымағы туралы айтсақ, Бельгияның негізі 1830 жылы қаланды және географиялық орналасуы да ерекше. Бельгия құрылғанда Германия, Франция, Англияның қоластында болған ұлттарды біріктіруге, пана болу үшін пайда болғандай. Басқаша айтқан­да, жасанды мемлекет. Елде ұлт­ты қалыптастыру деген түсі­нік соңғы екі ғасырда ғана қалыптасты. Бұл, әрине, бізге оңайға соққан жоқ. Бельгияда 2018 жылдың желтоқсанындағы сайлауға дейін толыққанды, жүйелі үкімет болмады. Олар жергілікті, аймақтық, топтық жүйеде жұмыс істеді. Бельгия үкіметін қалай жасақтайтынымыз туралы мәселелер әлі күнге дейін туындайды. Бірнеше ұлт болған соң, пікірлердің де көп болуы заңды. Бірақ, ең бастысы, ойымызды, пікірімізді бейбіт жолмен түсіндіруге, дәлелдеуге тырысамыз. Мемлекеттегі тыныштық пен тұрақтылықтың негізгі себебі осында. Ортақ шешімге келу қашан да қиын. Осындай кездерде алдын ала бекітілген заң, яғни конституцияға сай жұмыс істеуге тырысамыз. Заңда мемлекеттегі әрбір ұлттың, тілдік, аймақтық топтардың сөз бостандығы туралы жазылған. Ортақ мүддеге жету үшін, мемлекеттегі тұрақтылыққа нұқсан келтірмеуіміз үшін келісім мен келіссөздер ғана тиімді екенін түсініп, бір-бірімізді тыңдауға тырысамыз.

– Қазақстанның халық­ара­лық саясаттағы беделі туралы не айтасыз?

– Қазақстанның әлемдік сахнада беделді мемлекетке айналуы, әлбетте, Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістігі. Тұңғыш Президенттің саясаты ең алдымен мемлекеттің экономикасы мен әлеуетінің көтерілуіне үлкен әсер етті. Ол ұстанған саясаттың жемісі мен нәтижесі бүгінгі таңда халықтың пайдасына жарап отыр. Яғни, Н.Назарбаев тек мемлекеттің ішкі мәселелеріне тоқталып қалмай, Қазақстанның  беделін әлемдік сахнада көтеруге тырыс­ты. Еуропа Одағына көршілес мемлекеттермен серіктестік қажет. Өйткені Еуропа Одағы  тұрақты ортаны қалайды. Шындығына келсек, Еуропа Одағы Еуразия құрлығының кішкентай бөлігін ғана иемденген. Англиядан бастап Жапонияға дейін қаншама мықты мемлекет бар. Ресей, Түркия, Қытайды есепке алмағанда Орталық Азиядағы мемлекеттердің рөлі шешуші. Осы тұрғыда Еуропа Одағына сенімді серіктес керек. Ал Орталық Азия – Еуропа Одағының көршісі. Көршіңмен тату болуың үшін олармен келісім жүргізе алуың керек. Сондықтан Қазақстанның бұл ретте мысы басым. Қазақстан халықаралық саясатқа қажетті тұрақтылық, жүйелілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алды.

Азия мен Еуропа арасында экономикалық және әлеуметтік айырмашылық өте көп. Қазақстан астанасында өткен отырыста сарапшылар Еуразия құрлығын жандандыру тақырыбын талқылап, Азия мен Еуропа елдерінің арасында өзара байланыс орнату мәселелерін қарастырды. Сіздің ойыңызша екі аймақ арасындағы байланысты қа­лай арттыруға болады?

– Ең алдымен, біз әртүрлі екенімізді мойындауымыз керек. Әр алуандық – керемет құбылыс. Біздің тарихымыз, дәстүріміз бен тұрмысымыз бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Еуропа интеграцияланған нарықта өмір сүреді, алайда халқы түрлі ұлт өкілдерінен құралған, әр этностың өзіндік дәстүрі мен мәдениеті, тілі бар. Қазақстан үлгісінде айтсақ, экономика мен адам капиталының дамуында сіздің ел үлкен жетістіктерге жетті. Бұл жағдай алдағы жылдарда да жалғасын тапса, жақын болашақта үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Тек осы жетістік нәтижелері барша халық арасында тең дәрежеде бөлініп, әрі қарай тұрақты дамуын қадағалау өте маңызды. Қазақстан даму жағынан Еуропадағы жоғары табысты елдердің өкшесін басып келеді десем артық айтпаймын. Қазір орташа табысты елдердің қатарында болғанымен, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігі өте жоғары. Адам капиталының даму көрсеткішімен есептесек, Белгия үздік 20-ға кірсе, Қазақстан 50 елдің ішінде болар. Сондықтан осы жұмысты әрі қарай табыс­ты жалғастыру керек. Орталық Азиямен тарихымыз, дәстүріміз басқа болғанымен, келесі онжыл­дық­та мүмкіндіктеріміз бірдей болмақ.

Ал өзге елдің дәстүрі мен мәдениетін жете білу үшін сая­хаттау өте маңызды. Қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары, әсіресе жастар әлемді еркін шарлап жүр. Мәселен, Еуропа Одағы жастардың саяхаттап, өзге елдің мәдениетімен, тілімен, дәстүрімен танысуы үшін Erasmus бағдарламасын таныстырды. Осылайша Еуропа Одағына кіретін елдердің жас­тары бір-бірімен араласып, тұрмысын біліп, дәстүрі мен тіліне ашық болды. Бұл – бір ғана мысал. Осы секілді екі аймақ арасында жастар саяхаттап, өзара тәжірибе алмасатын бағдарламаларды қолға алуға болады. Осы арқылы елдер арасында достық қарым-қатынас орната аламыз. Әлем халқы бір-бірін танып, экономикалық, әлеуметтік немесе мәдени байланыс орнатқан кезде, сол елдер арасында жанжал мен соғыс болмайды. Қарым-қатынас пен диалогтың жоқтығы – үлкен қауіп.

– Ал Еуропа Одағының Орталық Азияның өзге елдері­мен байланысы қандай?

– Орталық Азиядағы көш­басшы ел – Қазақстан. Ауған­стан­ды айтпағанда, Тәжікстан мен Өзбекстандағы жағдайды аз-кем білемін. Бұл елдер де белгілі бір тәжірибе жинап, Қазақстанның даму қарқынына ілеседі деп сенейік. Мәселен, Өзбекстанда жақсы өзгерістер болып жатқан секілді. Дегенмен, Қазақстан Орталық Азия елде­рі­нің арасында бір қадам алда келеді. Сондықтан сіздің ел аймақтағы басқа мемлекеттердің дамуына үлгі бола алады деп ойлаймын. Жалпы, Қазақстан көшбасшылары көршілес елдерге қамқорлық танытып, жол көрсетуге қарсы емес болар. Ал Еуропа Одағы үшін Орталық Азиямен серіктес болу өте маңызды. Еуропа Одағына экономикалық дамуын әрі қарай ілгерілету үшін тұрақты әрі қауіпсіз орта қажет.

Әлемдік саясат пен эконо­микадағы биылғы ең айтулы деп қандай оқиғаларды айтар едіңіз?

– Менің ойымша биылғы бас­ты үш әлемдік тренд өршіп келе жатқан сауда соғысы, қоршаған орта мен климаттың өзгеруі, популизмнің белең алуы болды. АҚШ пен Қытай арасындағы сауда мәселесі бүкіл әлемнің назарын аударғаны сөзсіз. Бұл мәселе 2020 жылы шешімін табады деп сенемін, әрине көп нәрсе Трамп мырза мен халықаралық көшбасшылардың қолында. Ал климаттың өзгеруіне келетін болсақ, табиғат пен қоршаған ортаға адам әрекетінің толассыз теріс әсерін жою үшін ұзағырақ уақыт керек. Келесі жылы да табиғат ресурстарын бақылаусыз қолдану, ауаны лас­тау мен жер шарының жаппай жылынуын бақылайтын боламыз. Популизмді жеңу де оңай болмай тұр, оған уақыт керек. Менің ойымша, қоғамда популизмнің көбеюіне байлықтың тең үлестірілмеуі, миграция, қауіпсіздік, демократия мәселелері бірден-бір себеп болып отыр.

Қазақстан үшін қандай сын-қатерлерді атап өтер
еді­ңіз?

– Қазақстан секілді қарқынды дамып жатқан ел туралы айт­қан­да, сын-қатерлермен қатар мүмкіндіктерді қарастырғанды жөн көремін. Ал ол мүмкіндіктер жеткілікті. Мәселен, Қазақстанда ғарыш, табиғат пен қоршаған ортаны сақтаудың жолдары, ауқымды табиғат ресурстары бар, сондай-ақ ол ғаламшардың ең бейбіт аймақтарының бірінде орналасқан. Сондықтан сын-қатерлер туралы сұраққа жауап бермес бұрын, шексіз мүмкіндіктерді алға тартқым келеді. Жалпы, Қазақстан қазір орта табысты елдермен теңессе, келесі онжылдықта дамыған елдер қатарында болуы әбден мүмкін. Қатерлерге келер болсам, сіздің ел түрлі ұлт пен дін өкілдерін біріктіріп отыр. Бұл жағдайда билік үшін бейбітшілікті сақтау түрлі тараптардың ой-пікіріне құлақ асып, барлығымен санасуды қажет етеді. Қазақстан да менің елім секілді көпұлтты мемлекет. Кейде бұл сынақтан өту оңай болмай жатады. Ең алдымен, қазақ билігі мен үкіметі үшін түрлі пікірлер мен ұсыныстарға ашық болып, тату әрі бейбіт қарым-қатынасты сақтау маңызды. Екіншіден, Қазақстан үшін пайдалы қазбаларды өндіру мен табиғат ресурстарына тәуелді болудан алшақтап, елдегі өндірісті күшейту керек. Бұл экономиканың одан әрі қарқынды дамуына алып келеді. Қазақстанның білім беру саласында үлкен жетістіктерге жеткенін білеміз. Ендігі кезекте елдегі интеллектуалды мүмкіндікті қолдану қажеттілігі туып отыр. Үшіншіден, қай ел үшін болсын бейбітшілікті сақтау мәселесі әрдайым күн тәртібінде тұрады. Ал бейбіт өмір болмай, адам капиталының өсуі мен экономикалық, әлеу­меттік дамуды елестету мүмкін емес. Қазақстан мен көршілес Қырғызстан, Ауғанс­тан, Өзбек­стан елдерінде әрдайым  этностық немесе діни қақ­ты­ғыстар қау­пі бар. Бұл сол аймақтағы бар­лық елдердің татулығы мен тұрақ­ты­лығы үшін қатер болмақ.

Жоғарыда атап өткен мүмкін­дік­терден бөлек, осы үш сын-қатерді айтар едім. Алайда бұл қатерлердің алдын алу Қазақстан үшін қиын болмас деп ойлаймын.

Жалпы, Орталық Азияда не болып жатқаны әлем елдері үшін өте қызықты. Мен Бельгияның премьер-министрі болғанға дейін Қазақстан туралы ақпараттан бейхабар болдым. Сол уақыттан бері Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік даму қарқыны, саяси белсенділігі мен беделді халықаралық бастамалары, бей­біт­­шілік пен ядролық қарусыз әлем құрудағы әрекеттері таң қал­дырады. Жастар мен келер ұрпақ бұл жетістіктердің жемісін көріп, елдің одан әрі дамуына үлес қосады деп есептеймін.  

 

Әңгімелескендер

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

Светлана Ғалымжанқызы,

«Egemen Qazaqstan»