Технология • 28 Қараша, 2019

Сергей Ахметов: Деректерді ала алмау – Big Data-ға үлкен кедергі

31476 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мамандардың айтуынша, бұрын зерттеу жұмысын жасау үшін ғалымдарға 20-30 жыл уақыт кеткен болса, бүгінде түрлі IT технологиялар арқылы қажет деректерді 3-4 айда жинауға болады. Кез келген саланың жұмысын жеңілдету үшін бүгінде үлкен деректерді өңдеу технологиясының мүмкіндігі мол. Big Data туралы жұрт жиі естіп, интернеттен оқып жүрсе де, өз маманы болмаған соң, оның қаншалықты қауқарлы екенін түсіну қиын. Аталған технологияның маңызы мен мүмкіндіктері жайында білу үшін Big Data and Analytics қауымдастығының президенті, Marketo компаниясының бас директоры Сергей АХМЕТОВПЕН әңгімелескен едік.

Сергей Ахметов: Деректерді ала алмау – Big Data-ға үлкен кедергі

Фото tengrinews

– Big Data не үшін қажет? Оның мүмкіндіктерін қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз.

– Қазір Big Data термині көп айтылып жүр. Ғаламторда да бұл жайында ақпарат көп. Алайда мамандар болмаса, өзге адам үшін оны түсіну қиын. Көп жағдайда адамдар Big Data-ны деректер базасымен шатастырады. Асылында, бұл кез келген ауқымды мәліметті жылдам өңдеу технологиясы. Қазір оның енгізілмеген саласы жоқтың қасы. Мәселен компаниялар бүгінде Big Data қызметін тұтынушылармен өза­ра қарым-қатынасты нығайту, түр­лі операцияларды жеңілдету және алаяқтықтың алдын алу үшін пай­даланады. Сондай-ақ оны қара­пайым күнделікті өмірден де кез­дес­тіруге болады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында әртүрлі нысанда орна­тыл­ған 48 мың бейнекамера бар. Ол жеке үйлердің алдында, сауда орталықтарында және тағы да басқа жерлерде болуы мүмкін. Сол бейнекамералар күніне көлемі 400-500 гигабайт болатын видео түсіреді. Осын­ша көп ақпарат пайдаға жарамаса, деректер базасына айналады. Енді осы ақпаратты Big Data деп атау үшін сол камераға адамды идентификация­лау керек. Егер де бейнекамера үйге кірген әр адамды танып тұрса, мұны Big Data деп атауға болады. Демек, қарапайым тілмен түсіндіргенде Big Data дегеніміз, қолымызда бар ақпараттан жаңа бір мәлімет алу. Сондай-ақ сол мәлімет арқылы белгілі бір қорытынды шығара отырып, болашаққа болжам жасау.

– Естуімізше, Big Data-мен көбінесе жекелеген компаниялар жұмыс істейді. Оған не себеп?

– Қазақстанда халық саны аса көп болмағандықтан, бізге Үкіметпен жұмыс істеу тиімді болар еді. Алайда әзірге оған толық қол жеткізе алмай отырмыз. Мемлекетпен толыққанды жұмыс істеу үшін бірнеше кедергі бар. Түсінікті болуы үшін Big Data-ның екі бағыты барын айта кетейін. Оның біріншісі – data engineering, ал екіншісі – data science деп аталады. Data engineering көп ақпаратпен жұмыс істеу үшін белгілі бір архитектура құрады. Дәл осы сәтте бізге жұмыс істеу қиын. Себебі Қазақстандағы біраз жүйе біздікі емес, көбін шетелдік компаниялар құрастырған. Egov-ты өзіміздікілер жасап шықты деп айтады, бірақ оның өзі күмәнді. Үлкен нәтижеге жету үшін бәрінің біріккені дұрыс. Ал бізде әртүрлі жүйе болған соң бәрі интеграцияланбай тұр. Нақты нәтиже көрінбей тұрғаны да осыдан. Бізде, құқық қорғау органдары бір жүйеде істесе, Денсаулық сақтау министрлігі өзге жүйеде жұмыс істейді. Сондықтан мұның бәрінен көп ақпаратты алу мүмкін болмай тұр. Ал деректерді ала алмау – Big Data-ға үлкен кедергі. Ең әуелі бұл мәселені шешу үшін бүкіл минис­трліктің дерегі бір жүйеге жинақ­тал­уы керек. Әлемдік стандартта бәрібір жүйенің айналасына құрылады. Бізде керісінше, әр министрлік өзінше жүйе құрып, әрқайсысының жұмысы бөлек жүріп жатыр. Егер де мемлекет Big Data-мен жұмыс істейміз деп шешсе, біз сияқты IT компанияларға мәліметті ешқандай шектеусіз беруі керек. Өкінішке қарай, бізде әр мәлімет әртүрлі сақталады. Кей дерек енбей қалып жатады. Негізі мұның бәрі автоматты түрде орындалуы керек. Жүйе дұрыс болмағандықтан, бізге жұмыс істеу қиын. Сол себепті де аталған қызмет түрі қымбатқа шы­ға­ды. Қымбат болуы себепті де бұл техно­ло­гиямен жұмыс істеуге көбі келісе бер­мейді.

Десе де қазір елімізде Big Data бизнес саласында, жекелеген компания­лар­да, банктерде, сондай-ақ прокуратурада, «Қазпоштада» және тағы да басқа орындарда қолданылып жа­тыр. Бұл арқылы аталған салаларда тұтынушылармен өзара қарым-қа­тынас нығайып, түрлі операциялар мен қызметкерлердің жұмысы же­ңіл­деуде. Қазір көп қызметті тұ­тыну­шылар өз ЖСН-і арқылы онлайн режімде жылдам ала алады. Бұрын кезекке тұрып алатын несиені де қазір адамдар өзінің ұялы теле­фонындағы мобильді қосымша арқы­лы ала береді. Мәселен, Kaspi bank-тің мобильді қосымшасында өтінім берушіге 5 минуттай күте тұруын өтініп, деректер базасында ол тура­лы мәліметтер қарастырылып жатқа­нын айтады. Яғни, нейронды жүйе деректер базасынан мәлі­мет­терді қарастырып, белгілі бір ше­шім қабылдайды. Осылайша тұтыну­шы­ның да, қызметкердің де уақыты үнемде­ліп, жұмыс жеңілдей түседі.

– Бізде Big Data-мен жұмыс істей­тін білікті мамандар жеткі­лік­ті ме?

– Бізде сауатты IT мамандар көп. Бірақ көбі шетелге кетіп жа­тыр. Себебі біздің нарық олармен жұ­мыс істеуге әлі толық дайын емес. Кейбір көршілес елдермен салыстырғанда біздің ел едәуір алда келе жатқанын ескерсек те, әлі де дамуды қажет етеді. Шетелге кеткен қыз-жігіттер біраз тәжірибе жинақ­тап, елге келгенде мемлекеттік нарық оған дайын болады деп ойлаймын.

– Үлкен деректермен жұмыс істейтін мамандарды даярлауда неге мән берген жөн?

– Big Data – IT саласындағы ең қиын, ең қымбат нәрсе – технология. Онымен жұмыс істеу үшін міндетті түрде ағыл­шын тілін жетік меңгеруі тиіс. Сон­дай-ақ жоғары математиканы жақсы білуі керек. Қалған дүниені жоғары оқу орнынан немесе түрлі курстардан үйренуге болады.

– Әлемдік тәжірибеде Big Data-ның көрінісі қандай? Үлкен деректермен жұмыс істеуде үздік елдерді атасаңыз.

– Үлкен деректермен жұмыс істеп, мол табысқа кенеліп жатқан ел ретінде бірінші кезекте АҚШ-ты айтуға болады. Олар сан түрлі салада деректер базасын өңдеуде шебер. Мәселен, елдің бәріне таңсық емес Google іздеу жүйесін алайық. Оны қолдан­байтын ел жоқтың қасы. Кез келген жағдайда адамдар қандай да бір сұ­рақтың жауабын немесе іздеген мәлі­метін осы жерден табады. Google – үлкен деректер базасы. АҚШ бұл іздеу жүйесі арқылы көптеген елдер туралы мәлімет алады. Барлық жағдайларды өз назарында ұстайды. Өзге елдер жайында мәлімет ала отырып, болашаққа бағдар жасай алады. Халықтардың тұрмыс-салтын, алаңдатар мәселесін, психологиясын, ойлау қабілетін оңай бақылап отыр.

Ал Қытай – жабық мемлекет. Олар ақпараттық қауіпсіздікті маңызды санайды. Сол себепті де олардың жеке іздеу жүйелері мен мессенджерлері бар. Сол сияқты Ресей де бұл ретте қалыс қалмайды. Олар өздерінің Яндекс деп аталатын іздеу жүйелерін, Rutube атты видеолар желісін, «Одно­классники» сынды әлеуметтік желі­сін қолданады. «Ауқымды деректер – жаңа байлық» деген сөз тегін айтылмаса керек. Бұрын адамдар алтын мен мұнайды қазына-байлық деп тапса, қазіргі заманда ауқымды ақпа­рат­тың маңызы басым. Сол се­бепті мамандар жаңа мәлімет алудың түрлі әдісін қарастырады. Не­міс­тер, мәселен, қарапайым smart шәй­нек арқылы да ақпарат алады. Wi-Fi-мен жұмыс істейтін шәйнектер су­дың құрамын анықтай алады. Сондай-ақ үйдегі адамдар ұйқыдан тұрғанда немесе жұмысқа кетіп бара жат­қанда өздігінен қосылып жұмыс істей береді. Немістер бұл шәйнектер арқылы көп мәлімет алып, ол деректерді сату арқылы шәйнек сатқан бағадан да көп ақша өндірген. Сол себепті қазір әлемдік нарықта Big Data-мен жұмыс істейтін мамандарға сұраныс көп. IT саласындағы ең көп табыс табатындар да осы саланың мамандары.

– Қазір кімдермен жұмыс істеп жатырсыздар?

– Осы салада қызмет етіп келе жатқанымызға 10 жылдан асып қалды. Біз Big Data-ны Қазақстанда ғана емес, жалпы ТМД бойынша бастаған бірнеше компанияның біріміз. Қазір көбіне шетелдік компаниялармен жұмыс істейміз. Олардың ішінде АҚШ, Швейцария, Қытай сынды алып мемлекеттер бар. Мысалы, қазір Американың 3 мектебімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жоба бойынша мектептің кіреберісіне 3D бейнекамералары қойылады. Олар кірген балаларды түсіру арқылы балалардың көңіл күйін, эмоциясы мен психологиялық жай-күйі туралы мәліметтер береді. Бұл – мектептегі балалардың тыныштығын сақтап, олардың мінез-құлықтарын бақылауға көмектесетін бірден-бір жоба.

Marketo компаниясында көптеген талантты маман бар. Мәселен, «Вконтакте» желісінің техникалық директоры бізде жұмыс істейтінін мақтанышпен айтуға болады. Жалпы, компанияда 60 шақты қызметкер үлкен деректермен жұмыс істеуде. Big Data-да штаттың көптігі емес, санаулы сауатты маманның болғаны маңызды.

 

Әңгімелескен

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Egemen Qazaqstan»