Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Көкшетауда жас ақындар мүшәйрасы өткізілді

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастардың жалынды жырларының тақырыбы да саналуан. Өздеріне тән жастықтың балауса лебінен гөрі азамат сөзі, елдің ері ғана айтар уәж басым. Тәуелсіздік тақырыбындағы ой да терең.  

Көкшетауда жас ақындар мүшәйрасы өткізілді

Жыр додасына Нұр-Сұлтан, Семей, Қарағанды, Кереку өңірімен қатар, көкшетаулық 25 жас ақын қатысып, жақұт жырларын тыңдарман қауымға тарту етті. Ақындардың шама-шарқын, шабысын сынау мақсатында еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін де қазылар алқасы саралап, жүзден жүйрігін анықтады. Іріктеуден іркілмей өткен ақындардың өлең шумақтарынан еліне, жеріне деген сүйіспеншілік лебі еседі. Бірі тәуелсіздікті тарту еткен құрбандардың ерлігін жырласа, енді бірі өздерін бақытты елдің ұрпақтары екендігін өлеңдерімен өрнектеді.

– Осы мүшәйраға өзімнің Тәуелсіздік туралы өлеңімді алып келдім. Үнемі қалмай, қатысып жүремін. Осы бір жақсы үрдіс әдемі қалыптасып келеді, – дейді жас ақын Бақытбек Жақсыгелді.  

Мұндай мүшәйралар ақындарға тың серпіліс, айқын бағыт береді. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қызметкері Оралбек Нүріш жеңіп алды. Бірінші орынға Орталық Қазақстан академиясының студенті Асемгүл Серікбол, екінші орынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген Абылай Мәулен мен қызылжарлық Абылайхан Әшімхан лайықты деп танылса, Семей қаласының атынан бәйгеге түскен Еламан Оспан және Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Қарашаш Ұғылан жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты. Барлық қатысушыға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.