Саясат • 06 Желтоқсан, 2019

Аңызға айналған абыз – Елордада Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған іс-шаралар басталды

1091 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кіндігі кесіліп, кірі жуылған жерінің табиғатынан айнымайтын төл баласы Кекіл­байұлы қаламынан туған аңыз бен ақиқаттың алып кеңістігі қазақ сахарасын толығымен қамтып, тіпті әрі асып жатқандай. Заманында қара сөзбен тарихтың шы­ңы­рауын қазған жазушы қа­ла­мының сиясын сарқып, қазақтың бастан кешкенін жазарда бір уақыттарда өзі де шежіреге айналарын білді ме екен?! Бүгінде қаламгер хақында айтылып жатқан сансыз ойлар мен жылы пікірлер абыз Әбіштің жаңа дәуірін бастап кетті.

Аңызға айналған абыз – Елордада Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған іс-шаралар басталды

Күні кеше Л.Н.Гумилев атын­­­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде мемлекет және қо­ғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­байұлының 80 жыл­дық ме­рей­тойына арнал­ған «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала рухания­ты» атты халық­ара­лық ғылыми-теориялық конференция өтті. Университет рек­­торы ҰҒА академигі Ер­лан Сыдықовтың мо­дератор­­лығымен өткен жиын­ға Парла­мент Мәжілісінің депутаттары, шетел және қазақ зиялылары, қатыс­ты.  Маңғыстау облысынан арна­йы делегация келді.

Жиын беташарында «Ә.Кекіл­баев кеңістігі» тақырыбында баян­дама жасаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Биыл еліміздің руханияты үшін «Әбіш Кекілбаев жылы» болды десек, әрине қателеспейміз. Бұл халықтың аяулы перзентіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы. Баршаңыз білесіздер, кемеңгер жазушының 80 жылдығы туған жерінде ғана емес, ұлан-ғайыр елі­міздің өзге де өңірлерінде кеңі­нен аталып өтілді. Осы орай­да Әбіш ағаның тарихи тұл­ға­сы мен біртуар болмысын, біті­мін айқындай түсетін небір іс-шара­ларға куә болдық. Ақтау қала­сында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­­тың қатысуымен еңселі ескерткіш орнатылып, облыстық өлкетану музейі Әбіш ағамыздың атымен аталды. Сөз зергерінің туған жерінде халықаралық театр фестивалі өтті. Өнегелі өмірінің басым бөлігі өткен Алматы қала­сында әсем көшелердің біріне Әбіш Кекілбайұлы есімі берілді. Алғашқы «Әбіш оқулары» және «Әбіш әлемі» атты оқу конгре­сі мәресіне жетті. Жер-жерде ал­қалы жиындар мен конферен­циялар ұйымдастырылды. Әри­не, Әбіш Кекілбайұлының қай­­рат­керлік бейнесі мен ойшыл бей­несі туралы саналы сөз, па­йымды пікір осы 80 жыл­дық­пен тоқтамайды», деген Мем­ле­кет­тік хатшы қаламгер шығарма­шылы­ғын насихаттауда әлі де толайым істер жасалатынын жеткізді.

«Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты, Әбіш Кекілбаевтың ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетін қайтара алмайтын салмақты құбылыс­қа ұқсайды. «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөз – Әбіш Кекілбайұлының өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді. Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын», деді ол.

Тәуелсіз ел болып қалып­тасу­дағы қысылтаяң тұстағы көсемсөз шеберінің кемел қыз­метін айт­қан ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин: «Әбіш Кекілбаев тек талантты жазушы емес. Ол расында да мемле­кет және қоғам қайраткері. Әсіресе Әбіштің елдің ішкі-сырт­қы сая­сатына сіңір­ген еңбегі зор. Бұған қоса қазақ­тың тәуелсіз ел атанып, еңсе тіктеуіне бірден-бір рухани һәм саяси ықпалын ти­гізді», деп жазушымен бірге өт­кен қыз­меттік жылдары жайлы баян­дады.

Әбішті алғаш рет кездестірген оқиғасын баян еткен, таяуда ғана 95 жас мерейтойы өткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Анау алпысыншы, бері салғанда 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қан мен тердің» бірінші нұсқасын ҚазҰУ-дың филология факультетінің сту­денттері талқылаған. Бас­қарған – Зейнолла Қабдолов. Баяндамашы студент екен. Қазір де көз алдымда. Қызыл шыт көйлектің жауырыны мен екі иығының түсі күн жеп, бояуы оңып, бозара бас­тапты. Бұйра шаш, үрпек бас, қолы сидиған қағылез, арық қара бала екен. Сонысына қарамастан елпілдек емес екен өзі. Қайта тумай жатып оның шидей қол-аяғының сүйек-саяғына қорғасын құйып қойғандай, аржағында әзір біз біле бермейтін әлдебір мығым, нығыз салмақ жатқандай. Бірақ өзін кесірлеу мінезі бар деп ойладым. Өзі де кекірейіп тұрып баяндама жасады. «Қан мен тер» деді де, сәл тоқтап, қоңыр дау­сын көтеріп: «Бүкіл тірліктің салмағын арқалаған осы екі сөзбен аталғандықтан жазушы Нұрпейісов жаңа романының көтерген мәселесі де, көрсетпек болған дәуірі де ерекше елеулі шығар деп ойлап едім», деді Әбіш. «Әй, бәсе, кекірейетін ретің бар екен, бала» дедім ішім­­нен. Мына қол-аяғы шидиген үрпекбас баланың аузынан шық­қан жаңағы бір ғана сөйлем шынымен мені қатты ойландырып тастады. Мынау құдды басына бұғалық түспеген асау аттың салған жерден бірден шоқтығына жармасып, тырп еткізбей ұстап тұрып, өзінің ырқына оп-оңай көндіріп алғандай болды», деп әңгімесін жалғады қарт абыз.

«Ертеңіне жаңағы баланың баяндамасын сұрап алдым. Аса зейін қойып, шұқшиып оқы­дым. Мына бала ұстаздан дәріс алып жүрген шәкірттен гөрі қолына қалам ұстаған біз сияқ­тылардың өзіне дәріс беретін дәрежеге көтеріліп қалған әде­биет адамының ар жақ-бер жа­ғын­да, қанша заманнан бері қор­даланып жатқан ілім-білімді әбден игерген бе өзі?! Көрдің бе, қаршадай болып алып маған да өз биігінде тұрып алдымды орап, кеңес беруден тайсалатын түрі жоқ. Сол баяндамамды кейін қо­быр­сып жатқан кабинетімдегі көп қағаздың арасынан іздеп таба алмадым», деп көпшілікке «Казправданың» алдағы санында шығатын Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдығында жасаған баяндамасын оқыды.

Испаниялық филолог Хулио Новилло Санчес де Педро Әбіш Кекілбайұлы творчествосы туралы ойымен бөлісті. «Алғаш рет Әбіш Кекілбайұлының «Аңыз­дың ақыры» романын ағыл­шын тілінде оқыдым. Оның шығар­малары әлем оқырмандары үшін өте өзекті. Әлемнің бірнеше тілі­не аударылуы да сондықтан», деді шетелдік әдебиетші.

«Ұлы дала және Ә.Кекілбаев тұлғасы» тақырыбында сөйле­ген мемлекет және қоғам қайрат­кері, филология ғылымдары­ның докторы, профессор Мырза­тай Жолдасбеков: «Осыған дейін ешбір қазақ жазушысының тойы әр өңірде осылай екі ай бойы тойланып көрген емес. Әу дейтіннің бәрі сахна төрінде тайраңдап жүргенде, қоғамда жазушылар мен ғалымдардың, әдебиеттің беделі төмендеп кеткен кезде, Әбіштің тойына қатысты болып жатқан осы оқи­ғаларды мен жақсылыққа жоры­дым. Әбіш Кекілбаевтың тойы – әдебиетіміздің, заты мәде­ниетіміздің тойы.

Әбіш үлкен әдебиеттің есігін именбей ашып, оның төріне бірден шықты. Студент кезінің өзінде-ақ құлаш-құлаш мақала жазып, келелі, терең ойларымен әдеби ортаның назарын аударды.

Әбіш Кекілбаев әдебиетке әуелі сыншы ретінде, ақын ретін­де келіп, үлкен прозаға сосын көшті. Әлемдік әдебиетке өз жолын салып, шым-шытырық тарих болмысын, абыз даланың ұлы­лығын барынша кең, ай­қын, нанымды суреттеп, әде­биеттің мерейін асырған қалам­герге айналды. Мен оны қазақ жазушыларының ішінде тек кемеңгер Мұхтар Әуезовке ғана ұқсатамын», деп  қаламгер шы­ғар­маларын талдап өтті. 

Өз кезегінде баяндама жаса­ған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз зергерінің қайраткерлік қырына тоқталды: «Кекілбаевтың кеңіс­тігі ұшан-теңіз. Соның бір бағыты – Әбекеңнің мемлекеттік қай­раткерлік еңбегі. Оның класси­калық шығармаларымен қатар фи­лософиялық ойшылдығы мен қайраткерлігі де биікте тұр. Біз мемлекеттік қызметтегілерге бір­­жақты ғана – мансап тұрғы­сынан қараймыз. Әбекең Ел­ба­сымен үзеңгілес бола жүріп мемлекет құрылысын жаса­ды. Ол үлкен білімділікті, шығарма­шылықты қажет ететіні сөзсіз. Және бұл кез келген мемлекеттік қызметкердің қолынан келетін шаруа емес. Бұған қоса абыз ағамыз елдің алдында қызметте жүріп, қаламын да суытқан жоқ. Әбекең 70-ке келгенде кеуде­сіне «Алтын жұлдыз» тағып тұрып Н.Назарбаевтың «Шіркін, қазақ­тың жігіттерінің бәрі өзіңдей болса» дегенін барша ел біледі. Осы бір ауыз сөз ел-елді ара­лап, бір­талай азаматқа үлгі болды», деді.

«Бір күні ағамыздың үйіне Клара жеңешеміздің шайын ішуге бардық. Төрде Айсәуле апа­мыз бен ұзын үстелдің етек жағында 4-5 жастағы Абыл отыр. Бір уақытта Әбекең көсіліп отыр еді, баланың даусы саңқ ете түсті. «Әй, Әбіш, тоқтай тұршы, мен сөй­леймін», деді. Сөйтсек бұл Айсәуле апамыздың кей-кейде айтатын сөзі екен. Соны бала Абыл жаттап алса керек. Бәріміз ошарылып тоқтап қалғанда Әбекең асқан бір ризашылықпен: «Әй, бәріміз біраз жерге кетіп қалған көрінеміз. Мына келер ұрпақ сөзімді айтам деп тұр ғой, осыны тыңдайық», деді.

Ақын Сұлтан Оразалы: «Әбіш туралы ойласам, екі оқиға көз алдымнан кетпейді. Бірі – алғашқы танысқаным, екіншісі – соңғы сапарға аттандырар алдында арулап, ақырет киіміне ораған сәт. Осы екі аралықта 55 жыл өмір өтіпті. Әбіштің 60 жылдығында «Маржан сөздің марғасқасы, шығармалары сіргелі сөзге сес болар, іргелі елге ес болар рухани азық, ұлттық қазына» деп толғанған екенмін. Сонымен бір дәуірде қатар ғұмыр кешкен біздер үшін Әбіш кім? Әркімнің жүрегіне, көңіліне жаққан өз Әбіші бар. Ал мен үшін Әбіш – төрт құбыласы тең, дара туған дарынды замандасым. Абай айтқандай, «кемел жаратылыс иесі», деді.

Бұған қоса ауқымды шарада Мемлекеттік сыйлықтың лауреат­тары – Әнес Сарай, Ақұш­тап Бақтыгереева, Қажы­­ғали Мұханбетқалиұлы сөз алып, баяндама жасады. Кон­ференция соңында жазушы шығармаларын БҰҰ тілдеріне аударып, кеңінен насихаттау үшін Ұлттық аударма бюросына ұсыныс жасау, ЕҰУ-дегі «Әбіш Кекі­лбайұлы дәрісханасын» тың материалдармен толық­тырып, қайта жабдықтау және Ә.Кекілбайұлының қай­рат­кер­лігіне байланысты құжат­тарды көптомдық жинақ етіп даярлау жөнінде қарар қабылданды.

Телегей-теңіз білімі көркем дүниелерін былай қойғанда, қатар­дағы жиындарда-ақ тың­дарман жұртты таңғал­дыра­тын абыздың өзі де тұлғасымен энциклопедия еді. Шара барысында «Арыс» қорының (баспасы) «Әбіш әлемі» жобасы негізінде жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының бірінші томының тұсауы кесілді. Мұнда негізінен көркемсөз шеберінің шығармашылығы қамтылған. Поэзия, проза, драматургия, аудармалар, тарихи-танымдық туындылары, сапарнамалар, мақалалар атты жеті тараудан тұрады.

4-1

Соңғы жаңалықтар