Бокс • 10 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы бокс кешінде жұдырықтасатын боксшылар анықталып жатыр

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне орай 16 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында «MTK Global Kazakhs­tan» компаниясының мұрындық болуымен өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығатын 12 жұптың сегізі анықталды.

Алматыдағы бокс кешінде жұдырықтасатын боксшылар анықталып жатыр

Осы кеште екі бірдей алтын белбеудің сарапқа салынатынын біз бұған дейін де баяндағанбыз. Соған сәйкес, әлі ешкімнен жеңілмеген жеңіл салмақтағы қазақстандық Виктор Коточигов (10-0, 4 КО)  өзіне тиесілі WBC International нұсқасының чемпиондық тәжін қорғап қалу үшін Аргентинаның азулы боксшысы Хавьер Хосе Клаверомен (27-5, 5 КО) күш сынасады.

Екінші жартылай жеңіл салмақтағы Сұлтан Зәуірбек (8-0, 6 КО) WBC Youth World Champion нұсқасының алтын белбеуі үшін қытайлық Лешан Лимен (16-3-2, 9 КО) жұдырықтасады.

Өзге салмақ дәрежелері бойынша бәсекелер мына былғары қолғап шеберлері арасында өтеді: Ескендір Харсан (Қазақстан, 7-0, 6 КО) – Томас Эссомба (Камерун, 9-5, 3 КО), аса жеңіл салмақ Нұртас Әжбенов (Қазақстан, 7-0, 3 КО) – Лэнди Крис Леон (Филиппин, 13-20-5, 6 КО), жеңіл салмақ Елшат Нығметолла (Қазақстан, 15-0-1, 5 КО) – Крис Альфанте (Филиппин, 17-7-1, 9 КО), аса жеңіл салмақ Абай Төлеш (Қазақстан, 4-0, 3 КО) – Томаш Безвода (Чехия, 8-10, 5 КО), орта салмақ Хуршид Тожибаев (Өзбекстан, 3-0, 2 КО) – Айзек Джуниор (Индонезия, 26-13-3, 9 КО) екінші жартылай жеңіл салмақ Алиу Бамиделе Ласиси (Нигерия, 13-0, 8 КО) – Хамсон Ламандау (Индонезия, 10-4-1, 7 КО) екінші жартылай аса жеңіл салмақ. Ал қазақстандық Мирасәлі Сәрсенов (1-0, 1 КО), Нұрдос Төлебай (1-0), Рай Сейтжанов (1-0) және «MTK Global Kazakhs­tan» командасы сапындағы әйгілі өзбек боксшысы, Олимпиада чемпионы Фазлиддин Гаибназаровтың (7-1, 4 КО) қарсыластары әлі анықталған жоқ.