Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Тәуелсіздік – тұғырым

1811 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві Тәуелсіздік күніне орай жастармен дөңгелек үстел өткізді. Онда еліміздің жиырма сегіз жылдағы табыстарымен қатар ұлттық сананы жетілдіру жолындағы тарихтың, оны айғақтайтын архив құжаттарының маңыздылығы жөнінде әңгіме болды.

Тәуелсіздік – тұғырым

Дөңгелек үстелді ашқан мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова алдымен Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында асқан биік белестеріне тоқталды. Соның ішінде Қазақстанның қол жеткізген саяси-экономикалық табыстары айтылды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болғандығы, оның саммитін өткізгендігі, ЕХРО-2017 сияқты дүниежүзілік маңызы бар көрмені ұйымдастырғандығы, әлемдік ауқымдағы мәдени, спорттық шараларды өткізгендігі жас жеткіншектерге үлкен табыс ретінде жеткізілді. Сонымен бірге Тәуелсіздік жылдарында архив қорының да маңызды құжаттармен толыққандығы тілге тиек етілді. «Бұл - біздің тарихшыларымыз бен зерттеушілеріміздің өз еңбектерін шынайы фактілерге сүйеніп жазуына жағдай туғызды. Әсіресе, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен істері жайлы табылған жаңа құжаттар олардың іс-әрекеттерін тереңірек білуге мүмкіндік береді», деді ол.

Мемлекеттік архивтің қызметкері Закирина Зәмзагүл Тәуелсіздік белестері жөнінде толымды баяндама жасады. Ал Желтоқсан оқиғасының себептері мен салдары туралы «Бітеу жара. (Желтоқсан 1986)» авторы ретінде осы жолдардың авторы әңгімеледі.

Шараға қатысқан жастар да өз өнерлерін ортаға салды. Соның ішінде оныншы сыныптың оқушысы Мусадин Дурсунов Мағжанның «Мен жастарға сенемін!» деген өлеңін нақышына келтіріп оқып берді. Өзі орыс мектебінде оқыса да бұл бала қазақ тілін үйренуге деген құлшынысы жоғары екенін көрсетті. Шараның соңынан жиналған жастар архив қызметкерлері дайындаған айрықша құжаттардың көрмесін тамашалады.

ҚЫЗЫЛЖАР