Басылым басшылары • 15 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Смағұл СӘДУАҚАСОВ (01.1921-02.1921) (01.1925-04.1926)

1094 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Сәдуақасов бұрынғы Көкшетау облысы Ленин ауданы Жарқын ауылында туған. Он жасына дейiн “Медресе Ғалияны” бiтiрген өз әкесi Сәдуақас хазiреттен тәлiм-тәрбие алып, одан кейiн Әбiл молда мектебiнде бiлiмiн жалғастырады. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екi кластық орыс-қазақ училищесiн бiтiрiп, бiр жыл мұғалiм болады да, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебiне түседi.

Басылым басшылары - Смағұл СӘДУАҚАСОВ (01.1921-02.1921) (01.1925-04.1926)

1918-1920 жылдары “Центросибирь” кооперативтер бiрлестiгiнде қызмет етедi. 1920 жылы Орынборда Қазақстандағы алғашқы жастар ұйымының хатшысы болып сайланады. Сол жылы жаңа құрылған қазақ Автономиялы республикасының үкiмет басшылығына қызметке алынады. 1925-1926 жылдары “Еңбекшiл қазақ” (“Егемен Қазақстан”) газетiнiң жауапты шығарушысы әрi “Қызыл Қазақстан” (“Ақиқат”) журналының редакторы, 1925-1927 жылдары қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегi қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерiн атқарды.

1928-1932 жылдары Мәскеу көлiк инженерлерi институтын оқып бiтiрген соң Мәскеу-Донбасс темiр жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек еттi. Мемлекеттiк, қоғамдық қызметпен қоса әдеби-ғылыми шығармашылықпен айналысып, сол кезде шығып тұрған қазақ, орыс тiлдерiндегi көптеген газет-журналда саясат, шаруашылық, ел iсi, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих мәселелерiн сөз еткен мақалалары жарияланды. Көркем әңгiмелерi де жарық көрдi. Оның “Жастармен әңгiме” (Орынбор, 1925 ж.), “Ұлт театры туралы” (Қызылорда, 1926 ж.), “Қазақстандағы халық ағарту мәселелерi” (Қызылорда, 1927 ж.) деген үлкендi-кiшiлi кiтаптары жарық көрдi. Сондай-ақ Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерiлiс пен Қазан төңкерiсiнен кейiнгi ел өмiрiн арқау еткен “Сәрсенбек” атты романы да бар. “Салмақбай, Сағындық” (1923 ж.), “Күмiс қоңырау” (1927 ж.) повестерi қазақ әдебиетiндегi проза жанрын дамытуға қосылған үлес болып табылады.

С.Сәдуақасов бiздiң басылымды екi рет (I.1921 ж. – II. 1921 ж. және I. 1925 ж. – IV. 1926 ж.) басқарған кiсiлердiң бiрi.

Смағұл Сәдуақасовтың бүкiл қайраткерлiк, азаматтық болмысы жарқырай танылған кезең 1925-1927 жылдар едi. Бұл кезде ол Республика халық ағарту комиссары әрi өлкелiк партия комитетiнiң бюро мүшесi болды. Бұл кезең сонымен бiрге Ф.И.Голощекиннiң Қазақстан өлкелiк партия комитетiн басқару кезiмен дәлме-дәл келедi.

С.Сәдуақасов мен Ф.Голощекиннiң арасындағы келiспеушiлiк, қақтығысты тарихшылар төрт түрлi мәселеден сабақтап жүр. Олар, бiрiншiден, мекемелердегi iс қағаздарын қазақыландыру, екiншiден, қазақтың оқыған, көзi ашық зиялы қауымына деген көзқарас, үшiншiден, байлар мен орташаларға деген көзқарас, төртiншiден, өнеркәсiптi дамыту.

Асыл азамат 33 жыл ғана ғұмыр сүрiп, 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темiр жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.