100 • 24 Желтоқсан, 2019

Б.Момышұлы: Қазақ халқының ұлдары отан алдындағы міндетін абыроймен орындайды

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлының туған күні. 1942 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Коммунистік сәлеммен жіберген Н.Гвардия атқыштар полкы командирінің орынбасары – капитан Бауыржан Момышұлы жазған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз. 


Б.Момышұлы: Қазақ халқының ұлдары отан алдындағы міндетін абыроймен орындайды

1942 жылғы 4 январьда Қазақстан делегациясының председателі, КК(б)П Орталық Комитеттің қызметкері Қабылбаев жолдас менімен әңгімелескенде, біздің дивизияны толықтыратын әскерлерді іріктеп алуға сізді айрықша қатынасып отырғаныңызды айтты.
Бұл әңгімеден бірнеше күн өткеннен кейін бізді толықтыруға жаңа күштер келді. Мен оларға ерекше көңіл бөліп, жаңа келген жауынгерлерді бөлімшелерге таратуға қатынастым. Жасыратыны жоқ, бұлар ол кезде маған ұнамады. Стройда болмаған, икемділігі кем, өздері өте жас, алғашқы ұрыста-ақ қоянның көжегіндей жан-жаққа қашып кете ме деп ойладым. Қысқасы жаңа келген жауынгерлермен бірінші ұрысқа шыққанға дейін мен ішімнен қауіптеніп жүрдім.
Оларды даярлауға бізге тек бір апта уақыт берілді. Бұл уақыттың ішінде біз олармен әбден түсінісуге үлгере алмадық, ұйымдастыру мәселелерін үнемі асығыс шешіп отырдық. Бізге өте қиын, жауапты жауынгерлік міндет жүктелді. Солтүстік-Батыстың ызғарлы қысы жағдайында қырық градус аязда жолсыз ережелермен ұзақ жол жүріп, қиын жорық жасауға, майданды бұзып өтуге, гитлершілердің тонаушы армиясын тұтас армиялық топтарын бөліп алып, Қызыл Армияның басқа бөлімдерімен бірге күш қосып, оккупанттарды қоршап, құртуға тура келді.
Біз жолсыз жерлермен, күртік қарда, дұшпанның жерден және әуеден жаудырған оғы астында, жаудың қиыр тылында соғыса отырып, жаудың қарсылығын жеңе отырып 200 километр алға бастық.
Бұл ұрыстардың нәтижесінде біз 62 деревняны фашистердің тепкісінен азат еттік. Бұл деревняларда совет үкіметі қайта орнатылды. Фашистер ұрыс майданында 2 мың адамның өлігін қалдырып кетті. Біздің бөлімше дұшпаннан 125 автомат, 13 танк, 16 зеңбірек пен миномет, көп оқ-дәрі, азық-түлік, соғыс жабдығын және басқа көп қару-жарақ қолға түсірді.

Бұл кескілескен қатты ұрыстарда Қазақстанның ұлдары неміс оккупанттарға қарсы қалай күресіп, оларды қалай рақымсыз күйрету керек екенін тағы да айқын көрсетті. Өздерінің сүйікті социалистік отанына, өздерінің халқына, коммунист партиясына, сүйікті көсеміміз И. В. Сталинге шын берілгендіктің үлгісін, Отан Қорғау Халық Комиссары және сүйікті бас командашамыз Сталин жолдастың бұйрығын орындаудың үлгісін көрсетті.
Біз Қызыл Армияның шын жауынгеріне, совет патриотына лайықты асқан ерлікпен, жанаямай соғыстық, батырлықтың, жүректіліктің үлгісін көрсеттік – дивизияның командование біздің жауынгерлік қимылдарымызға осындай баға берді. Мен талай ұрыстарға қатысқан командирмін, сондықтан біздің жауынгерлердің командирлер мен саяси қызметкерлердің командованиеден ондай зор баға алуға лайықты жауынгерлік қимылдарын өз көзіммен көрдім.
Сіздер жіберген жас жауынгерлер менің алғашқы қауіптен­генімдей болмай шықты, олар негізінде өздерін жақсы ұстап, ерлік, жүректілік, батырлық көрсетті. Жас жауынгерлер асқан күшті жігермен, жас қырандардай тайынбай ұрысқа ұмтылды.
Жарайсың, жігіттер, жарайсың, қазақ ұлдары.
Бұл ұрыстарда жаңа келген жас жауынгерлердің ішінен Лениногорск жұмысшысы Батталов Жұмажан жолдас, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Сталин колхозынан Егенбердиев Жалынбек жолдас және басқалары ерекше ерлік көрсетті, үкіметтің наградына ұсынылды.
Әсіресе, Лениногорск жұмысшысы гвардеец қызыл әскер Төлеген Тоқтаров үздік ерлік көрсетті. Ол ұрыстардың бірінде батыр өліммен қаза тапты. Біз Төлегенді үкіметтің ең жоғары наградына – Ленин ордені мен Советтер Союзының Геройы атағын беруге ұсындық.
Басқа жауынгерлердің жауынгерлік, ерлік істері туралы жазуға уақыт жоқ, бірақ мәңгі өшпейтін атаққа ие болған 28 геройлар сияқты басқа жауынгерлердің де ерліктері біздің полктың даңқты тарихынан көрнекті орын алды. Қысқасынан айтқанда Қазақстан бізге тамаша жауынгерлер жіберген.
Бізге гвардеец жауынгерлер бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.
Жастарды коммунистік рухта, өз отанына шын берілгендік рухында тәрбиелеген Қазақстан комсомолына алғыс айтамыз.

Коммунистік сәлеммен:
Н. гвардия атқыштар полкы
командирінің орынбасары –
капитан Бауыржан Момышұлы.
Солтүстік-Батыс майданы.

«Социалистік Қазақстан», 1 апрель, 1942 жыл