Сұхбат • 13 Қаңтар, 2020

Президенттің кадрлық резерві – елдің дамуындағы қозғаушы күш

1108 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Былтырғы Жастар жылында жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың өмірден өз орнын тауып, еңбек жолында ілгерілеуіне жағдай жасау үшін ілкімді істер қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік басқару жүйесінде де ерекше назарға алынып, ел ісіне араласатын жастарды електен өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Президенттің кадрлық резерві жасақталып, 300 жас маман іріктелді. Осынау тың бастаманы жүзеге асыру барысы жөнінде бізге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтып берді.

Президенттің кадрлық резерві – елдің дамуындағы қозғаушы күш

Трендтерді жете түсінетін жастар іріктелді

– Мем­лекет басшысы өз Жол­дауында мемлекеттік қызметшілер жұ­мысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы да­йын­дығы бар жас кадрлар­ды тарту қажет екенін айтты. Осы ретте жаңадан құ­рыл­ған Президенттік жастар кадр резерві мемлекеттік қыз­мет жүйесін жетілдіруге қан­ша­лық­ты ықпал етеді?

– Жаһандану мен жаңа эко­номикалық сын-қатерлер жағ­­дайындағы қазіргі таңда еліміз­дің бәсекеге қабілеттілігін қам­та­ма­сыз етудің негізгі фактор­лары­­ның бірі – білімді және талап­­ты жастар. Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­тамасымен қолға алынған «Пре­зиденттік жастар кадр резерві» жобасы ең алдымен бәсекеге қа­білетті және жасампаз жас­тарды қолдау­ға бағытталды. Жоба­ның мәні – қажет болған жағ­дай­да жауап­ты лауазымдарға таға­йын­далып, еліміздің дамуы жолында тиім­ді жұмыс істей алатын әр­түрлі саладағы 300 жоғары дәре­же­лі мамандардың құрамын жа­сақ­тау. Резервті қалыптастыру мем­лекеттік басқару саласында адам капиталын елдің пайдасына жұмылдыру үшін жасалған жұмыс болды.

Президент жаһандану заманына қарай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге басымдық беріп отыр. Ал мемлекеттік қыз­мет­ке өзгеріс әкелу үшін, бұл са­ла­ны жаңғырту үшін заманауи ой­лай алатын, жоғары деңгей­д­егі құзыреттіліктерге ие, жаңа тренд­­терді жете түсінетін жаңа фор­­мациядағы жастарды жұмыл­дыру керек. Осы үдеден шығу үшін ал­дымызға Президенттік жас­тар кадр резервін құру міндеті қойылды.

Президенттік жастар кадр резерві – отансүйгіш жастары­мыз­ға берілген айрықша мүмкін­дік, нақты қолдау. Бұл жобаны білімі мен білігі келіскен жас аза­мат­тардың еңбек жолын­да, ілгері жылжуына жол аша­тын әлеуметтік саты деп айту­ға да болады. Іріктеудің бар­лық ке­зеңі­нен өткен жастарға мем­ле­кеттік басқару және квази­мем­­лекеттік сектор жүйесінде бас­­шы­лық лауазымға тұруға тіке­лей мүмкіндік тудырады деп көзделіп отыр. Біз осы резерв­ке ілінген жастарды көш соңын­да қалмай, Қазақстанның дамуын­дағы қозғаушы күш болады деп үміттенеміз.

Ел ісіне араласатын жастарды іріктеу жұмысы төрт айға созылды және біз оған дейін бірнеше ай бойы мұқият дайындалдық. Осы бағытта халықаралық тәжірибені зерттедік, тәсілдерді әзірлеп, толық ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді шештік. Нәтижесінде, арнайы онлайн-платформа дайындалып, соның арқасында біз адам факторы мәселесін шеше алдық. Іріктеу үрдісін цифрландыру бізге толық көлемде транспаренттілік пен объективтілікке кепілдік берді. Тіпті құзыреттіліктерді баға­лау офлайн кезеңінде баға­лау­­шылардың кімді бағалап жат­қанын білмеу үшін үміткерлердің жеке басына қатысты деректер шифрланды, сарапшылық комиссияда әңгімелесуде онлайн бағалауды енгіздік.

Резервшілер тізіміне жеке сек­тордың 106 өкілі, квазимем­лекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Бұл конкурсқа еліміздің барлық өңірлерінің азаматтары белсенді қатысты. Ең көп кан­дидаттар Алматы қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан болды. Сондай-ақ Әзер­байжан, Ұлыбритания, Гер­мания, Ресей, Түркия және Фран­ция сияқты жақын және алыс шетелдерде жүрген азаматтар да қалыс қалмады.

Ұлттық комиссияның қарауы­мен іріктелген үміткерлердің құ­ра­мында әртүрлі этнос өкіл­дері бар. Олар – қазақтар, орыс­тар, әзербайжандар, армяндар, немістер мен татарлар.

Резервке енген жастардың көбі шетелдік алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алған. Мұндай үміткерлердің үлесі – 58%. Олардың үштен екі бөлігі – ма­гистр дәрежесіне ие. Бұған қо­са тізімде 6 ғылым докторы бар.

Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы – 31 жас. Резерв­ші­лердің экономиканың түрлі салаларында айтарлықтай тәжірибесі бар. Олардың көбі экономиканың түрлі секторларындағы ірі шетел­дік және трансұлттық компания­ларда жұмыс істеген, қазір де іс­теп жатыр.

– «Біткен іске сыншы көп» дегендей, бұл іріктеудің әділ­дігіне күмәнмен қарағандар да табылды. Бұған не дейсіз?

– Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде бас­шы­лыққа алынған ең басты қағи­даттар – ашықтық пен объек­тивтілік барынша қатаң сақтал­ғанын еш күмәнсіз айта аламын. Жоғары транспаренттілік, ашық­тық және іріктеудің ұтқырлығы цифрлы онлайн-технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етілді.

Тестілеу және олардың әлеуе­тін бағалау кезеңдерінде кан­­ди­даттардың деректері жа­сы­­рылып, бағалаушы-сарап­шылардың еш­қайсысы кімді бағалап жат­қанын білген жоқ. Кодталған эсселер мен үміт­кер­лердің презентация­лары онлайн-платформада бір-бірін білмейтін үш сарапшымен белгіленген өлшемдер бойынша автономды бағаланды.

Құзыреттілікті бағалауды ассес­смент-орталықта арнайы дайындалған асессорлар мен супервизорлар жүргізді. Асес­сорлар үшін үміткерлердің қайдан келгені, қандай оқуды бітіргені, қайда жұмыс істегені туралы ақпараттан тұратын профайлы қолжетімсіз болды.

Соңғы кезеңнің алдындағы кезең – сарапшылық комиссияда әңгімелесу. Оның мүшелері үміт­керлерді онлайн-жүйеде ба­ғалады. Комиссияның барлық мү­шелері онлайн түрде бағасын ен­гізгеннен кейін олар бірден ба­заға түсіп отырды. Ешкімде ба­ғаны түзету мүмкіндігі болған жоқ.

Халықаралық ұйымдардың өкілдері мен қоғам қайраткерлері барлық үдерістердің объектив­тілігі үшін сыртқы бақылау­шы­лар ретінде шақырылды. Әр кезеңнен кейін ашықтықты қам­тамасыз ету үшін ұпайлары бар қатысушылардың рейтингі жа­рия­ланды. Жалпы біз ірік­теу нәтижелерін барлығы оң қабыл­дамайтынын жақсы түсіндік және бұл – қалыпты жағдай.

Қатысушыларға қойылған негізгі талап – отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Басқа шектеулер болған жоқ.

Қатысуға өтініштер көп болды. Бірақ көбі тестілеу мен тесті­леуді верификациялау сияқты күрделі кезеңдерден өте алмай қалды. Біз ешкімге ешқандай қол­дау жасамаймыз деген түбе­гейлі шешім қабылдадық, ережелер барлығы үшін бірдей болды. Осы тәсілдің арқасында біз үлкен нәтижеге қол жеткізіп, ақылды, талапты, белсенді, жанып тұрған азаматтарды іріктедік. Ең бастысы, біз олардың еліміздің дамуына үлес қосқысы келетінін, отан­дастарының болашағына бей­жай қарамайтынын бай­қа­дық. Олардың өз еліне қажет екенін сезініп, осыған шабыт­танғандарын көрдік.

Өзге де сипаттағы қиын­дық­тар болды. Мысалы, әлеумет­тік желілерде тестілеуді вери­фи­ка­циялау кезеңінде тест сұрақ­тарына дайын жауаптарды ұсынады деген сияқты ақпарат таралды. Тесттерді верификация­лау кезеңінен өтуге арналған көптеген қызықты ұсыныс та туындаған. Алайда сұрақтар базасын ешкім білмейді, тапсыр­малар бірегей, Президент жобасы үшін арнайы әзірленді. Сон­дықтан ондай ұсыныстар мүлдем қажетсіз болды.

 Биыл резервтегілердің кем дегенде 40%-ы жұмысқа орналасады

– Енді көпшілікті іріктел­ген жастардың қандай қызмет­­тің құлағын ұстайтыны қы­зық­тырады. Бұл бағыттағы жұ­мыс­­тың нәтижесін қашан кө­ре­міз? Жалпы, биыл резерв­тегі жас­тардың қаншасын жұмыс­қа ор­на­ластыру жоспарланып отыр?

– «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан», іріктелген жас мамандардың бүгінде 36,5%-ы инфрақұрылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған ор­таны қорғау саласында, 21,5%-ы эконо­микалық және қаржы­лық, 7%-ы сыртқы және ішкі сая­­сат, 5%-ы әлеу­меттік, 4%-ы құ­­қық­тық сая­сат саласында, сон­дай-ақ 12%-ы өңірлік және 14%-ы басқару топ­­тарында қарас­ты­рыл­ған қыз­­меттерді таңдаған. Яғни, 300 іріктелген резервші салалар бойынша бөлінген. Олар­дың кейбіреулері жақын арада мем­лекеттік лауазымдарға таға­йын­далуы мүмкін.

2020 жылдың бірінші тоқ­санында біздің агенттік әрбір резерв­ші үшін құзыреттерді дамы­тудың жеке жоспарын әзір­­лейтінін атап өткім келеді. Мем­лекеттік қызмет пен квази­мемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдарға резервшілерді тағайындау дәйекті мансаптық өсу жолымен жоспарланады. Агенттік резервшілерді одан әрі мансаптық ілгерілетуге мониторинг жүргізеді.

Мемлекет басшысының Жар­лығына сәйкес іріктеудің барлық кезеңдерінен өткен тұлғалар бес жыл мерзімге резервке алынады. Ел Президенті бұдан кейінгі жұмыстарды үйлестіру үшін Үкіметке, Президент Әкім­ші­лігіне және біздің агенттікке нақ­ты тапсырма берді. Біз бес жыл ішінде резервке енген адам­дарды жұмысқа орналастыру­ды қамтамасыз етуіміз керек. Олар­дың кейбіреуі бірден жоғары лауазымдарға ие бола алады. Кейбіріне біз бастапқыда төмен­деу, бірақ одан әрі өсудің нақ­ты перспективасы бар лауазым ұсынамыз. Ұсынылған қыз­мет­терді құп ала ма, алмай ма, ре­зерв­тегі кадрлар өздері шешеді.

Қазіргі таңда біз резервшілер таға­йындалуы мүмкін бос лауа­зымдарға талдау жүргізіп жатыр­мыз. 2020 жылдың алғашқы жартыжылдығында, тіпті бірінші тоқсанында резервтегілердің 30%-ын жұмысқа орналастырып қалуымыз мүмкін. Жалпы жылдық меже олардың кем дегенде 40%-ын орналастыру керек. Резервтегілердің жоға­ры әлеуетін, құзыреттілік дең­гейін, жаңашылдығын және өзгеріс­терге дайындығын, белсенділігін, елдің дамуына үлес қосуға деген ниетін ескере отырып, бұл жастарды табысты мансап күтіп тұр деп ойлаймын.

– Іріктелген жастардың арасында басшылық қызмет атқарған, табысы жақсы мамандар да бар. Мемлекеттік қыз­меттен олардың ойларынан шығатын қандай орындар ұсы­нылуы мүмкін?

– Негізі іріктелген жастардың ішінде жоғары дәрежелі қыз­меттегі адамдар аз. Дегенмен елі­­мізде алғаш рет қолға алын­­ған теңдессіз жобаның іріктеуі­нен сүрінбей өтіп, резервке қабыл­данған азаматтардың мемле­кет­тік басқару жүйесінде ғана емес, квазимемлекеттік секторда да бас­шылық лауазымға келуіне мүмкіндік беріледі.

Резервшілер мемлекеттік сая­си және әкімшілік лауазымдарына, ұлттық компаниялардың басқарушы лауазымдарына орналаса алады. Бұған қоса «Қа­зақ­стан Республикасының мем­­­лекеттік қызметі туралы» Заңын­да да резервтегі тұлғаларды мем­лекеттік әкімшілік лауазым­дарға қабылдау мүмкіндігін қа­рас­тыратын түзетулер енгізілді. Осылайша білікті де білімді, өз елін сүйетін, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне және одан әрі дамуына үлесін қосуға ниетті жас буын өкілдеріне мемлекеттік басқару жүйесіне кедергісіз келуіне жол ашылды.

– Іріктелген жастардың көбін­де мемлекеттік қызметте жұ­мыс тәжірибесі жоқ. Оларды та­ға­йындау алдында тиісті оқы­ту қарастырылған ба? Бі­л­ік­ті­лігін арттыру бойынша қан­дай да бір арнайы бағдар­лама бола ма?

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметші және мемле­кеттік лауазымға тағайы­н­далатын резервшілер біліктілікті арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстарының жоспар-кестесіне сәйкес Президент жа­нындағы Мемлекеттік басқару академиясында қайта даярлау курстарында оқудан өтеді. Басқа резервшілер Академия әзірлеген тренингтік бағдарламаларда өздерінің басқару құзыреттерінің деңгейін арттыра алады. Тре­нингтік бағдарламалар заманауи жағдайлардағы ең өзекті бағыттарды қамтиды: ойлау дизайны, трансформациялық көшбасшылық, эмоционалды интеллект, перспективалық ойлау және сценарийлік жоспарлау, стратегиялық менеджмент, жобалық менеджмент, бизнес үдерістерді оңтайландыру және тағы басқа. Бұл туралы ака­де­мияның сайтынан кеңінен таны­суға болады.

 Меритократия қағидаты жастардың мәртебесін көтереді

– Бұл жоба жас мамандарға әлеуметтік лифт болатынын атап өттіңіз. Жалпы аталған жобаға қоса азаматтардың қыз­мет бабында кедергісіз көтерілуі үшін меритократия қағи­датының негізінде қандай жұмыстар жоспарланды?

– Президенттік жастар кадр резервіне енген кейбір жастарды өңір-өңірге жұмысқа жіберу жоспарланып отыр. Осылайша бұл жоба мәселелерді жергілікті жерде шешуге әсер етуі керек. Сондай-ақ аймақтарда тәжірибе жинаған жастарды орталыққа жұмысқа орналастыруды да ойластырамыз.

Мұндай жұмыстар меритократия қағидатына сәйкес бұрын­нан атқарылып келеді. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы­мен шетелде білім алып кел­ген жас­тар елдімекендерде еңбек етіп, тәжірибесін шыңдады. Халықпен етене араласып, тұрғындардың талап-тілегін, мұң-мұқтажын жақ­сы білетін мамандардан кейін бі­лікті басшылар да шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» га­зетіне берген сұхбатында «Жас­тар­дың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс істеуіне теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет» деп айтқан еді.

Осы бағыттағы жұмыстар жал­ғасын тауып, өңірлерде бұ­рын­нан істеп жатқан маман­дарға қолдау көрсетіп, қызметте ілгерілеуіне жағдай жасаймыз. Бос орындар конкурсына қа­тысқан жастардың ішінен департаменттерге жұмысқа қабыл­­даймыз. Меритократия қағидаты­ның негізіндегі биылғы жұмыс­тарды жақын арада қолға аламыз.

– Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жол­дауын­да 2020 жылдан бастап мем­лекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қара­жатты неғұрлым пайдалы қыз­мет­кер­лерді ынта­лан­дыру­ға жұм­сау керек екенін айтты. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Иә, Президент Қазақстан хал­қына Жолдауында мемле­кет­тік аппаратты және квази­мемлекеттік сектордағы қызмет­шілердің санын оңтайландыруды тапсырған болатын. Қазіргі уа­қытта мемлекеттік қызметші­лер­­дің штаттық саны – 98 мыңға жуық. Штат санын оңтайландыру кезең-кезеңімен бірнеше жылдың ішінде жүргізіледі. Өз кезегінде бұл мемлекеттік қызметке бәсе­кеге қабілетті, білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді.

Осы тапсырманы орындау­дың нақты тектіктері қазіргі уақытта Ұлттық экономика ми­нистрлігімен пысықталып жатыр. Қысқарту бойынша ұсыныс­тарды әзірлеу тиісті жұмыс тобымен жүргізілуде. Аталған ми­­нистрлік жалпы мемлекеттік қыз­меттің штаттық санын белгі­леу, оларға қаржы бөлу сияқ­ты құзыреттерге ие. Талдау жұмыс­тарының нәтижесін осы жылдың бірінші тоқсанынан бастап көре бастаймыз.

Оңтайландыру мемлекеттік қыз­меттің ашықтығын қамта­масыз етіп, біраз жұмысты жү­йе­­леуге, тиімділігін арт­тыруға септігін тигізеді. Қыс­қарту есебі­нен үнемделген қара­жат­ты білікті мамандарды ынта­лан­дыруға жұмсауға мүмкіндік береді.

– Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру жөнінде толымды мәлімет бергеніңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»