Қоғам • 21 Қаңтар, 2020

Жас келсе, іске – бірақ тәжірибе де маңызды

363 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында «Негізсіз, жүйесіз саяси либеризациялау елдің ішкі саяси ахуалының тұрақсыздығына, тіпті мемлекеттіліктен айырылуға әкеліп соғатынын әлем елдерінің тәжірибесінен көріп отырмыз. Сондықтан біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз», деді.

Жас келсе, іске – бірақ тәжірибе де маңызды

Осылай деген Мемлекет басшысы сол реформаларды жүзеге асырумен тікелей айналысатын кадр мәселесіне айрықша мән беріп отырғанын білеміз. Президенттік жас кадрлар резервін құру және осы резервке іріктеуден өткен жастармен кездесіп, оларға бағыт-бағдар сілтеуі соның бір айғағы болса керек. Жастармен кездесуінде Қ.Тоқаев мемлекеттің дамуы, тәуелсіздік туралы кеңінен толғай келіп:  «Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер», деп атап көрсеткен еді. Президенттің бұл сөзі жас кадрлар  әрдайым қаперінде ұстап, күнделікті қызметінде жүзеге асыруы, қолдануы тиіс тұжырым деп санаймыз. Жас кадрлар өзіне жүктелген жауапкершілік аумағын ғана жетік біліп қоймай, ұлттық құндылықтарды ұлықтау арқылы да елдік мүддеге қызмет етуі тиіс.  Әлбетте, бұл ретте бірінші кезекте тәжірибе керек екені анық.

Біздегі барлық саясаттың ең тереңдегі ұстанымы – тәуелсіз Қазақ елінің іргесін ны­ғайтуға бағытталуы керек. Біздің ең бас­ты міндетіміз осы. Кадрлар осы жолдағы бар­лық мәселені шешуге тырысуы керек. Осы бағытта пісіп-жетілген жас болса – оған тізгінді сеніп тапсыруға болады. Президенттің «Еліміздің қоғам­дық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты эко­номикалық реформаларды іске асыру мүм­кін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қа­ғидатымыз» дегені де осы жерден шығады.

Қазір Президент қазақ ортасына танымал, қазақ жанын түсіне алатын озық жас­тарды біртіндеп алға шығарып жатқаны соның айғағы деп білуіміз керек. Парламент депутаттары болып тағайындалған Дана Нұржігіт, Нұрлан Әлімжанов және т.б. соның мысалы. Түйсікті облыс әкімдері де Мемлекет басшысын қолдап, өздерінде сондай танымал азаматтарды билік баспал­дақтарына көтеруде.

Қазақ рухын жаңғырту, қазақылықты жандандыру, ұлтымыздың өрісін кеңейту деген сияқты ұрандарымызды тегіс Алаш сөзімен байланыстыратын болдық. Ең жеңілінде «Алаш рухын жаңғырту керек» дейміз. Ол түсінген адамға әрине дұрыс, алайда осы сөз ұзақ жылдардан бері ұлт­шылдық, қазақты басқадан асыра бағалау деген ұғыммен астастырылып, әбден қор­ла­нып, әбден зәбірленген сөз еді ғой. Қазір­гі барлық басшыларымыз одан азды-көп хабардар. Бірақ кейбір басшыларымыз бұл сөзден аза бойы қаза болып, әлі күнге үркіп тұрады. 

Қанаты қатаймаған біздің мемлекетімізге ұлттық идеологиялық жұмыстардың бел­сенді және өтімді болғаны керек. Біз түгіл жүздеген жылдық тарихы бар, демо­кра­тия­лық құндылықтарды бойына әбден сіңір­ген Ұлыбритания, Франция сияқты мем­­лекеттер де оның тізгінін босатпай­ды. Ал идеологияның басты бағдары – халқы­мыз­дың санасына Қазақ мемлекеттілігінің ұс­та­нымын терең сіңіру. Барлық мәдени шара­­лардың, толып жататын конференция­лар мен симпозиумдардың діңгегі, түпкі мақ­саты осы болуы керек. Қазақтың мемле­кетін берік орнату барлық деңгейдегі шенеу­ніктердің, қызметкерлердің есінен ешқашан шық­пағаны жөн. Бұл – ұлтшылдық емес, ұлты­мызды өсіруге, сапасын арттыруға бағытт­алған нысана. Ал оны қазақ тілінен қа­шып тұрған, қазақы болмыстан үркіп тұр­ған жас кадрымыз жасай ала ма? Ойсыз іс­­тер, дәлдүң-дүлдің шаралар, көбі­несе формаль­ды түрде «өтті» деп айту үшін жа­са­ла­тын жұмыстар Президент өзінің сөзінде атап айтқан «мемлекеттіліктен айрылуға әке­ліп соғуы» мүмкін екенін олар сезе алар ма?

Қазір ел ішінде жүрген соң жергілікті жердің тынысына, іс-қимылына куә болып жүрміз. Көбінесе болмашы, пайдасы аз дүниеге үлкен назар аударылып, ал ұлт мүддесі үшін жасалуға тиісті дүниелер көзге ілінбей қалатынына қарның ашады. Идеологияны жүргізуге тиісті басшылар ұлттық мемлекетіміздің ұстанымын өріс­тетуге өресі жете бермейді, өйткені тәжі­рибесі жеткіліксіз.

Жоғарыдан түсетін тапсырмаларды немесе өзі бастамашы болғысы келетін істерде олар ешкіммен ақылдаспайды. Бұ­рын ондай жұмыстардың талайын істе­ген, қазір зейнетте жүрген ағалар мен апа­лар­дың бірнешеуін шақырып, алдағы тұр­ған міндетті қалай орындау керек екенін ақылдасса ғой. Сонда тәжірибесі зор мамандар жергілікті ахуалға байланысты өз­дері­нің ұсыныстары мен пікірлерін біл­дірер еді. Сөйтіп іс нәтижелі де болар еді. Сабақтастық деген сол емес пе? Президент Қ.Тоқаев өзінің Жолдауында атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасы да осыны меңзеп тұр емес пе? Сонымен бірге Президент: «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалып­тастыруға болады» деді емес пе? Ендеше жас басшылар осыны ескергені жөн.

Өздері үшін қоғамдық негізде ақылдастар кеңесін құрса да артық емес. Ол кемінде үш немесе бес адамнан тұрғаны дұрыс. Зейнет жасындағылар бұл үшін ешқандай ақы, пұл талап етпейді, керісінше білгендерін үйреткеніне мәз болады. Оның үстіне өз­дерінен ақыл сұрағанға риза болып қалады. Міне, сабақтастықты осылай жалғастыруға болатын сияқты.

«Жаңаның бәрі мүлде ұмытылған ескі» деп ағылшын даналығы тегін айтпаған, бүгінгі істер де баяғыда болған, тек сыртқы формасында ғана өзгерістер бар, ал ішкі мазмұны сол.

Солтүстік Қазақстан облысына тағайын­далатын басшылардың да көбі сырттан келетінін көріп жүрміз. Оларға да жергілікті мамандардан кеңесшілер керек-ақ. Өйткені әрбір жердің өзіндік ерекшеліктері болады. Сондай-ақ жергілікті жерде істің мәнісін білетін жастардың артық оқуы болмағандықтан көзге ілінбей қалып жататынын қаперге алған жөн. 

Осы орайда бір мысал айталық. Үкімет осыдан төрт жыл бұрын «Серпін» бағдарла­масын қабылдады. Оның түпкі мақсаты халқы тығыз қоныстанған оңтүстік жастарын солтүстікте оқытып, сонда қалдыруды көздеген еді. Өйткені, солтүстіктің халқы жылдан жылға азайып бара жатқаны белгілі. Жастар қалса мұндағы халықтың саны да, сапасы да артар еді. Сол үшін мемлекет ауқымды қаражат бөліп, оларды тегін оқытып, стипендия да төлеп, жатақхана да беріп отыр. Ендігі міндет жергілікті биліктің қолында. Жастарды осында қалдырудың барлық амалдарын осылар жасауы керек.

Алайда биыл оқу бітірген үш жүзден артық алғашқы түлектің тек сегіз пайызы ғана Солтүстікте қалды. Оның ішінде магист­ратураға қалдырылғандар да бар.

Бұл жергілікті билік тарапынан жүргі­зілген идеологиялық жұмыстардың кемші­лігінен бе деп ойлаймыз. Сырттан келген жастарды бауырға тартып, оларды жергі­лікті жастармен қызу араластыратын түрлі мәдени шаралар, сауық кештері, спорттық жарыстар жүйелі емес, анда-санда бір болады. Онда да орыс тілінде басымдылықпен жүргізілетіні көрініп жүр. Сондықтан сырттан келген жастар тек өз қазанында өзі қайнап жатады.

Оңтүстік жастарының менталитеті өзге­шелеу. Олар үлкендерді сыйлап тұрады. Сон­­дықтан осындағы ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымы, әжелер клубы секілді­лермен де кездесулер өткізіп, әңгімелерін тыңдатып, жиі араластырып тұруға болады. Олардың әңгімелелерінен жастар ел тарихын, жер тарихын тереңірек тани түсері анық. Жергілікті басшылық осы тарапта қыз­мет ететін ҮЕҰ құруына да болар еді. Бі­рақ ондайды ескеріп жатқан ешкім жоқ. Осындай олқылықтардың нәтижесі – жо­ға­рыда айтқан сегіз пайыз ғана болып отыр...

Сондықтан солтүстік сияқты облыстарға қызметке келетін жастардың идеологияны жүргізе алудағы іскерлігіне аса көп көңіл аударылуы керек. Шекаралық облыстың ең басты мәселесі – халық санын тұрақтандырып, көшіп кетуді азайту, келгендерді жерсіндіру екенін естен шығар­маған жөн. Ал ондайды елдік көз­қарасы терең, тілді жетік білетін, мемлекетшілдігі жоғары жастар ғана атқара алады. Президент те өзінің Жолдауында «неғұрлым пайдалы қызметкерлер» керек екенін атап өтті емес пе? «Бәрін кадрлар шешеді» десек, біз пайдалы кадрлармен ғана ұта аламыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы