Қазақстан • 21 Қаңтар, 2020

Есірткіні насихаттағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

СҚО Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков бастаған бір топ мамандар 11 қаңтардан бастап күшіне кірген ҚК енгізілген өзгерістер мен қосымшалар туралы журналистерге түсінік берді.

Есірткіні насихаттағандар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Соның ішінде «Есірткіні насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейтін жаңа 299-1 баб енгізілгені туралы айтылды. «Баптың бірінші бөлімімен аталмыш қылмыс үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын объектілерде жасалса  3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деді Қ.Қасымбеков.

Есірткіні қолдану емес, көпшілік орындарда жарнамалағаны үшін ғана осыншалық қатаң жаза қолданылатыны оның қасіретінің халық арасында артып кеткендігін көрсетеді. Өткен жылы Петропавлда көпқабатты үйлер мен өзге де үй-жайлардың қабырғаларына есірткі граффитилерін жазған төрт адам ұсталған екен. Бірақ оларға тек ұсақ бұзақылық жасағандары үшін деген жаза берілген, сөйтіп әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Енді сондайлар бас бостандығынан айырылатын болған.

Сонымен қатар тергеушілер ҚК мал ұрлығы үшін берілетін жазаның күшейтілгенін жеткізді. Әлеуметтік маңызы зор бұл қылмыстың қасіреті адамдар үшін тіпті әсерлі. Ауыл тұрғындары тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін азаптанып, көзінің қарашығындай бағып, сақтап отырған алдарындағы нәпақасын қолды қылғанға қатты қапаланады. Былтыр облыста 92 рет мал ұрлығы тіркелген екен. Жазаның жеңілдігінен масайрап кеткен ұрыларға «әй дер ажа, қой дер қожа» табылмайтын халге жеткен. Ұсталып қалған күннің өзінде олар ақысын төлеп, құтыла салған. Малды орнына келтіру де ойға келмейді. Енді мал ұрлайтындар үшін ҚК 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін жаза қаралған. Ал осы ұрлықты әбден кәсіп етіп, бірнеше рет ұсталған қаскөйлер үшін 188-1-баб бойынша 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Өзінің сөзінде Қайрат Қасымбеков өзге де қылмыстар үшін жазалау шараларының күшейтілгені туралы айтты. Мәселен, әйел зорлағаны және сексуалдық сипаттағы басқа да зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыскерлер енді 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұрын мұндай қылмыстардың жазасы үшін тек 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен шектелетін.  Енді тіпті зорлаушыға жәбірленушімен татуласуға мүмкіндік берілмейді. Егер зорлау әрекеті жас балаға қатысты жасалса, онда қылмыскерлер 20 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы