Аймақтар • 23 Қаңтар, 2020

Маңғыстау «Туған жер» бағдарламасы бойынша республикада алдыңғы орында

708 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр 12 млрд 600 млн теңгенің жобасын жергілікті меценаттар жүзеге асырған. Бұл туралы «Қоғамдық Коммуникациялар Орталығында» өткен «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында атқарылған шараларды қорытуға арналған брифингте өңірлік жобалық офисінің басшысы Гүлайым Азан мәлім етті. 

Маңғыстау «Туған жер» бағдарламасы бойынша республикада алдыңғы орында

-Былтыр Маңғыстау облысында көмекке мұқтаж оннан астам отбасы демеушілер қаржысына салынған жаңа үйлерге кіріп, қоныс тойын тойлады. Мәселен, Маңғыстау ауданында «Әр қазақ-менің жалғызым» атты қайырымдылық акциясы аясында «Айтыман» қоғамдық қоры Шетпе мен Қосбұлақ ауылында тұратын үш бірдей аз қамтылған отбасыға төрт пәтерлік муниципалды үй салып берді, деді Маңғыстау облыстық өңірлік жобалық офисінің басшысы Гүлайым Азан. 

Ал Ақтаудан ең шалғай ауданы Бейнеудің 1991 жылғы түлектері бір жанұяға, Қарақия ауданының Мұнайшы және Жетібай ауылындағы 10 отбасыға «Оғыланды-Бекет ата» қоғамдық қорының өкілдері жаңа пәтердің кілтін табыстаған.

Мұнайлы ауданындағы Батыр ауылдық округінде тұратын үш отбасыға «Үммет жастары» қайырымдылық қоры баспана көтеріп берсе, Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының екі тұрғынына жеке кәсіпкер Иса Бимырзаевтың, тағы бір жанұяға осы ауылдың тұрғындары қаражат жиып, зәулім үй тұрғызған.

Мұқтаж жандарға қолғабыс етуге бағытталған сауапты жұмыстан ақтаулық меценаттар да қалыс қалмаған. Облыс орталығында тұратын көп балалы бір отбасыға «K7 Group» серіктестігінің басшысы Ш.Ермекбайұлы пәтер сыйлап қуантса, тағы бір жанұяның шаңырағы «Оңдасынстрой» мекемесінің қолдауымен жөндеуден өткен.

Айта кету керек, өңір азаматтары жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, бұқаралық спортты дамытуға да белсенді атсалысып келеді. Осы күнге дейін демеушілер есебінен Маңғыстау облысындағы елді мекендерде жеті бірдей спорт кешені салынып, 16 балаларға арналған ойын және спорт алаңы қолданысқа берілді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламааралық мақаласында көрсетілген «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында жеке және заңды тұлғалардың қаржы бөлуімен «Көрпе-Fest» фестивалінде көп балалы 15 анаға озық үлгідегі тігін машинасы тарту етілді. Сонымен қатар, Қарақия ауданындағы төрт мектепте инклюзивтік білім беру кабинеті мен Жетібай ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру орталығы ашылды.

Меценат қаржысына Жаңаөзенге қарайтын Теңге, Қызылсай және Рахат ауылында амбулаториялық орталыққа үш жедел-жәрдем көлігі, тұрғындар игілігіне үш автобус сатып алынған.

Осы аталған Қызылсай мен Теңгеде, Маңғыстау ауданындағы Ақшымырау, Таушық, Ұштаған, Шебір елді мекенінде, Қарақияға қарайтын Сенек ауылында,

Бейнеу ауданындағы Сарға мен Боранқұлда тұрғындар мен кәсіпкерлер, мектеп түлектерінің демеушілігімен өзі туған ауылды көркейтуде көптеген игі істер атқарылды.

Жомарт жүрек азаматтардың ақшалай қолдауымен Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында «Айдар Ишан» руханият орталығы және Онды, Қызылтөбе ауылында мешіт салынды.