Әлем • 24 Қаңтар, 2020

Қазақстан – БАӘ: Тығыз ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік

866 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Бірік­­кен Араб Әмірліктерін жалпы араб әлеміндегі және Парсы шығанағындағы бас­ты әріптес ретінде таниды. Екі ел арасындағы дип­лома­тия­лық қарым-қаты­настар орнатылған 27 жылдан астам уақыт ішінде саяси, сауда-эко­но­микалық және мәдени байланыс­тар нығайып, өзара тиімді ықпал­дастық қалыптасты.

Қазақстан – БАӘ: Тығыз ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назар­баев атап көрсеткендей: «Екі­жақ­ты ынтымақтастық, әсіресе екі мемлекет астаналарында елшілік­тері­міз­дің ашылуы нәтижесінде қар­қын­ды дамуда. Жоғары деңгейдегі байла­ныс­тарымыз жандана түсті. Алғашқыда Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттігінің негізін қалаушы марқұм шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянмен, бүгінде президент шейх Халифа бен Заид Әл Нахаянмен ізгі ықыласты достық қатынастар ор­нат­тық. Бұл байланыстар өз кезегінде барлық саладағы ық­пал­дастықты жан-жақты нығайтып, оның жаңа ба­ғыт­тарын айқындауға зор мүмкіндік береді».

Саяси саладағы қатынастарға тоқ­талсақ, екі ел арасында өзара сенімге негіз­­делген тығыз байланыстардың арқа­сында жыл сайын жоғары деңгей­дегі ресми және жұмыс сапарлармен алмасу жүзеге асады. Мысалы,  Елбасы Әмірліктерге 2018-2019 жылдары екі мәрте ресми сапар жасады, ал Әбу-Даби Тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Бас қол­басшысының орынбасары шейх Мұ­хаммед бен Заид Әл Нахаян 2018 жыл­ғы шілдеде Астанаға ресми сапар­мен келіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына қатысты.

Әмірліктер еліміздің екіжақты және көпжақты форматтағы барлық бастамаларын қолдайды, Әбу-Даби Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің белсенді мүшесі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушысы болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жө­ніндегі ислам ұйымын құру туралы біздің бастамамызды Әмірліктер толық қолдайды. Халықаралық және өңірлік өзекті мәселелердің басым бөлігі бо­йынша Қазақстан мен Әмірліктердің ұстанымдары бірдей немесе ұқсас. Екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында тұрақты түрде саяси консультациялар өткізіледі.

Сауда-экономикалық саладағы ынты­мақтастық жылдан-жылға тұрақ­ты дамып келеді. Әмірліктер біздің еліміз­бен сауда айналымы көлемі жағы­нан араб елдерінің арасында бірінші орын алады. Мысалы, 2018 жылы сау­да айналымы 490 млн АҚШ долларын құра­са, 2019 жылдың қаңтар-қараша ара­­лы­ғында 500 млн АҚШ долларынан асып, ал­дыңғы жылдың көрсеткішінен шама­мен 10%-ға артық болды. Осы ретте екі­жақты сауда айналымында Қазақстан экспортының үлесі үлкен екенін атап өту керек.

Екі ел арасында қол қойылған Ин­вес­тицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімнің арқа­сын­да инвесторлар ұзақ мерзімді тұрақ­тылықпен қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін еліміз­дің экономикасына Әмірліктерден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 2,1 млрд АҚШ доллардан асты. Осы жылдың маусым-шілде айларында құрылысы толығымен аяқталатын «Әбу Даби Плаза» көп­функ­ционалдық кешені жобасына әмір­ліктер тарапы 1,2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Елорда күні қарсаңында ресми түрде ашылатын бұл кешен Нұр-Сұлтан қаласының көз тартар мақтаныштарының біріне және Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы мызғымас достықтың ерекше рәмізіне айна­­лары сөзсіз. Еліміздің батыс бөлі­­гінде мұнай-химия кешені жобасын іске асыру бойынша маңызды келіс­­сөздер жүргізілді, енді оны іс жүзін­де іске асыру басталады деп жоспар­­лану­да. Сондай-ақ энергетика, көлік-логис­тика, агроөнеркәсіп пен ғарыш сала­ларындағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 10 млрд  АҚШ долларынан асады. 

«Астана» халықаралық қаржы орта­лы­ғы Әбу-Даби мен Дубайдағы ха­лық­аралық қаржы орталықтарымен бел­сен­ді іс-қимылдарын одан әрі жал­ғас­тыруда, Әмірліктердегі қаржы инс­ти­тут­тарының АХҚО-ның табысты қыз­­метіне қызығушылықтары артып келеді.

Инвестицияларды тартумен қатар қазақстандық тауарларды Әмірлік­тер нарығына шығару бағытында кешен­­ді жұмыстар жүйелі түрде жал­ғасу­да. 2019 жылы Әбу-Даби мен Дубай қалаларында «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы сауда миссия­сын ұйымдастырды. Азық-түлік, құбыр желісі жабдықтары, талшықты-опти­калық байланыс, аккумулятор мен органикалық тыңайтқыштарды өндіру­ші­лер Әмірліктердің іскер топтары өкіл­дері­мен нәтижелі келісс­өздер жүр­гізді. Сауда миссиясы бары­­сында БАӘ нарығына ену үшін өнім­дерді тір­кеу мен сертификациялау мәсе­лелері тал­қы­ланды. Өткен жы­лы елімізден ауыл шаруашылығы өнім­дерін, оның ішінде ұн, күріш, қой еті, табиғи балды экспорттау жүзеге асты. Алдағы кезеңде Қазақстанда өндіріл­ген аккумуляторлар экспортына қа­тысты келісім-шартқа қол қойылады.

Екіжақты ынтымақтастықтың әле­ует­ті саласы – туризм саласы бойынша байланыстар нығайып келеді. БАӘ азаматтарына елімізге визасыз кіру құқығы 2015 жылғы шілдеден басталды, ал 2018 жылғы 10 наурыздан бастап Қазақстан  азаматтары БАӘ аумағына 30 күндік мерзімге визасыз кіруге мүмкіндік алды. Аталған қадам Әмірліктерден келе­тін туристер санын 50 пайызға көбейт­ті, ал қазақстандық турис­тер көлемі шамамен 30 пайызға ұл­ғайды.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Әмір­­­ліктер арасында қол қойылған мем­­лекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдер мен басқа да құжаттардың саны 100-ден асты. Шарт-құқықтық негіз құрайтын ма­ңызды құжаттар ретінде Сауда-эко­номикалық ынтымақтастық туралы, Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы, Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосар­ланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бер­меу туралы, Қылмыскерлерді ұстап беру туралы, Азаматтық және ком­мерциялық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы және т.б. келі­сім­дерді атауға болады.

Екі елдің парламенттері арасын­дағы ынтымақтастық тұрақты дамуда. Өт­кен жылғы қыркүйекте Нұр-Сұл­тан қа­­ла­сын­да өткен Еуразия ел­дері пар­ла­мент­­тері спикерлерінің 4-кеңе­сіне Әмір­­лік­т­ер тарапы ең жоғары деңгейде қатыс­­ты. БАӘ Фе­де­­рал­­дық ұлт­тық кеңесінің төра­йы­мы Қазақстан Парла­менті Сенатының төрағасы Дариға Назар­баева, Мәжіліс төрағасы Нұр­лан Нығматулинмен ке­ңей­тілген келіс­сөз­дер жүргізіп, парла­мент­аралық бай­ланыс­­тарды одан әрі тереңдетуге уағдаласты.

Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық шеңберінде екі елдің өнер ұжымдарының қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы Әбу-Дабидегі мәдени фестивальда «Астана Балет» театрының ұжымы өнер көрсетті, Шаржа қаласында өткен мәдени мұра апталығына ән-би ансамблі және Әбу-Дабиде болған шейх Заид атындағы фестивальға Қызылорда және Жамбыл облыстарының фольклорлық би ансамблі қатысты. 2018 жылы қол қойыл­ған Мәдениет саласындағы ын­ты­мақтастық туралы келісімге сәйкес, Қазақстан мен Әмірліктер ха­лық­тарын рухани салада одан әрі жа­қын­дастыру жалғасын табады.

Осы ретте қазақ халқының ұлы ақы­ны Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойына орай 2020 жыл­ғы 27-30 қаңтар аралығында Әбу-Даби­дегі «Манарат әс-Саадият» орта­лығында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудия­сы түсірген «Құнан­бай» көркем фильмі және «Абай. Өмір­баяны мен шығармашылығы» атты деректі фильм көрсетіледі. Соны­мен қатар Әмірліктердегі «Қазақ кино­сының күндері» аясында «Қазақ хандығы. Алтын тақ», «Қазақ хандығы. Алмас қылыш», киноэпопеясы және «Ел­басы жолы. Астана» фильмі араб көрер­менінің назарына ұсынылады.

Екі ел арасындағы ерекше қарым-қатынастардың бір бөлігі ретінде Әмір­ліктердің біздің елде жүзеге асырған бірқатар әлеуметтік маңызға ие жобасын атап өтуге болады. Мы­салы, БАӘ Президенті атындағы Гу­манитарлық істер мекемесі Шымкент қаласында 120 орындық перзентхана және 3 мың адамға арналған мешіт құрылысына қаржы бөлді. Сонымен қатар аталған мекеме Нұр-Сұлтан қаласында жалпы құны 13 млн АҚШ доллары болатын 1200 орындық орта мектеп құрылысын табысты түрде іске асырды.

Қорыта айтқанда, Президент Қ.Тоқаевтың Әмірлік­терге алғаш­қы ресми сапары өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі терең­детуге кең жол ашады. Әбу-Даби мен Дубайда өтетін кеңей­тіл­ген келіс­сөздер екіжақты қарым-қа­ты­­нас­­тарға қосымша серпін беріп, ын­ты­­мақ­­тас­тықтың жаңа бағыттарын айқын­дайды.

 

Мадияр Меңлібеков,

 Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі