Абай • 28 Қаңтар, 2020

Алтын Прагада – Абай орталығы

752 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алты Алашқа ғана емес, адамзатқа ортақ ойшыл, Абай хакімді өз деңгейінде ұлықтау біздің бұлжымас парызымыз болса керек. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айрықша атап өткенін білеміз. Бағдарламалық мақалада айтылғандай, ақын мұралары ел ішінде ғана емес, шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталғаны дұрыс.

Алтын Прагада –  Абай орталығы

Бұл орайда елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт, Сыртқы істер минис­тр­ліктерімен және шет мем­ле­кет­тердің бірнеше елшілігімен бір­лесе отырып, «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу жобасын қолға алды. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының бастамасымен жүзеге асып отырған игі шара ең алдымен Еуропаның ең көне де көрікті қалаларының бірі – Прагада, Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада басталды.

Орталықтың тұсаукесер рәсі­мі­не Қазақстанның Чехиядағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин, Чехияның зия­лы қауым өкілдері, сондай-ақ елі­міз­ден арнайы барған бір топ делегация қатысты.

Іс-шараның шымылдығын ашып берген елші Марат Тәжин: «Біз Абай атамыздың мерейто­йын мемлекет аясында ғана емес, шет­елдерде де насихаттауды қол­­­ға алып отырмыз. Бұл ретте Чехия ұлттық кітапханасына риза­шылығымызды білдіреміз. Соны­мен қатар елімізден келген үлкен делегацияға алғыс айтқымыз келе­ді. Абай өлеңдеріне, қара сөз­де­рі­не, деректі құжаттарға, аудио, бейне материалдарға толы үлкен орталық Абай тағылымымен қоса қазақ ұлтының да дәстүр-салты мен әдеп-ғұрпынан көп ақпарат береді. Үш айдың аясында Абаймен байланысты тарихи-мәдени қарым-қатынас екі ел арасында айрықша арта түседі. Біз Алтын Прагадағы барлық досымызға рахмет айтамыз», деп атап өтті.

Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан Чехия Республикасы Парламентінің депутаты Станислав Беркувич өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, ұлы ойшыл Абай есімі тек қазақ халқына ғана емес, Еуропа төрінде де танымал екенін айтты. «Чехия азаматтары үшін бұл орталық қазақ хал­қын жақын тануға үлкен жол ашып отыр. Біз Абай мұраларын осы орталық арқылы жақын тани түсе­тін болдық. Сән-салтанатқа толы залдан үлкен әсер алып тұр­мын», деді чехиялық депутат С.Беркувич.

Жаңа орталықты ашуға көмек қолын созған бірден-бір азамат Чехия ұлттық кітапханасының директоры Мартин Косандро екенін айта кеткеніміз жөн. Үлкен екі залдан тұратын орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Косандро мырза да Абай мұра­сына үлкен құрметпен қарайтынын жет­кізді. «Біздің елде тарихи аңыз­дардан көп сыр шертетін кө­пір­лер көп. Көпір адамдарды жа­қын­дастыратын болса, қаламгер тұлғалар ел мен елді таныстырады. Бұл ретте Абай мұрасы біздің ел мен сіздердің елдеріңізді қосып тұрған рухани көпір. Абайдың Чехия төріне жайғасқан жаңа орталығы алдағы уақытта үлкен зерт­теу­лерге жол ашатынына сенім­­д­і­мін», деді М.Косандро.

Елімізден барған делегацияның өкі­лі, Қазақстан Жазушылар ода­­­ғы­ның төрағасы Ұлықбек Есдәулет те жаңа орталықтың әде­­би-мәдени маңызына ерекше тоқталды. Өз сөзінде ақын Ұ.Есдәулет осы іске мұрындық бол­­ған азаматтарға алғысын біл­дір­­ді. «Әр ұлттың туына, мөріне айна­латын тұлғалар болады. Со­лар­­­дың бірі – Абай хакім. Біз Абай арқылы өзіміздің ұлттық құн­ды­лық­­­тары­мызды байытып келеміз. Еу­ропа төрінде Абай тағылымы қанат жайған мұндай шаралар жаңа ұрпаққа үлкен өнеге сыйлай­ды», деген Ұ.Есдәулет Чехия ұлт­тық кітапханасының ди­рек­торы М.Косандро мен Че­хия­­­дағы ел­ші­­міз М.Тәжинге биыл Алматы қа­ла­­сында басылып шыққан «Абай» атты ерекше күн­тізбені сый­­ға тартып, Мартин мыр­за мен Абай­­­дың қара сөздерін чех тіліне тәржі­малап жатқан киноре­жи­ссер, дра­матург Владислав Куи­чек­тің иығына шапан жапты.

Кинорежиссер, драматург Вла­дис­лав Куичек хакімнің қара сөз­дерін чех тіліне ауда­рып жатқан азамат ретінде жұрт­шы­лық­тың ерекше назарын аударды. «Мен Абай шығармашылығына үлкен тебіреніспен келдім. Абай­ды бұған дейін 1960 жылдары аударған профессор Л.Гржебичек бес жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Ол Абайдың тек 40 қара сөзін ғана тәржімалаған екен. Небәрі 25 жасында осы істі қолға алған оның жұмысын қазіргі жаңа чех ті­лінде қайта сөйлетуге бел байладым. Абай шығармаларын маған Чехияда оқып жатқан Аюбек Бақнұр есімді студент алып келді. Бір айдың ішінде бұрынғы аудар­ма­ның стилистикасын жөнге кел­ті­ре отырып, орыс тілінен чех тілі­не тікелей тәржімалап жатыр­мын. Осы жылдың қыркүйек айы­на қарай жұмысымды толық аяқтай­мын», дейді В.Куичек.

Тұсаукесер рәсімінде қатыс­қан­дардың тағы бірі, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбай өз кезе­гінде ақын тағылымы мен та­ри­хына қатысты баяндама жа­сады. «Абай – біздің рухани өмі­р­іміздегі басты бағдарымыз. Мұны Президент Қ.Тоқаев өз мақа­ла­сын­да айрықша атап өтті. Алтын Праганың тұрғындарымен бүгін Абай атамыз арқылы қауышып тұр­мыз. Кез келген ұлт өзінің көр­нек­ті тұлғалары арқылы жүретін жолын таңдайды. Біздің жолымыз – Абайдың жолы болуы керек. Кітап – бүкіл адамзатты туыстыратын жүрек сияқты. Кітап – ой кілті. Алтын Праганың рухани әлемін алтын кілтіміз Абай арқылы ашып отырғанымызға қуаныштымыз», деді Т.Жұртбай.

Шара соңында іс-шара модераторы әрі идея авторы, Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы Үмітхан Мұңалбаева да Абай мұрасының маңызды бір қыры – ол Еуропа мәдениеті мен әдебиетіне қатысы екенін айта келе, зерттеушілер алдағы уақытта Абай шығармаларының Батыс Еуропа әдебиетіне байланысын көбірек зерделеу керектігін жеткізді. «Бұл жағдай қазақ қо­ға­мының ағар­тушылық дамуына, Еуропа мә­де­ние­тіне деген көзқарасының өзге­руіне сеп­тігін тигізеді. Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мем­ле­­­­кеттердегі елшілектер жанынан «Абай» орталықтарын ашу ке­ректігін тілге тиек еткен болатын. Орталық еліміздегі минис­тр­ліктермен қатар, Қазақстан Рес­­публикасының Чехия Рес­пуб­­ли­ка­сындағы Төтенше және өкі­лет­ті елшісі Марат Мұхан­бет­қа­­зыұлы Тәжиннің қолдауымен жү­зе­­ге асырылуда», деді Ү.Мұңал­бае­ва.

Аталған іс-шара бүгін «Әлем та­ныған Абай» атты дөңгелек үс­телмен жалғасатын болады. Бас­қосуда Ұлықбек Есдәулет, Кен­жехан Матыжанов, Тұрсын Жұрт­бай сынды зиялы қауым өкіл­де­рі баян­дама жасайды.

Айта кетуіміз керек, Чехияға бар­­ған делегация құрамында рес­пуб­­ликаның бірқатар өңіріндегі кітап­хана басшылары, ғалымдар мен ақын-жазушылар, сондай-ақ БАҚ өкілдер бар.

 

ПРАГА (Чехия)