Аймақтар • 28 Қаңтар, 2020

Ақтөбе облысында АӘК тағайындау тетіктері жүйелі түрде жүзеге асып жатыр

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа тетіктері мен форматтары енгізілгені мәлім. Осыған орай бірқатар жаңа заңнамалық актіде қолданысқа кіргені белгілі. Ендігі кезде жергілікті өкілетті органдар АӘК төлеуге қатысты өзгерістерді жүйелі түрде жүзеге асыруы қажет болып отыр. Бұл тұрғыда Ақтөбе аймағында жанды іс-қимыл айқын байқала бастағанын айтқан жөн.

Ақтөбе облысында АӘК тағайындау тетіктері жүйелі түрде жүзеге асып жатыр

Оның басы-қасында жүрген Ақтөбе облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары жаңа істі өткен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі АӘК берудің жай-күйіне талдаулар мен сараптаулар және салыстырулар жасаудан бастап отыр.

Атап айтқанда, бұл кезде өңірде АӘК алушылар арасындағы еңбекке қабілетті азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылыпты. Олардың қатарын тұрақты жұмысқа орналасқандар мен ақылы қоғамдық қызметке жолданғандар және әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасына жіберілгендер құрайды. Сонымен бірге осы аралықта облыста жаңа кәсіби мамандықтарға әзірлеу үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған.

Атаулы әлеуметтік көмек беруге қатысты биыл қолданысқа енгізілген өзгерістер нөлдік циклдан басталмағаны белгілі. Сондықтан аталған басқарманың сарапшы мамандары алдынғы жылдарда жинақталған тәжірибенің тиімді әрі пайдалы тұстарын АӘК-тің жаңа форматы жағдайында да одан әрі пайдалана бергенді жөн санайды.

Сонымен бірге былтыр өңірде осы оң қорытынды істерге кереғар жайттар да болғанын жасырып қалудың ешқандай жөні жоқ. Бұл бірқатар АӘК алушының өз табыстарын жасыру формальды түрде жұмыстан шығу және жалған неке бұзу секілді теріс іс-әрекеттерге жол беру деректері болып отыр. Анықталған тізім Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығына» жинақталған. Осы тізімге сәйкес облыста кірістері мен шығыстарының арасында айырмашылығы бар АӘК алушылармен жеке түсінік жұмыстары жүргізілген. Әрі осы тұрғыда оңаша кездесулер өткізілген.

Соның нәтижесінде кірістерін жасырған 1505 отбасыға төлем төлеу тоқтатылып, 1754 отбасыға қайта есептеулер жүргізілді. Ал 229 отбасыға тағайындалған төлем нақтылау барысында дәлелденбегендіктен өзгеріссіз қалдырылды. Сөйтіп, жоғарыда аталған жұмыстардың нәтижесінде жалпы саны 61 отбасыға 51,1 миллион теңге артық әрі негізсіз төленгені анықталып, бюджетке кері қайтарылды. Сонымен қатар облыс бойынша 2018 жылы бір миллионнан он миллион теңгеге дейін кірісі бар 143 жеке кәсіпкер АӘК алушылар қатарының бел ортасынан орын алыпты.

Арнайы құрылған комиссия олардың әлеуметтік-тұрмыс жағдайларына қайтадан тексеру жүргізіп, кірістері мен табыстарының мөлшерін анықтады. Соның арқасында он сегіз отбасыдан екі миллион теңгеден астам қаражат бюджетке кері қайтарылды. АӘК тағайындаудың биыл қолданысқа енгізілген жаңа форматы жағдайында мұндай «әттеген-айлардан» тиісті сабақ ала білу қажеттілігі еріксіз туындайды.

Бұл мақсатта биылғы жылдың басында облыста АӘК беру мәселелеріне ашықтық пен жариялылық қағидаттарын орнықтыру үшін жаңа аймақтық жұмысшы тобы құрылды. Оның құрамына Кірістер және Ішкі істер мен Әділет департаменттері, прокуратура органдары, Денсаулық сақтау мен Ауыл шаруашылық басқармалары және Ақсақалдар алқасы мен Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енгізілген.

Сонымен бірге облыстың барлық ауданында учаскелік комиссиялардың құрамы қайта қаралып, жасақталды. Қазіргі күні 161 учаскелік комиссия өз жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді. Сөйтіп, жаңа тетік жағдайында өткен жылдары болған теріс іс-әрекеттерге жол бермеудің мүлдем жаңаша тың жолдары белгіленді. Биыл жаңадан қолға алынған істердің екінші бір тармағы жұмысы жоқтық - масылдыққа себебін тигізбеуі тұрғысынан тамыр тартады.

- Соған сәйкес барлық шартты ақшалай алушыларға әлеуметтік келісімшарттар толтырылды. Әрі оларды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту үшін ақпараттық жүйеге енгізу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса АӘК алушылардың кірістеріне ассистенттер тарапынан ай сайын мониторингтік зерттеулер жасау тәртібі қолға алынды. Бұған қоса облыста атаулы әлеуметтік көмекке қайта есептеу жұмыстары жүргізілді, - дейді Ақтөбе облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Тағы бір атап өтетін мәселе, биылдан бастап өтініш берушінің материалдық жағдайын тексеру қорытындысы бойынша мемлекет тарапынан тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау критерийі белгіленді деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ, оның айтуынша, учаскелік комиссиялардың құрамы түгелдей қайта жаңғыртылып, оларға заңнамалық құқықтар бекітілген.

Біз бүгінгі күн тақырыбына жазылған осы материалымызды өндіріске әзірлеу кезінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановқа да жолыққан едік. Ол да биылдан бастап учаскелік комиссиялардың қызметіне зор сенім артылып, үлкен жауапкершілік жүктелгенін атап көрсетті. Олар әр апта сайын АӘК-ке мұқтаж отбасылардың жай-күйімен толықтай танысып, кірістері мен шығыстарын сарапқа салуда.

Жоғарыда айтылып өткендей, бұған дейінгі жылдарда АӘК беру ісінде адамдық фактор да, сыбайластық сипатындағы көріністер де әрі бірқатар түсініспеушілік дерегі де кездескені мәлім. АӘК тағайындаудың жаңа тәртібі мен тетіктері мұндай заңсыздықтардың жолын кесе алады деуге толық негіз бар.

Міне, Ақтөбе аймағында атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты қолға алынған істердің кейбір мысалдары мен иірімдері осындай.

 

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар