Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Електің соры – алты валентті хром

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының тұсынан шымырлап ағып жататын Елек өзенінің сұлу келбетіне, жағасындағы жапырақтары самал желмен сыбдыр қағып тұратын зәулім бәйтеректеріне селсоқ қарайтындар кемде-кем. Суының мөлдірлігі сондай, өзенде айқұш-ұйқыш жүзіп жүрген майшабақтарға дейін айқын көрінеді. Әйтсе де бұл сыртқы алдамшы көрініс екенін екінің бірі біле бермейді. Шынтуайтында, өзеннің бүгінгі экологиялық жағдайы өте ауыр.

Електің соры – алты валентті хром

Мәселені бұлайша төндіре айтуымыз­дың себебі, Елек өзені алты валентті хроммен ластанған. Бұл үдерістің бас­тал­ғанына алпыс жылдан асып кет­кенін ескерсек, төбе шашыңыз тік тұ­рады. Сонау 1957 жылы Ақтөбе хром қосын­дылары зауыты (АХҚЗ) ашылған кезден бастап Електің бағы тая бастады деуге әбден болады. Өйткені дәл сол кезден АХҚЗ-ның өндірістік қалдықтарынан бөлінетін технологиялық ерітінділер Елекке төгіліп, соның салдарынан жерасты сулары ластана бастады. Бұған қоқым тоғандарындағы ағынды сулар да қосылған. Сол жылдарда тоғанның сүзгілеу қабатының жоқтығы жағдайды одан әрі шиеленістіре түскен сыңайлы.

Ал осы тамаша табиғат сыйының бүгінгі жай-күйі қандай деген мәселеге келсек, өзгерген дүние шамалы. Дана Абайдың сөзімен айтқанда «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып келеді. Өзен суының басты ластаушысы – сол баяғы АХҚЗ. Мұндай кәсіпорында табиғатты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары болуы керек. Зауытта мұндай құжат бар болып шықты. Оған да шүкір. Соған сәйкес өндіріс орны жыл сайын өзен суын тазалауға қаражат бөліп, тиісті жұмыс атқарып жүргенге ұқсайды.

Соның ішінде алты валентті хроммен ластанған жерасты суларын оқшаулау бекетінің құрылуы көңілге аз да болса сенім ұялатады. Осы бекеттің көмегі арқылы 2017 жылы өзендегі зиянды заттарды шығару жұмыстары қолға алын­ған. Сөйтіп бұл кезде 20 тонна алты валент­ті хром оқшауланған. Ал келесі жылы 19,37 тонна алты валентті хром тазартылған. Бір қарағанда, аталған дерек тым қомақты сияқты көрінгенімен, атқарылған жұмыстар алдын ала белгі­ленген 50 мың тонна көлеміндегі жос­пардың тең жартысына да жетпей қал­ғанын аңғару қиын емес. Оның үстіне АХҚЗ жыл сайын өзенді зиянды заттардан тазалау мөлшерін көтерудің орнына керісінше кемітіп жіберген. Әрине атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Елек өзеніндегі ластану ошағының көлемі азайғанын жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бұл жұмыстар теңіздің тамшысындай ғана екенін ескерсек, оны қанағат тұтудың өзі қиын.

Экологиялық кодекстің 145-бабының 2-тармағына сәйкес қоршаған ортаның жай-күйіне ұдайы мониторингтік зерт­теулер жүргізіп отыру тәртібі қарасты­рылған. Аталған қызмет мемлекеттік монополияға жатады. Оны Үкімет шеші­мі бойынша құрылған шаруашылық жүр­гізу құқығындағы РМК, яғни ұлттық гидро­метеорологиялық қызметтің бас­­ты үйлестірушісі «Қазгидромет» жүзе­ге асырады. Осы тәсіл бойынша Елек өзе­ніне де ай сайын бақылау жұмыс­та­ры жүргізіліп жүр. Осы орайда оқыр­ман­дарды «Қазгидрометте» жинақталған мәлі­метпен таныстыра кеткеннің артық­шы­лығы жоқ.

Яғни, Елек өзенінің хроммен жоғары деңгейде ластану дерегі 2015 жылдың ақпан айында тіркелген. Бұл кезде оның мөлшері рұқсат етілген шекті шоғыр­ланудан 10 есеге асып түсті. Соны­мен бір­ге бақылауға сәйкес 2018 жылдың жел­тоқсан айынан бастап Елек өзенінде алты валентті хром концентрациясының тағы да өсу көрінісі тіркелген. Бұл арада көңіл­ге медеу тұтатын бір-ақ нәрсе бар. Сол уақыттан бері Елек өзеніне сарқынды сулар­ды заңсыз ағызу деректері тіркелген жоқ. Мұның өзі қосымша ластану ошағы пайда бола қойған жоқ деген ұғыммен пара-пар.

– Елек өзенінде алты валенттік хром мөлшері бірде азайып, бірде ұлғайып кетуі үдерісін табиғаттағы әртүрлі өз­геріс­термен байланыстыра қарауға болады. Ауа райының қолайсыздығы, ыл­ғал мен жауын-шашынның аз түсуі, жаз кезінде жерүсті суларының тартылуы зиянды заттардың бой көтеруінің бас­ты себепшісі. Соңғы бір-екі жылдың ара­­лығындағы құрғақшылық осы теріс көрі­ністің бой көтеруіне әкеліп отыр, – деді Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

Ол экология департаменті тарапынан Елек өзеніне ай сайын бақылау жүр­гізілетінін айтады. Өз кезегінде бақы­­лау­лардың қорытындысы бойынша жинақ­талған деректер мен өзге де атқа­рылған іс-шаралар Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрлігіне жолданады. Қысқасы, өңірдегі атқарушы органдар мен экология департаменті өз құзыреттері мен мүмкіндіктері шеңберінде Елек өзенін құтқару жөнінде біраз істі атқарып келді.­ Соған қарамастан, Елек өзенін алты ва­лент­ті хромнан тазарту жөніндегі проблема толық шешімін тапты деп айтуға әлі ерте.

Мәселен, Елек өзенінен су алуды тоқтату және су қорының мөлшерін бел­гілеу жөніндегі мәселе күрделі күйін­де қалып отыр. Осы арада тағы бір айта кетерлік жайт, өзеннің хроммен бүлі­нуіне Ақтөбе ферроқорытпа зауыты да сүбелі үлес қосып отыр. Ендеше, осы қуат­ты кәсіпорын АХҚЗ-ның тәжірибесі негізінде ластанған жерасты суларын тартып шығарып, содан кейін оны тазартып өндірістік қажеттіліктерге жаратса, тиімді болар еді демекпіз. Мұндай сипаттағы жұмыстар соңғы рет сегіз жыл бұрын, яғни 2012 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тарапынан жүргізіліпті. Мұның алдында белгіленген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік сатып алу бойын­ша конкурс өткізілген. Аталған жоба­ға сәйкес жұмыстарды осы конкурста ұтып шыққан «Геотерм» өндірістік коопе­ративі ЖШС атқарған. Соның нәтижесінде жерасты суларында хром мөл­шері белгілі бір деңгейде азайған. Әйтсе де арада екі жыл өткен соң Елек өзенін тазалау жұмыстары пышақ кескендей тыйылып, тоқтап қалғаны өкінішті-ақ.

Алты валентті хромның қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсері қандай? Бұл улы, уытты әрі канцерогенді элемент. Соның ішінде алты валентті хром әр­­түр­лі созылмалы дерттердің күшеюіне, тамақ-мұрын қуыстарының бітелуіне, аллергиялық аурулардың асқынуына, ең қауіптісі, адам ағзасының бойында өкпе рагы таяқшаларының пайда болуына әсерін тигізеді.

Бүгінгі ахуалдың алаңдатарлық тұс­тары да дәл осы арада. Елек Жайыққа құя­тынын ескерсек, бұл мәселеден Жайық­тың бойын жайлаған қалың ел де айналып өте алмайтыны айдан анық. Мемлекетіміздің басты байлығы адамдар, ұлттың денсаулығы екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде Елек өзенінде қалыптасқан күрделі экологиялық проб­лема оң шешімін табар деген үміттеміз.

 

АҚТӨБЕ

 

Соңғы жаңалықтар