Хоккей • 15 Ақпан, 2020

ҚХЛ: «Барыс» жеңіске жетті

328 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын елордалық «Барыс» «Сочи» клубын қабылдады. «Барыс Арена» стадионында өткен тартысты бәсекеде жерлестеріміз қарсыластан басым түсті. Ойын 3-2 есебімен аяқталды.

ҚХЛ: «Барыс» жеңіске жетті

Ойын бастала салысымен қауіпті шабуылмен бірін-бірі алма кезек мазалаған командалар есепті аша алмай әуреге түсті. Тек бірінші кезеңнің аяқталуына 2 минут уақыт қалғанда «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев есепті ашты. Бұл оның осы маусымда соққан 7-шайбасы.

Екінші кезеңде де дәл осыған ұқсас жағдай болды. Төреші ысқырығы шалына салысымен 2 минуттан кейін «Барыстың» 14-номердегі ойыншысы Кёртис Волк соққан шайбы қарсылас команданың қақпа бағанасына тиіп, кері серпілді. Соған қарамастан шабуылшы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, шайбаны қақпаға тоғытып үлгерді. Бұған мұз айдындағы төрешілер күмәнмен қарағандай болды. Десе де ойын барысын қайталап көрген төрешілер соққыны нәтижелі деп ұйғарым жасады. Осылайша «Барыс» есепті еселеп кетті. Екінші кезеңнің аяқталуына 6 минут қалғанда қонақтардың бір ойыншысы тәртіпсіздігі үшін ескерту алып, екі минутқа ойыннан шеттетілді. Бұл – елдордалық клуб үшін есепті арттыруға үлкен мүмкіндік еді. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Әріптесінің пасынан кейін, «Барыс» қақпашысына қарай ұмтылған «Сочи» хоккей клубының 93-номердегі ойыншысы Сергей Шмилеов есепті қысқартты. Таблода есеп – 2-1. 

Алғашқы екі кезеңде жерлестеріміз ойынның басым бөлігін шабуылда өткізді. 

Ал ойынның үшінші кезеңі басталғанына көп өтпесе де, қонақтар таразы басын қайта теңестірді. Бұл жолы «Барыс» қақпашысын қарсылас команда сапынан Мальте Стрёмвалль қапы қалдырды. Көп ұзамай «Барыс» шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде Джесси Блэкердің пасын сәтті пайдаланған 95-номердегі ойыншы Дмитрий Шевченко есепті өзгертті. «Барыс» - қайтадан алда. «Сочи» хоккейшілері адуынды шабуылдар ұйымдастырғанмен нәтижелі ұпай ала алмады. Соңғы кезеңнің соңғы секундтарына дейін барын салған сочиліктер үйлеріне құр сүлдері қайтты. «Барыс» жеңіске лайық ойын өрнегін көрсетті. 

Айта кетейік, «Барыс» келесі ойынын 18 ақпан күні «Барыс Арена» стадионында «Сибирь» хоккей клубына қарсы өткізеді.