Қазақстан • 17 Ақпан, 2020

2020 жылы қызметкерлерді сертификаттаудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіледі

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылы пилоттық режимде жаңа сертификаттау және қызметкерлердің біліктілігін тану жүйесін сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша алқа отырысында ведомствоның басшысы Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.

2020 жылы қызметкерлерді сертификаттаудың жаңа жүйесі сынақтан өткізіледі

Министрліктің хабарлауынша, Біржан Нұрымбетов өз сөзінде Үкімет пен Еңбекмині Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізгенін атап өткен. Оның негізгі элементтері қазірдің өзінде қалыптастырылған, сондай-ақ Дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауымен 2019 жылы 2784 мамандық бойынша 480 кәсіптік стандарт бекітілген. Сонымен қатар кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады.

Әлеуметтік және еңбек саласын, оның ішінде Ұлттық біліктілік жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу үшін Ұлттық кеңес құрылды.

Кадрларға қажеттілікті болжау жүргізіледі. Болжам жыл сайын қысқа мерзімді кезеңге (1 жыл), орта мерзімді кезеңге (5 жыл), ұзақ мерзімді кезеңге (2050 жылға дейін) қалыптастырылады.

Болжамдау нәтижелері мамандарды даярлау үшін (ТжКБ, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар) мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде қысқа мерзімді оқытуды ұйымдастыруда пайдаланылады.

«2020 жылы жаңа сертификаттау және қызметкерлердің біліктілігін тану жүйесін пилоттық сынақтан өткізу жоспарланған. Ел Президентінің сайлау алдындағы бағдарламасының міндеттерін іске асыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктердің атласы әзірленетін болады. Атлас 9 басым сала бойынша жаңа, өзгермелі және талап етілмейтін кәсіптерді біріктіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс, тау-кен металлургиясы басым салаларға жатады.