Аймақтар • 17 Ақпан, 2020

Ауыл шаруашылығы: Сиыр бар, сауыншы жоқ

335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестік кезеңде арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірген ауыл шаруашылығы мамандары салалық құрылымдарға жолдама бойынша жіберілетін. Сондықтан да социалистік жүйе бойынша құрылған совхоздар мен колхоздар зоотехник-селекционер, ветеринар, агроном, инженер-механик секілді мамандардан аса бір зәрулік көре қоймайтын. Бүгінде сол дәуірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін шаруашылықтардың орнында негізінен фермерлер мен шаруа қожалықтары қызмет атқарып жүргені мәлім.

Ауыл шаруашылығы: Сиыр бар, сауыншы жоқ

Олардың дені басты инфрақұрылымдық жүйелерден қашықта, желдің өті мен жердің шетінде орналасқаны да жасырын емес. Атап айтқанда қазіргі кезде Ақтөбе облысында 7500-ден астам фермер мен шаруа қожалықтары тіркелген. Бұл аз күш емес. Ауыл шаруашылығы өнімдері түрлерінің сексен пайызын өндіретін ұсақ және орташа құрылымдар өздеріне қажетті мамандарға зәру болып отыр.

Оларды маман тапшылығынан құтқарудың басты жолдары қандай болмақ? БүгІнде бұрынғыдай жолдамамен жіберілетін мамандар жоқ. Болған күннің өзінде де өзектілігін жоғалтқан. Сонда не істеу керек? Бұл үшін бұған дейінгі  аталған мәселені арнаулы немесе жоғарғы оқу орны, оны аяқтайтын түлек және жұмыс беруші арасында жасалған үш жақты келісімдер арқылы шешу жолдары белгіленген болатын. Мұндай тәсіл мен көзқарас белгілі бір уақыт аралығында тиісті нәтижесіне де бергенін жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де соңғы кезде мұндай келісімшарттардың арқауы босап, тіні тарқатылып кеткені айқын сезілуде.

Екіншіден, арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандардың шалғайдағы шаруа қожалықтарына барғысы келмейтіні де тұйыққа тіремей қоймайды. Бүгінгі өзекті мәселенің бірі осы десек, шындықтан ауытқи қоймаспыз. Соның салдарынан облыс аудандарында бірінші кезекте ветеринар, тракторшы-механизатор және сауыншы секілді қарапайым мамандарға деген сұраныс көлемі өсе түсуде.

Әрине облыс орталығында аталған санаттағы мамандарды әзірлейтін кәсіптік орта білім беретін оқу орындары жеткілікті. Бұл істің басында Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі тұрады. Олар нарық сұранысына сай кадрлерді әзірлемейді десек ұшқарлыққа ұрынар едік. Мүлдем бұлай емес. Керісінше өз деңгейінде оқытылып келеді. Бұған сын тағу қиын. Әйтсе де соңғы кезде аталған оқу орындарындағы  материалдық-техникалық база  деңгейінің төмендеп кеткені, оның жұтаңдығы қажеті іске қол байлау туғызып жүргені жасырын емес. Сонымен бірге мұнда бұған дейін қалыптасқан жұмыс берушілер  мен қарым-қатынастардың азайып, әлсірей бастағаны да байқалып қалады. Егер аталған іс алдағы уақытта жүйелі түрде қайтадан жолға қойылатын болса – тиісті нәтижелерге жетуге жол ашылары анық.

Әйтеуір бұл мәселе Ақтөбе облыстық Білім басқармасының назарында болып отырғаны көңілге бір медеу. Яғни аталған басқарманың шешіміне сәйкес бұдан бірнеше жыл бұрын кейбір жұмысшы мамандықтарын дуалды жүйе бойынша оқыту шаралары алынған. Бұл тәсіл қысқа мерзімге есептелген. Білім басқармасының техникалық кәсіби білім бөлімінің жетекшісі Венера Шавкилованың айтуы бойынша, оқытудың мұндай жүйесі мен тәсілінің тиімділігі жоғары. Бұған айтарлықтай көп қаражат жұмсалмайды.

Керісінше, оның пайымдауынша, салалық колледждерде студент-оқушының бір жылдық оқу ақысына мемлекеттен 350 мың теңге жұмсалады екен. Жарайды, сонымен бұл қаражат өзін-өзі ақтап, қайтарымын берсе, бұған ешкімнің таласы бола қоймас. Әйтсе де колледжді аяқтағаннан кейін оқуының ақысына жоғары баға төлеген түлек шалғайдағы шаруашылықтарға барып жұмыс істейтініне ешкім кепілдік бере алмайды деді ол бұдан әрі.

Басқарма тарапынан белгіленген дуалды оқыту жүйесінің өрісі жылма-жыл өсіп келетініне де мысалдар бар. Айталық, Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы жұмыс берушілерді  ауыл шаруашылығы мамандарымен қамту үшін дуальды оқыту жүйесін таңдапты. Материалымызды түйіндей келе жоғарыда аталған үш жақты келісімнің жігі ажырауы сырының мәнісі неде деген мәселеге де тоқтала кеткенді жөн көреміз. Өйткені ұсақ фермерлер мен шаруа қожалықтарының қаржылай мүмкіндіктері шектеулі екені белгілі. Соның салдарынан олар маман-кадрлар әзірлеу жөніндегі келісімшарттардан да бойларын аулақ салуы әбден мүмкін.

Қазіргі кезде жергілікті және жоғары атқарушы органдар тарапынан басты қолдау негізінен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен агрофирмаларға жасалып жүр. Мүмкін бұл дұрыс та шығар. Әйтсе де материалдық игіліктің басым бөлігін өндіретін ұсақ шаруа қожалықтары солардың тасасында қала беретінінімен келісе қою қиын, - деп мәлімдеді газет тілшісіне Алға ауданындағы «Тілеу» шаруа қожалығының жетекшісі Александр Мандрыкин. Орташа және ұсақ шаруашылықтардың бәрі бір күнде төрт аяғынан тең басып, іріленіп кете алмайды. Сондықтан да адымын ашып, бауырын жазу үшін оларға мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемін көбейту қажет. Сол кезде олар бүгінгі күні тапшылық көріп отырған маман мәселесін де түбегейлі шеше алады деп түйіндеді өз ойын алғалық фермер.

Терең түрде зерделеп, кілтін іздестіре білсе, шешімін таппайтын мәселе жоқ десе де болады. Бүгінгі кезде шалғай өңірлерде қоныстанған фермерлер мен шаруа қожалықтары бастан кешіп жүрген мамандар зәрулігіне де осы тұрғыдан ой жүгірту қажет деп санаймыз. Бұл олқылықты толтырудың кейбір жолдары мен тәсілдері жоғарыда айтылды да. Сіз бұған не дейсіз?

 

АҚТӨБЕ