Аймақтар • 18 Ақпан, 2020

Бала қауіпсіздігіне – басты назар

830 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Арыс қаласында мектеп оқушысы мен колледж студенті төбелесіп, соңғысы құрдасынан жеңіліп қалады. Оған арланған бозбала көмекке достарын шақырып, 10-сыныптың оқушысын пышақпен жарақаттаған. Осы оқиғаға қатысты «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, мән-жайы анықталып жатыр.

Бала қауіпсіздігіне – басты назар

Иә, өкінішке қарай жасөс­пірім­дер арасында болмашы дау­дан басталған жанжалдың соңы біреуінің майып болуына соқты­ратын оқиғалар жиілеп тұр. Бала­лардың өмірі, денсаулығы және әл-ауқаты – елімізде басым­дық беріліп отырған бағыттың бірі. Дегенмен, бүгінгі таңда назар аударатын, уәкілетті органдардың жұмы­сына түзетулер енгізуді талап ететін бірқатар мәселе бар.

Мысалы, балаларды зорлық-зомбылықтан, соның ішінде жыныс­тық қол сұғушылықтан қор­ғауды қамтамасыз ету мәсе­лесі, балалар суицидін алдын алу тетіктерінің тиімді жұ­мыс істемеуі өзекті. Тек соң­ғы жылда Түркістан облысында прокурорлар кәмелетке тол­мағандар ту­ралы заңнаманы бұзу­дың 120-дан астам фактісін анық­тап, бұл бұзушылықтарды жою­ға бағытталған 67 ықпал ету ша­­раларын қабылдапты. Жас­өс­пі­рімдер қылмысының алдын алу, тұрмыстық қиын жағдай­да жүрген отбасылармен жә­не балалармен жұмыс істеу­де кемшіліктер де жоқ емес. Түр­кіс­тан облысында алғаш рет өт­кен «Қауіпсіз балалық шақ» ашық форумында жоғарыда атал­ған деректер, көтерілген мәселе­лер­мен қатар атқарылған жүйелі жұ­мыс­тардың нәтижесі де мәлім етілді.

Өңірде өткен жылы балалар арасындағы суицид 9,5%, жы­ныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс 22,7%, кәмелетке толма­ғандармен жасалған құқық бұ­зушылық 4,4%, оларға қатысты жасалған қылмыс 7,7%-ға тө­мендеген. Былтыр 732 бала об­лыстық ювеналды полиция есебінде тұрған, ал алдыңғы жы­лы бұл көрсеткіш 739 болатын. Алдыңғы жылы облыста жас­өс­пірімдер арасында 106 (41-і аяқ­талған, 65-і оқталған) суицид оқи­ғасы тіркелсе, 2019 жылы 80 (38-і аяқталған, 42-сі оқталған) оқиға тіркеліп отыр. Бүгінгі таңда «REFRAME» тұл­ғалық дамыту орталығымен об­лыстағы барлық 1277 педагог-пси­холог «Бестерек» жобасы аясын­да жасөспірімдердің арасында суи­цидтің алдын алу бойынша курс­тар­дан өтуде. Оған жергілікті бюд­жеттен 44 млн 695 мың тең­ге қарастырыл­ған. Сонымен қатар оқушыларды қо­сымша білім­мен қамтуды 70 па­йызға жет­кізу мақсатында 11 ауданда «Оқу­шы­лар үйлері» ашылуда. Об­лыс әкімі, жергілікті атқару­шы ор­­ган­дар­­дың басшылары, қала, аудан әкімдері, құқық қорғау және ба­қы­­лау органдарының басшылары, қо­ғам­дық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер қатысқан форумда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәме­летке толмағандардың проб­ле­ма­лық мәселелерін барлық мүд­­делі органдар және қоғам өкіл­дерімен ашық диалог форматында талқылаудың өзектілігі мен қа­жеттігін атап өтті. Прокурор, сондай-ақ қазіргі таңда құқық бұзушылықтың профилактикасы алдыңғы қатардағы мәселелерге енгенін айтып өтті. Ашық форум алаңында балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін, оның ішінде балаларды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін және басқа да теріс әрекеттер жасау ниетін туғызатын ақпаратты таратуға қатысты мәселелер де қозғалды.

Облыста 0-18 жас аралығында 853 мың бала бар. Олардың қауіп­сіздігі мен құқықтарын қорғау, жалпы орта біліммен қамту бо­йынша облыстық бюджеттен 51,5 млрд теңге қарастырылған. Түр­кістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшы­сы Р.Жолаевтың айтуынша, өңір­дегі 905 мектептің 681-і типтік, 172-сі ыңғайластырылған, 52-сі саманды. Соңғы кезде балалар қауіпсіздігіне қатысты жиі айтылып жүрген дәретхана мәселесі толық шешімін табуы үшін қаржы керек. Орта есеппен 584 мектептің ішкі дәретханасын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге жалпы 3 млрд 796 млн теңге, ал 172 мектептің сыртқы дәрет­ханасын ішке кіргізуге жер­гілікті бюджеттен 946 млн тең­ге қаржы қажет. Сонымен қатар басқарма басшысының айтуын­ша, 716 мектепке септик және су кіргізу орта есеппен 2 млрд 076 млн теңгені қажет етеді. Мектептердің қоршауларын қайта жарықтандыру, ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары да қаржыға қарап тұр. Өңірде 85 елді мекенде мектеп жоқ, ондағы күн­делікті тасымалданатын бала­лардың саны – 6623. Осыншама балаға бүгінде 160 автобус қызмет көрсетеді, тағы 50 автобус қажет. Басқарма басшысының айтуынша, автобустардың қажеттілігін шешу үшін облыстық бюджеттен 550 млн теңгеге сұраныс берілген. «Сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің тапсыр­масына сәйкес, 15 қаңтар мен 15 ақпан аралығындағы «Қауіп­сіз мектеп автобусы» акциясы іске қосылып, аудан, қала әкім­­діктері өздеріне берілген тапсыр­ма­ларды орындауда. Білім беру ұйым­дарында қауіпсіздікті, сани­тар­лық талаптарды күшей­ту мақ­сатында мекемелердің кіре­берісіне турникеттер орнату, мекеме аумағын бейнебақылау жүйесімен толық қамту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Облыс бо­йынша бейнебақылау орнатылған мектептер саны 883-ке жетті. Алайда облыс мектептерінде ор­наластырылған бейнекамералар бүгінгі таңда ескірген, кіреберіске, дәлізге және фойеге ғана орна­тылған. Министрліктің талабына сәйкес бейнебақылау жүйесін толығымен жаңғыртып, облыстағы мектептердің әрқайсысына 10 данадан бейнебақылау құралы орнатылуы және олар мектеп аумағын (асхана, әжетхана), спортзалды және кітапханаларды қамтуы тиіс. Қауіпсіздік мәселелерін толық іске асыру мақсатында басқарма мен полиция департаментінің келісімі бойынша бейнебақылау камералары жергілікті полиция жүйесіне қосылуы қажет», дейді Р.Жолаев. Бұл орайда бейнебақылау жүйесіне 632 млн теңге қажет екен. Бұдан бөлек, облыстағы жалпы білім беретін мектептерде турникет мүлдем орнатылмаған. Ал 1 мектепке турникет орнату – 11 млн тең­гені қажет етеді, яғни жалпы қажет­ті қаржы – 1 млрд 617 млн теңге.

Айта кетелік, өңірде ішкі іс­тер органдарында есепке алынған балаларды тәрбиелеп, психоло­гия­лық көмек көрсету мәселесіне ден қойылған. Осы орайда облыс әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Бес терек» жобасы жүзеге асуда. Бес түрлі маманның біріккен зерделеу жұмыстары жақсы нәтиже беріп отыр. Жаңа жобаға басқа облыстар да қызығушылық танытуда.

 

Түркістан облысы