Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Былтыр интернет-дүкендерде сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады

284 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында электрондық сауданы дамыту мәселелері туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Былтыр интернет-дүкендерде сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады

Сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов бүгінгі таңда бүкіл әлемде бөлшек саудадағы электрондық коммерция нарығы дәстүрлі сауданы ығыстыра отырып, озық қарқынмен өсіп келетінін атап өтті.

2019 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек электрондық сауданың әлемдік көлемі авиатасымалға билеттер мен іс-шараларға билеттер сатуды есепке алмағанда, $3,5 трлн-нан асты. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіштің жылдық өсу қарқыны 20%-дан асады. Бұл нарықта жалпы үлесі әлемдік нарықтың 71,3% құрайтын Қытай және Америка Құрама Штаттары көшбасшылар болып табылады.

«Біз ірі сауда орталықтары сауданың электрондық форматын белсенді түрде дамытып отырғанын көріп отырмыз. Соңғы 2 жыл ішінде АҚШ-та 10 мыңнан астам оффлайн дүкендер жабылды», — деді Б. Сұлтанов.

Электрондық коммерцияда маркетплейс деген құралдарға сұраныс артып келеді. Бұған мысал Аlibaba және Amazon электронды платформалары, олар Қытай мен АҚШ онлайн нарықтарының жартысына ие.

Электрондық сауданың тағы да бір тренді – бұл көбіне смартфондар арқылы сатып алу. Смартфондардың көмегімен тапсырыстарды рәсімдеуші сатып алушылардың үлесі бүкіл әлемде 54%-ды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 65%-ға жақындады.

Қазақстанда электрондық сауда нарығының көлемі 2019 жылы 1,8 есеге өсіп, 700 млрд теңгеден асты. Электрондық сауданың бөлшек саудадағы үлесі 1%-дық тармақ қосып, 3,7%-ды құрады. Бұл айтарлықтай өсу әлеуетін көрсетеді.

Бұл ретте, ішкі нарық қарқынды дамуда. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады, халықаралық интернет-алаңдары бойынша — 280 млрд теңге.

Сатып алулар саны 40,5 млн-ға дейін өсті. Бұл ретте ішкі нарықтың негізгі өсімі 2,5 есеге асып, 22 млн дананы құрады.

2019 жылы белсенді сатып алушылардың саны 72%-ға артып, 3,2 млн адамды құрады.

Қазақстанда 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Алайда, табыс салығын төлеуден босату түрінде салық жеңілдіктерін алу үшін 579 интернет-дүкен тіркелген.

Сондықтан, Б. Сұлтановтың айтуынша, нарықтың реттеу рәсімдерін қатаңдатпай, осы саланың заңды қызметін ынталандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды.

Тауарлар мен қызметтердің айналымының «ағаруын» дәлелдеу мысалы ретінде айтатын жайт, 2019 жылғы қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге артып, шамамен 14,4 трлн теңгені құрады. Бұл өсім POS-терминалдардың инфрақұрылымының дамуына, Қазақстан нарығына Apple Pay және Samsung Pay енуіне, банктердің клиенттерді бонустар мен кэшбектер арқылы ынталандыруына, сондай-ақ қоғамдық көліктің барлық түрлерінде қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді қолдануға байланысты.

2019 жылы электрондық саудада 36,8 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

2019 жылы Электрондық коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, қабылданды. Бұл құжаттағы шаралар 3 бағыт бойынша құрылымдалған, атап айтсақ: электрондық саудада экспортты арттыру, отандық кәсіпкерлерді электрондық саудаға тарту және инфрақұрылымды дамыту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық сауданы ілгерілету.

«Өткен жылғы жазда қойылған міндет электрондық сауда үлесін 5%-ға дейін жеткізу болды. Алайда, Сауда және интеграция министрлігі құрылғалы біз талдау жүргіздік. Соның нәтижесінде электрондық коммерция үлесін 10%-ға дейін арттыру деген амбициялық мақсат қойылды. Осыған байланысты, біз қосымша шаралар қабылдадық», — деді сауда және интеграция министрі. 

Біріншіден, қазақстандық компанияларды халықаралық электрондық платформаларда ілгерілету жөніндегі шаралар.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Интернет-экспорттаушы мектебі» бағдарламасы іске қосылды. Электрондық сауда алаңдарында бизнесті жүргізудің практикалық әдісіне 200 қатысушы оқытылды.

Бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлерге интернет-платформаларда ілгерілету бойынша тікелей қолдау көрсетілді. Мәселен, Alibaba халықаралық платформасына «Алтын жеткізуші» ретінде тіркеу үшін 50 компания іріктелді. Бұл премиалды мәртебе жаһандық аудиторияға қолжетімділікті, маркетплейс ішінде кешенді ілгерілету мүмкіндігін қамтамасыз етеді. 

Екіншіден, Қазақстанға халықаралық платформалар тарту жөнінде шаралар қабылданды.

Өткен жылы Министрлік «Wildberries» халықаралық компаниясымен инвестициялық жобаны жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойды. Оның негізгі мақсаты – аталған платформа арқылы қазақстандық тауарлардың экспортын арттыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымды құру және дамыту. Wildberries компаниясы Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушысы болып тіркелді. Бүгінгі таңда 21 қазақстандық компания Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения сияқты бағыттар бойынша осы платформадағы тауардың 594 түрін сатады.

Үшіншіден, электрондық сауда нарығы экожүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі шаралар.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе қалаларында күн сайын 350 мыңнан астам пошта жөнелтімдерін өңдейтін 3 фулфилмент-орталық жұмыс жасауда. 2025 жылға қарай олардың саны 19-ға дейін өседі. Бұл пошта жөнелтімдері көлемін 82,8 млн данаға дейін ұлғайтуға және мыңнан астам интернет-дүкендердің қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тауар өткізу инфрақұрылымды құру шеңберінде агро-логистикалық және көтерме-тарату орталықтары желісін цифрландыру жоспарланып отыр. Мәселен, олардың негізінде фермерлер мен көтерме сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңдары құрылады. Ақпараттық жүйе бізге тауар ағындарын қадағалауға мүмкіндік береді және теңдестірілген өңіраралық ағындарды қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, қазақстандық цифрлық сауда алаңдарын құруды қолдауға бағытталған шаралар.

Бүгінде нарықта шамамен 13 дамушы қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz басқа да маркетплейстер тауарлар мен қызметтердің шамамен 20 санаты бар.

Азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілді. Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazarда 85 теңге ғана тұрады.

Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр.

«Жалпы, сауданы цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге, сондай-ақ баға белгілеуді ашық етуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз», — деді Б. Сұлтанов. 

Бесіншіден, қоғамды электрондық саудаға белсенді қатысуға тарту.

Қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында Министрліктің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеуде. Бұл әлеуметтік маңызды әрі азық-түлік тауарларына бағаны мониторингтеуге мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, Министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа Заң жобасы шеңберінде «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көздеп отыр. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар