Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Автокөлік құралдары мен жиһаз сатып алу шығындары қысқартылады — Ә. Смайылов

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында басым емес бюджет шығыстарын қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндады.  Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Автокөлік құралдары мен жиһаз сатып алу шығындары қысқартылады — Ә. Смайылов

Президент 24 қаңтарда мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы басым емес шығыстарды қысқарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін шығыстарды талдау бойынша жұмыс жүргізілді және оларды қысқарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Ә. Смайылов атап өткендей, бұл ұсыныстар ағымдағы жылдың бюджетін нақтылау және келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетті қалыптастыру кезінде жүзеге асырылатын болады.

«Жалпы алғанда шығыстарды оңтайландыру бойынша жалпы сомасы 128,6 млрд теңгеге ұсыныстар берілді, оның ішінде мемлекеттік органдардан – 23 млрд теңге, өңірлерден – 26,6 млрд теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен – 79 млрд теңге», — деді Ә. Смайылов.

Мемлекеттік бюджет бойынша оңтайландыруға мынадай шығыстар ұсынылды: семинарлар, конференциялар өткізуге, автокөлік, жиһаз сатып алуға арналған шығыстар – 4,2 млрд теңге, іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеулер – 15,7 млрд теңге, өзге де өнімді емес шығыстар – 29,7 млрд теңге. 

Өз кезегінде Қаржы министрлігінің 2018-2019 жылдары бюджетті атқару негізінде әзірленген шығыстарды оңтайландыру, бюджет заңнамасының жаңа нормалары, сондай-ақ инвестициялық жобалардың толық және уақтылы игерілуін бағалауда шығыстарды оңтайландыру бойынша қосымша ұсыныстары бар. Осыған сәйкес, әкімшілермен бірлесіп 2020 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде ескеру үшін шығыстарды қосымша оңтайландыру мәселесі пысықталатын болады.

Өңірлер 26,6 млрд теңге сомасында қаражатты оңтайландыруды ұсынды, оның 72,5% Алматы және Түркістан областарының, сондай-ақ Алматы қаласының ұсыныстары.

Сондай-ақ Қаржы министрлігі 2019 жылға жергілікті бюджеттердің атқару қорытындыларын қарады.

«Біз өткен жылы өңірлердің  кірістері асыра орындалғанын көріп отырмыз, сонымен қатар,  бюджет қаражатының бос қалдықтары қалыптасты. Осыған байланысты, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен іске асырылатын жобалар бойынша өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін қосымша 7%-ға ұлғайту ұсынылады», — деді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, бұл шара республикалық бюджетте қосымша 36,9 млрд теңгеге қаражатты босатады.

Одан басқа, 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті Парламентте қорғау шеңберінде Үкімет дивидендік саясатты қайта қарау бойынша міндеттеме қабылдады, оның нәтижелері бюджетті нақтылау кезінде ұсынылатын болады.