Медицина • 19 Ақпан, 2020

Мұрат Әбенов: Халықтың трансплантолог дәрігерлеріне сенімі жоқ

401 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан» телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында тікелей эфирде Мәжілісте қарастырылып жатқан Денсаулық кодексінің жаңа жобасы талқыланды.

Мұрат Әбенов: Халықтың трансплантолог дәрігерлеріне сенімі жоқ

Тікелей эфирде қоғам қайраткері Мұрат Әбенов халық трансплантолог дәрігерлерге сенбейтінін айтты.

«Жақында екі трансплантолог дәрігер шетел азаматтарына орган сатып, ұсталып жатыр. Бизнес жасаған. Біз 3 мың адам кезекте тұр дейміз, ал ағза шетелге кетіп жатыр. Өкінішке қарай, халық трансплантолог дәрігерлерге сенбейді», - деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, жақында қоғамда шу шығарған Ақтөбедегі жас жігіттің ағзасын донорлыққа алу жағдайында жігіттің миы өлген.

«Медицина мамандары адамның жүрегі соғып тұрса да, миы өлсе оны қалпына келтіру мүмкін емес дейді. Осылайша ағзаны донорлыққа сұрайды. Ал 2014 жылы Мүфтияттың пәтуәсі бойынша жүрегі соғып тұрған адамның ағзасын донорлыққа алуға болмайды», - дейді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, донорлықтың басқа жағын да қарау керек.

«Біреудің туысқаны реанимацияда жатып, онңі емін ойлап отырғанда, дәрігерлер оны емдеумен жұмыс жоқ, оның ағзасы кімге сәйкес келеді деп іздеумен болады. Көп адамның қорқатыны сол ғой. Оны емдеуді емес, донорлыққа ағзасын алу туралы ғана ойлап кетеді. Сол жағын да ойлау керек», - деді ол.

Ал Транспланттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының міндетін атқарушы Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, миы өлген адамды қалпына келтіру мүмкін емес. Сонымен қатар ол Қазақстан ТМД елдері арасында Қазақстандағы трансплантология үшінші орында екенін айтты.