Парламент • 20 Ақпан, 2020

Еңбек көші-қонын реттеу – уақыт талабы

202 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар халықаралық ратификациялық заң жобасы мақұлданды.

Еңбек көші-қонын реттеу – уақыт талабы

Алқалы жиынның күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелердің бірі «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штат­­­тарының Үкіметі арасындағы Кон­­сулдық артықшылықтар мен иммуни­теттер туралы келісімді ратифи­кациялау туралы» заң жобасы жөнінде болды. Бұл туралы депу­т­аттар алдында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы ынты­мақ­тастық Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы АҚШ-қа ресми сапарының қорытындылары бо­йынша орнатылған кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді және одан әрі нығаюда. Қазақстан мен АҚШ арасында барлық деңгейде тұрақты саяси диалог жүргізілуде. Былтыр желтоқсан айында Премьер-Ми­нистр мен Сыртқы істер министрі АҚШ-қа сапарлады. Сонымен қатар осы айдың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Пом­пеоның Қазақстанға сапары болды. Елбасы сапарының қоры­тындысы бойынша Сан-Фран­цискода Қазақстанның Бас консул­дығын ашу туралы шешім қабыл­данды. Осылайша АҚШ аумағында – Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында қазір еліміздің екі Бас консулдығы жұмыс істейді. Ал біздің елде АҚШ тарапы үшін өңір­лік хаб қызметін атқаратын Ор­талық Азияда жалғыз Алматы қала­сын­дағы АҚШ-тың Бас консулдығы ғана бар.

– Ратификацияланатын келісім консулдық лауазымды тұлғалар мен олардың отбасы мүшелеріне дип­ломатиялық иммунитеттер мен артық­шылықтарды қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді реттейді. 1961 жылғы Дипломатиялық қаты­настар туралы Вена конвенциясына сәйкес Келісімнің негізінде екі мемлекеттің консулдық мекемелері, қорғалатын консулдық лауазымды тұлғалары, консулдық қызметшілері және олардың отбасы мүшелері юрисдикциялық иммунитеттермен қамтамасыз етілетін, салықтар, алымдар мен баждардан өзара босатылатын болады. Екі мемлекеттің өзара пайдаланатын иммунитеттері мен артықшылықтарын күшей­ту консулдық лауазымды тұл­ға­лардың және консулдық қыз­мет­шілердің қызметіне оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар Келі­сімді іске асыру Америка Құра­ма Штаттарында Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының мүдде­лерін ұсыну және қорғаудың тиім­ділігін арттырады. Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейді және Қа­зақ­стан Республикасы үшін теріс құқық­тық, саяси және әлеуметтік салдар­ларға әкеп соқпайды. Жалпы, Келісімді ратификациялау Қазақ­стан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай келеді, – деді Мұх­тар Тілеуберді.

Жалпы отырыста де­путат­тар «Қазақстан Республика­сы­ның Үкіметі мен Өзбекстан Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбек­стан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші кө­шіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырды.

Келісімге 2019 жылы 15 сәуір­де Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында екі елдің басшылары Ташкентте қол қойған болатын. Құжаттың мақсаты – тараптар мемлекеттерінде көші-қон ағындарын реттеу мен заңсыз еңбек қызметін болдырмау жөнінде шараларды жүзеге асыру.

– Келісімді ратификациялау екі елдің арасындағы еңбек көші-қон процестерін реттеуде ын­тымақтастықтың нығаюына ықпал етеді деп сенеміз. Ратификация бас­қа нормативтік-құқықтық акті­лер­ді қабылдау немесе оларға өз­ге­рістер енгізуді талап етпейді. Келі­сімнің күші екі ел арасын­дағы барлық еңбекші көшіп-қону­шы­ларға қолданылады және олар­дың қызметі мен құқықтарын қор­ғау мәселесін реттейді. Соны­мен қатар келісімде өкілетті мемле­кет­тік органдар белгіленген. Құжат­та өзара қатынастар бойынша ұлт­тық заңнаманың басымды­ғы реттелген және қызметкер­лер­дің, жұмысшылардың базалық кепіл­діктері бекітілген. Уағдалас­тықтарға сәйкес еңбекші мигранттар қабылдаушы мемлекеттің заңдары мен еңбек шартының талаптарына сәйкес демалуға, айналасындағы адамдар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы, – деді министр.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Қожахан Жабағиев 2019 жылы Қазақстанда 500 мың­нан аса еңбекші шетелдік жұмыс істегенін, оның 94%-ы Өзбек­стан­нан келгенін атап өтіп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрінен еңбекші көшіп-қо­нушылар қайда, қандай салаларда жұмыс істейтінін, отандық еңбек нарығын талдау мониторингін жүр­гізу жайын сұрады.

Бұл сұраққа жауап берген Біржан Нұрымбетов шетелдік жұмыс кү­шін тартудың екі түрі барын, соның бірі компаниялар, мекемелер, жеке тұл­ғаларға қатысты екенін айтты. Бұ­ларға жұмыс істейтін шетелдік­терге рұқсаттаманы Ішкі істер министрлігі береді. Былтыр жалпы 414 мың рұқсаттама беріліпті. Соның ішінде 117-сінің мерзімі созылған. Өз­бек­стан азаматтарының саны – 394 мың адам. Еңбек мигранттарының 82%-ы – құрылыс саласында, 9%-ы – кү­туші, тәрбиелеуші сияқты үй жұ­мысшылары, 6%-ы – бағбан, 2%-ы аспаз болып жұмыс істейді екен.

Сонымен қатар депутаттар «2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құра­лының шассиі паспортының) жә­не өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері пас­портының бірыңғай нысандарын енгізу және электронды паспорт­тар жүйелерін ұйымдастыру тура­лы келісімге Армения Респуб­ли­касының қосылуы туралы хатта­маны ратификациялау туралы» заңы­ның жобасына қолдау білдірді. Бұл құжатты жиналған қауым­ның назарына Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өс­кен­баев ұсынды.

Оның айтуынша, Келісім бірың­ғай кеден аумағында, өздігінен жү­ре­тін машиналардың және басқа тех­никалардың еркін айналысын қам­тамасыз етуге жағдай жасайды. Сондай-ақ Еуразиялық экономи­калық одақ мемлекеттерінің  аумағында шыға­рылған және тіркеуге жататын көлік құ­рал­дарына және техниканың басқа да түрлеріне берілетін паспорттың бірыңғай нысандарын, соның ішінде электронды нысандарын қолдану мәселелерін реттейді.

Қайырбек Өскенбаев Еура­зия­лық экономикалық комиссияның шешіміне сәйкес 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап ЕАЭО аумағында электронды паспорттар жүргізілуі тиіс болғанын, бірақ қазіргі таңда электронды паспорттарды енгізуді көлік құралдары бо­йынша 2020 жылдың 1 қарашасына дейін, өздігінен жүретін машиналар бойынша 2021 жылдың
1 қарашасына дейін ауыстыру жайы қозғалып жатқанын айтты.

Бұл процестің ұзаққа созыл­ғанына Нұрлан Нығматулин бас­та­ған депутаттар қынжылыс білдір­ді. Мәжіліс Төрағасы ЕАЭО аумағын­дағы көлік құралдарының электронды паспорты жүйесінің уақытында іске қосылмауы шетелдік көліктерге қатысты туындаған түйткілді жағ­дайға ықпал еткенін атап өтті. Ол осы іспен айналысқан, алты жылға со­зылған келіссөздерден нәтиже шығара алмаған шенеуніктердің жұмысының шикілігін алға тартты.

Бұған қоса жалпы отырыста депутаттар кейбір заңнамалық актілерге ана мен баланы қорғау мәсе­­лелері бойынша өзгерістер мен то­­лықтырулар енгізу туралы, сон­­дай-ақ аудиторлық қызмет мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жиын соңында әдеттегідей құзы­­ретті органдарға депутаттық сауал­­дар жолданды. Соның ішінде Екін­ші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс­тің 75 жылдығы қарсаңында атқары­латын іс-шаралар бойынша ұсыныстар айтылып, тағы бірінде студенттер жатақханасының тап­шы­лығы мәселесі көтерілді. Сон­дай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселесі кеңінен қозғалды.