Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Негізсіз тексеру – кәсіпке кедергі

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Шымкент қа­ласында жер теліміне байланыс­ты дау-шарлар көбейіп келеді. Мұның себебін әр­кім әрқалай айтып жүр. Бірі қалаға қосыл­ған елді мекендердің «ескі жыры» десе, енді бірі кезінде шаһардағы ауыл­ша­­руа­шылық мақсатындағы жер­лер­ді тұрғын үй салу бағыты бойынша заң­сыз заңдастырудан шыққан дейді.

Негізсіз тексеру – кәсіпке кедергі

 

Бүгінде осы мәселе үшінші мегаполис тұрғындарының біразының «бас ауруына» айналып отыр. Тіпті жаңадан бизнес бастаған кәсіпкерлердің алдынан да осы түйін кес-кестеуде.

Мәселен, былтыр Шымкентте 200-ден астам кәсіпкерден жер теліміне қатысты арыз түскен. Кәсіпке бет бұрғандардың басты мәселесі шаруашылығын шырқ иіруге ыңғайлы жер телімін таппау болып отыр. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шымкент қалалық филиалының директоры Нұрлан Қабыштаевтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке көптеп көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі ретінде үшінші мегаполисте бизнеске бет бұрғандар көбейіп келеді. Нақтырақ айтар болсақ, 2019 жылы Шымкент қаласында «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 1400, «Бизнес бастау» жобасымен 2955 азамат білім алған. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3602 азамат 200 АЕК көлеміндегі гранттық қаржыландыруға мүмкіндік алған.

Алайда жер телімінен бөлек, әкімші­лік кедергілерге тап болып негізсіз тек­серу­лермен әлекке түскен іскерлер де жоқ емес.

«Қалада кәсіпорындар мен кәсіпкер­лерді негізсіз тексеру әлі де белең алуда. Кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын көтеруде де бірқатар шараны жүргізіп жатырмыз. Осы бағытта прокуратурамен серіктестікте жұмыс жүргіземіз. Кө­біне бизнес өкілдерінің белгілі бір­ заңнамаларды білмейтіндігінен қиын­­дықтар туындап жатады», дейді Н.Қа­быштаев.

Мұнан бөлек, өткен жылы бизнесті қорғау бойынша Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасына 221 өтініш келіп түскен. Оның 193-і қаралса, 75-і оң шешімін тауыпты. Барлығы 854 млн теңгеге бизнес мүддесі қорғалды.

407 жекеменшік мектепке дейін­гі ұйымдарда бюджет қаражаты есе­бінен қаржыландыру Білім және ғылым министрлігі бекіткен әдістемеге сәйкес жүзеге асырылмағаны анықталып, қа­ла­лық бюджеттен 294 млн теңге қо­сым­ша қаржы бөлуге ықпал етілсе, Фар­мация саласындағы бизнесті негіз­сіз тексеру тоқтатылды. Сон­дай-ақ қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысының «ShymkentBus» басқарушы компаниясы» ЖШС автобустарын конкурссыз жіберу туралы заңсыз бұйрығы жойылды. Басқарманың 2 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Былтыр Шымкентте мемлекеттік сатып алудың жалпы сомасы 154 млрд теңгені құраған. Сатып алудағы жергілікті қамту үлесін тендер алдындағы бақылау аясында Шымкент қаласы әкімінің өкімімен комиссия құрылып, оның жұмыс регламенті бекітілген. Нәтижесінде бірнеше фактілер анықталған. Соның бірі отандық өнім өндірушілердің тауарларын алға жылжыту жөнінде туындаған проблемалар екен. Жергілікті өнім құ­нының жоғарылығы, сапасының төмендігі, импорттық шикізатқа тәуел­ділігі, бірқатар тапсырыс берушілермен бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мәселенің күрмеулі түйіні болған.

Палата директорының айтуын­ша, бірқатар сатып алуларды өз қызмет­теріміз деп көрсеткенімен, нақты та­уарлар сатып алынады екен. Сонымен қатар сатып алуларда отандық өнім өндірушілердің өнімдерін өткізуді қолдау және қамтамасыз етуде палата қолдау білдіруде. Аталған мекеме былтыр тауарды өткізу бағытында бірқатар жұмыс атқарған. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін қаладағы супермаркеттерге өткізуге жәрдемдесу арқылы 13 келісімшартқа қол жеткізіп, 35 жаңа жұмыс орнын құруға септігін тигізген. 39 кәсіпорынды сүйемелдеу арқылы 10 кәсіпорын 6 экономикалық-сауда миссияларына қатысып, 8,6 млн АҚШ долларына контракт түзіпті.

Өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорыта келе сала басшысы алдағы жос­парларымен де бөлісті. Айтуынша, бірнеше жыл бұрын жабылып қалған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы қайта жанданбақ. Сонымен қатар нау­рыз айында ашылатын кәсіпкерлерге арналған орталықта бизнес өкілдеріне кешенді қызмет көрсетілетінін жеткізді.

 

Шымкент