Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Семейлік ғалымдар «Абай– би, Абай–заңгер» конференциясына қатысты

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы...» деп Сәкен Сейфуллин жырға қосқан кербез Көкшеде «АБАЙ–БИ, АБАЙ–ЗАҢГЕР» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің гуманитарлық ғылымдар магистрі Шырын Қауанова.

Семейлік ғалымдар «Абай– би, Абай–заңгер» конференциясына қатысты

Жас талап ғалым Шырын Әділқызының айтуынша, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған шара Ақмола облыстық соты мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бастамасымен жүзеге асырылған екен.  Ғылыми-тәжірибелік конференцияға Абай елінен келген Шәкәрім университетінің өкілдері де қатысып қайтыпты. Атап айтқанда,  Шәкәрім университетінің профессоры Назигүл Ғазизова «Қазіргі заман мен Абай шығармасындағы адам құқығының үндестігі» туралы баяндама жасап, Абай заманындағы қылмыстық істерге қатысты құқықтық құжат– Қарамола ережесінің көшірме нұсқасымен таныстырған.

Университет өкілдері конференция барысында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайынан арнайы алынған деректік материалдардан Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме жұмысын ұйымдастырып, қатысушылардың назарына ұсынған еді. «Рухани жаңғыру» Семей жобалық кеңсесінің ғылыми қызметкері Шырын Қауанова қатысушыларды көрме жұмысымен таныстырып, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің «Үш анық» философиялық трактатын келген қонақтарға ұсынды.

-Ғылыми шарада Абай арқылы қазақ елін өркениетке жетелейтін, рухани байытатын, абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктетін, ынтымақ пен бірлікке, білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке баулитын әрі адамзаттың жан дүниесіне ой салатын баяндамалар тыңдалды,-дейді Шырын Қауанова,- Пленарлық бөлімде Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Абайды ұлықтауға арналған жиынға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірсе, Жоғары соты төрағасының кеңесшісі Нұрлан Нұрахметұлы Қазақстан Республикасы Жоғары соты төрағасының құттықтау сөзін оқыды.

1

Танымдық конференцияға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының кеңесшісі Н.Қалқа, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ө.Озғанбаев, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің ректоры М.Сырлыбаев және Шәкәрім университетінің ғалымдары және Көкшетау қаласының жоғары және орта оқу орындарының басшылары, республикалық, облыстық сот саласының ардагерлері, облыстық құқық қорғау органдарының басшылары, судьялар, сот саласының қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен БАҚ өкілдері де қатысты.

Жиын барысында  Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Абайды тереңірек тану мақсатында ойшылдың даналық сөздерін оқу бойынша «Әр сөзінен ұғындырған ұлылық» тақырыбындағы эстафеталық челленджге 200-ге жуық судьялар мен сот қызметкерлерінің белсенді қатысқанын және 50-ден астам бейнематериалдың жарыққа шыққанын хабарлады. Игі іс-шараның жалғасы осынау маңызды ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласқанын айтты.

 

Семей