Парламент • 28 Ақпан, 2020

Дариға Назарбаева: Ауыл – біздің ұлттық болмысымыз

213 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенатта агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне арналған Парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Дариға Назарбаева: Ауыл – біздің ұлттық болмысымыз

Шара аясында ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. Сенат басшысы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығындағы түрлі сала өнімдері мен аграрлық ғылымның және «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі даму институттарының жетістіктерімен танысты.

Көрме барысында Сенат депутаттарына бірыңғай біріктіруші орталықтың қызметі таныстырылды. Орталық ТМД бойынша жануарлардың ветеринарлық ерекшелігін сәйкестендіруді белгілеуге арналған құралдар мен бұйымдар өндіретін жалғыз ұйым болып табылады. Сонымен қатар түйе етінен өнімдер мен консервілер жасайтын кіші зауыт жұмысы көрсетілді. Жоба ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру байқауының жеңімпазы болып табылады.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев отырысты аша келіп, Парламенттік тыңдаудың тақырыбы ел экономикасындағы проблемасы аса көп, халықтың тарапынан жиі сынға ұшырап жүрген, бірақ өте маңызды, мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар сала – аграрлық секторға арналып отырғанын айтты. «Палата Төрағасы Дариға Назарбаеваның бастамасы бойынша Сенатта еліміздегі 60-тан астам ауыл шаруашылығы аграрлық қоғамдық ұйымдар мен одақтардың, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өкілдерімен, осы салаға қатысы бар мемлекеттік органдар мен мекемелер басшыларының қатысуымен 12 арнайы кездесу өтті. Кездесулерде 200-ге жуық  ұсыныстар айтылды», - деді Ә.Бектаев.

Дариға Назарбаева сөз басында ауыл – біздің ұлттық болмысымыздың бесігі екенін атап өтті. «Қазақтың түп-тамыры ауылда жатыр, ауыл отаншылдықтың қайнар көзі және байырғы дәстүрлердің бұлағы. Сондықтан ауылды дамыту мәселелері әрқайсымызға өте жақын және түсінікті. Бұл ауылдық жерлерде тұратын 42 пайыз қазақстандықтарға ғана емес, барша Қазақстан халқына қатысты үлкен мәселе. Бүгінгі таңда жалпы табыстың өсуіне қарамастан, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсы емес екені туралы пікір білдіріп ешкімді таңғалдыра алмаймыз. Мүмкін елімізде ауылшаруашылығы өнеркәсіп ретінде осыған байланысты тоқтап тұрған шығар?», - деді ол.

Дариға Назарбаева өз сөзінде ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының негізгі саласы екенін атап өтті. «Халқымыз туған жерге ерекше құрметпен қарап келсе де, неге ауыл шаруашылығы көп жылдар бойы экономиканың проблемалы саласының бірі болып келеді. Сандық және пайыздық көрсеткіштердің өсіп жатқанына қарамастан, біз кейінгі 10 жыл аралығында саланың тоқырауға ұшырағанын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығының Жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді», - деді Сенат Төрағасы.

Д.Назарбаева сонымен қатар аграрлық секторды тұрақты түрде жүйесіз реформалау жылдары ауыл шаруашылығын дағдарысқа алып келгенін айтты. «Көбіне кестелер мен сандардың артында адамдардың нақты проблемалары тұрғанын көре бермейміз. Біз саланың әлеуметтік өлшеміне назар аударуымыз керек», - деді Палата басшысы. Сондай-ақ ауыл халқына инфрақұрылым объектілері қол жетімсіз болғандықтан олардың өмір сүру сапасы төмендегені және ондай жағдайда тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйі  қанағаттанарлық болмайтыны әрі туған ауылында тұруға деген ықылас азаятыны айтылды.

Парламенттік тыңдауда ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Қазақстандағы байланыс және әріптестік жөніндегі Бюро басшысы Қайрат Нәжімеденов және тағы басқалар баяндама жасайтын болады.

Агроөнеркәсіп кешені саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға депутаттардан басқа бірнеше аймақ басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері қатысуда.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленіп Үкіметке жіберілетін болады.